Тіл мәдениеті және калькасыз қазақ тілі

«Тіл – ұлттың жаны» деген жай сөз емес қой, негізі. Мәселен, жапондар тілдерін өзге ұлт өкілдерінің игергенін аса қаламайды екен. Себебі, онда ұлттың бар құпиясы мен коды жатыр. Және күріш өндіру саласында бұрынғы тәсілді қолданады. Яғни, ұлттық өнері арқылы ұмытылып бара жатқан сөздерді сақтап қалады. Осы сияқты ұлттық болмысқа сай келетін әрбір дүниеде қазақ тілінің құпиясы мен сыры жатыр. Алайда осы дәстүрді, қазақы тілдік норманы жоғалтып бара жатырмыз. Басқасы басқа, тілшілер қауымы калькаға көп жол береді. Тіпті, жазып отырған мақаламызда да біраз қате кетіп қалуы әбден мүмкін.

Арқаға белгілі редактор, тіл жанашыры, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм арнасының авторы, Джоун Роулиңнің әйгілі «Хәрри Поттерін» қазақшалаған Назгүл Қожабек келді. Қарағанды облысы Тілдерді жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығы әсіресе тіл мамандары, журналистер мен редакторларға өте пайдалы, қажет семинар ұйымдастырды.

Мақсат айқын. Мемлекеттік тілдің қоғамдық беделін көтеру қажет. Жазба тілдегі сауаттылықты арттырып, сала мамандары арасында тәжірибе алмасу алаңын қалыптастыру және тіл мамандарының кәсіби деңгейін жетілдіру.

– Қазақ тілі – құрылымы, табиғаты бөлек, мағына байлығы мол тіл. Аударма жасағанда сөзбе-сөз көшіру тілдің рухын жоғалтады. Сол себепті кальканы шектеу ғана емес, оның орнына ұлттық танымға сай нұсқаларды ұсыну – басты міндет, – деді кәсіби медиатренер Назгүл Қожабек.

Баяндамасында қазіргі ақпараттық кеңістікте жиі кездесетін тілдік калькалардың табиғатына тоқталып, қазақ тілінің ішкі мүмкіндіктері жеткілікті екенін нақты мысалдар арқылы дәлелдеп берді. Сонымен қатар, мәтін жазуда және аударма жасауда жиі жіберілетін қателер мен шала аудармалар жөнінде өз тәжірибесіне сүйене отырып кеңестер ұсынды.

Семинар модераторы – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Алмагүл Әділова болғанын айта кетейік.

Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *