Қазақ тілі – ғасырлар бойы ұлттың рухы мен жанының айнасы болып келген қасиетті тіл. Оның әрбір сөзі тарихтың үнін, ұлттың болмысын, даланың кеңдігін, ананың әлдиін бойына сіңірген. Бірақ уақыт алға жылжыған сайын әлем өзгерді. Қазір тіл тек сөйлесу құралы емес, ақпарат, технология, саясат және мәдениеттің бәсекелі кеңістігінде өзін сақтап қалуы тиіс тірі жүйе. Сондықтан қазақ тілінің заманауи кеңістіктегі рөлі жай ғана тақырып емес, ұлт тағдырының ең өзекті мәселелерінің бірі.
Бүгінгі әлемде ақпараттың жылдам таралуы мен жаһандану үдерісі көптеген ұлтты өз тілінен алыстатып барады. Қазақ қоғамы да бұл толқыннан тыс емес. Телефон, интернет, әлеуметтік желілер – бәрі де ағылшын мен орыс тілін күнделікті өмірге сіңіріп үлгерді. Жастар хабарламаны қазақша емес, аралас немесе басқа тілде жазуды қалыпты деп біледі. Ал бұл – тілді тұтыну мәдениетінің әлсіреуі ғана емес, ұлттық сананың көмескіленуінің белгісі.
Дегенмен үміт те жоқ емес. Соңғы жылдары қазақ тіліне деген қызығушылық жаңа деңгейге көтерілді. Бұл өзгерісті әсіресе жастар арасынан байқауға болады. Олар тілді тек сөйлесу құралы емес, өзіндік ерекшелік пен мақтаныш белгісі ретінде қабылдай бастады. Қазақша әндер трендке айналып, контент жасаушылар таза қазақ тілінде бейнебаян түсіріп, жаңа мәдени кеңістік қалыптастыруда. Бұл – тілді таратудың ең тиімді жолы.
Қазақ тілінің заманауи рөлі тек мәдениет пен өнерде емес, технология мен білімде де айқындалуы керек. Цифрлық дәуірге бейімделген тіл ғана өміршең болмақ.
Бүгінгі таңда қазақша интерфейс, қосымша мен сайттар саны көбейіп келеді, бірақ ол әлі де жеткіліксіз.
Тіл ғылым мен техника тілінде сөйлей бастағанда ғана оның болашағы нық болады. Осы тұрғыда жас мамандар мен ІТ саласындағы аудармашылардың рөлі ерекше. Олар тек аударып қана қоймай, тілді жаңа кеңістікке бейімдеп отыр.
Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Мектеп пен жоғары оқу орындарында қазақ тілінің мәртебесі нығайып, мемлекеттік қызмет саласында қолдану аясы кеңейіп келеді.
Бірақ тілдің тағдырын тек заң емес, халықтың жүрек түбіндегі құрмет шешеді. Егер әр қазақ баласы ана тілінде ойлап, сөйлеп, жазуға талпынса – онда бұл тіл ешқашан жоғалмайды.Тілдің қадірін ұғу – ұлттың өзін тануы. Қазақ тіліне деген сүйіспеншілік – бұл өткенге сағыныш емес, болашаққа сенім. Себебі тіл – ұлттың жаны, ал жансыз дене өмір сүрмейді.
Біз тілді сақтасақ, өзімізді сақтаймыз. Тілімізге қамқорлық жасау – ұлт алдындағы қасиетті борыш, ата-бабаның аманаты, ұрпақ алдындағы жауапкершілік.Бүгінгі таңда қазақ тілінің заманауи кеңістіктегі рөлі – тек коммуникация құралы емес, рухани тұтастықтың діңгегі. Ол мәдениет, ғылым, өнер, технология, саясат және күнделікті өмірдің барлық саласында лайықты орнын табуы тиіс. Қазақ тілі – өткеннің естелігі ғана емес, болашақтың да үміті. Сондықтан оны дамыту – міндет емес, парыз.
Қазақ тілімен сөйлеген әрбір үн – ұлттың жүрек соғысы. Сол үн өшпесін, сол жүрек тоқтамасын.
Аяжан АХАН,
студент