Тіл білсең – биікке жетесің!

Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани тірегі. Қазақ халқы үшін ана тілі – ғасырлар бойы сақталған тарихтың, салт-дәстүрдің, мәдениеттің айнасы. Қазақ тілін білу – тек қарым-қатынас құралына ие болу емес, ол – өз тамырыңды тану, еліңді құрметтеу, Отаныңды сүюдің белгісі.

Бүгінгі таңда қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тілді білу – әрбір азаматтың парызы. Тілді меңгеру арқылы біз ата-бабамыздың аманатына адал боламыз, ұлттық құндылықтарды сақтаймыз, тәуелсіздігімізді нығайтамыз.

2026 жылдың 23 ақпанында «Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ ЭЭ-25-3 тобының студенті Никулин Роман (пән оқытушысы Қ.Қ.Нұржанова) І-курс студенттерінің  өзге ұлт өкілдері арасындағы «Қазақ тілін білгенің – өз еліңді сүйгенің» тақырыбында факультетаралық пәндік олимпиадасына қатысып, «Ең әсерлі сөйлесім» номинациясы бойынша ІІ-орын иеленді.

Роман үшін бұл байқау тек жарыс емес, өзін-өзі сынау, тілдік қабілетін шыңдау мүмкіндігі болды. Ол дайындық барысында қазақ тілінің бай сөздік қорын меңгеруге, дұрыс дыбыстауға, ойын еркін әрі әсерлі жеткізуге ерекше мән берді. Әсіресе сахнаға шығып, көпшілік алдында қазақ тілінде сенімді сөйлеуі – оның табандылығы мен еңбегінің нәтижесі.

Студенттің айтуынша, олимпиада оған үлкен рухани серпіліс сыйлаған. «Қазақ тілінде сөйлеп, көрерменнің ықыласын сезіну – ерекше әсер. Бұл менің тілге деген құрметімді одан әрі арттырды», – дейді Роман. Оның пікірінше, мемлекеттік тілді меңгеру – тек оқу талабы емес, бұл – өзі өмір сүріп отырған елге деген құрмет пен сүйіспеншіліктің белгісі.

Никулин Романның жетістігі – тек жеке жеңіс емес, сонымен қатар өзге ұлт өкілдері арасындағы тілге деген қызығушылықтың айқын дәлелі. Бұл жетістік Қазақстан жастарының бірлігі мен ынтымағын, ортақ құндылықтарға деген құрметін көрсетеді.

Қазақ тілін білу – ел бірлігін арттырады. Бір тілде сөйлейтін халықтың ойы да, мақсаты да ортақ болады. Ортақ тіл – ортақ түсіністікке бастайды. Сондықтан мемлекеттік тілді дамыту – қоғамның дамуына тікелей әсер ететін маңызды фактор.

Жастар үшін қазақ тілін жетік меңгеру – болашаққа жасалған үлкен қадам. Тіл арқылы біз әдебиетімізді, тарихымызды, мәдениетімізді терең түсінеміз.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі