Жастар – тәуелсіз елдің жемісі, болашақтың бастауы, қоғамның айнасы. Олар яғни біз – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің болмысымыз. Бізге артылған жауапкершілік те, сенім де өте мол. Бабаларымыздың аманатын арқалаймыз деп бүгінде сол жүкті көтере алмай, бір орнында тұрған жоқпыз ба?
Өркениетті қоғамның өлшемі – тек технологиясы мен экономикасында емес, оның мәнін ұлттық руханиятта жалғастыра білуінде. Біз еркіндіктің қадірін сезінбей, қолымызда мүмкіндік көбейген сайын, «тәуелсіздікті» табиғи нәрсе ретінде қабылдауға үйреніп бара жатқандаймыз. Ал шын мәнінде бұл еркіндік – қыршыннан қиылған жастар мен қан мен тердің арқасында келген қасиетті мұра. Халық арасында мұндай пікір көп болғанымен, бабалар жүгін көтеру, олардың аманаттарын арқалау – тек тарихын білу мен жаттауда емес, оның мәнін қазіргі өмірде жалғастыра білу. Ұлттың ұлылығын асқақтату ұранмен емес, мәдениетпен, мінезбен, біліммен өлшенеді. Тіліне немқұрайлы, тарихына салқын, адамгершіліктен жұрдай ұрпақ ешқашан өркениетті қоғам құра алмайды. Өркениетті ел болу үшін бізге өзгеден бұрын өзімізді өзгерту қажет. Жауапкершілікті мемлекеттен емес, әр жастың өз ар-ұжданынан іздегенде ғана ұлттық сана оянады. Бізге ақыл айту, біреуді тәрбиелеу оңай, бірақ бізге қарап біреу тәрбиеленгенін қаламаймыз. Сондықтан да, кінәмізді мойындамай, бір дүние бастауға кемшілік іздейміз де тұрамыз. Мәселен «халыққа не істеп пайдамды тигіземін? Осы жұмысты атқаратын Үкімет не істеп отыр?» деп ысыруымыз мүмкін. Алайда, әр адам жауапкершіліктің өзінен басталатынын сезінген жөн. Тәртіп талап ететін елде тәртіпсіз өмір сүріп, біреуге әділетсіздік көрсетіп, әділдік сұрап, өз ісіне салғырт қарау – сананың қайшылығы. Мемлекеттің кемшілігін көру оңай, ал сол кемшілікті түзетуге үлес қосу – нағыз азаматтың іс әрекеті. Біз сынды қоғамды айыптау үшін емес, өзгеріс жасауға пайдалануымыз керек. Егер жастар, өз жауапкершілік алған дүниелеріне жауап бере алса, заңға бағынса, адамдықтан аттамаса, қазақтың даналығын дәріптеп жүрсе,онда қоғам да,билік те соған сай өзгереді. Себебі билік – халықтан бөлек тұрған құрылым емес, халықтың өзінен шыққан бейне. Оған дәлел, ұлы ойшыл Абай атамыздың қара сөздері. Ол өзінің тоғызыншы қара сөзінде: «Осы мен өзім – қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жеккөрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді. Егер жеккөрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді» дейді.
Яғни бұл қара сөз күмән мен күйініштен басталады. Ол өз халқын шын жақсы көре ме, әлде керісінше жеккөре ме – соны өзі де ажырата алмай қалғанын айтады. Себебі қазақты сүйдіретін де, күйіндіретін де мінездер қатар өмір сүріп жатыр. Бір жағынан ел болам деген арман бар, екінші жағынан сол арманға кедергі келтіретін жалқаулық, жауапсыздық, орынсыз мақтан, бірін-бірі күндеу секілді қылықтар бар. Ұлы ойшылды қынжылтқаны – сыртқы жау емес, өз ішіміздегі кемшілік.
Осы кемшіліктерімізді қазірден құртып,көк байрағамызды әлемге танытудан шаршамауымыз керек. Абай аңсаған кемел қоғам билікті айыптаудан емес, сананы тәрбиелеп, оны дамытудан бастау алады…
Дана НҰРЖАНОВА,
студент
