ТУҒАН ЖЕРГЕ ТАҒЗЫМ

Туған жер – қай халықта болсын өте қастерлі ұғым. Қоршаған ортаны аялау, Отанды сүю, туған өлкені құрметтеу дегенді жастайымыздан санамызға сіңіріп өстік. Бұл ғаламда туған мекеніне тебірене қалам тербеп, жыр арнамаған ақын жоқ шығар, сірә! Шыр етіп дүниеге келіп, кіндік қаны тамып, өскен-өнген жерін құрметтеу – әрбір азаматтың парызы. Жердің қай түкпірінде жүрсе де туған жер дегенде жүрек дүрсілінің өзгерері анық. Қандай жетістікке жетсе де оның түбінде әке қаны, ана сүті, атамекеннің текті топырағы бары рас. Сол себепті де еңбегі еленіп жүрген азаматтар арасында туған жерге ту тігіп, құрмет тұтатын жандар жоқ емес. Солардың бірі – Ресей Федерациясының муниципалдық қызметкері, мемлекет және қоғам қайраткері, Госдуманың депутаты болып сайланған, Ақадыр кентінің тумасы Мищеряков Юрий Николаевич.

Ұмытпасам, 2010 жылдың көктем айында маған Жаңаарқа ауданының әкімі Оспанов Сәкен Жайлаубайұлы телефон соқты. Ол кезде мен Ақадыр кенті әкімінің орынбасары қызметінде жүргенмін. Кент әкімі болса сол уақытта іссапармен жол жүріп кеткен.

Сәкен Жайлаубайұлымен екеуара әңгімеміздің арқауы былай өрілді: Ақадыр кентінде туған жерлесіміз, Орынбор қаласының мэрі Мищеряков Юрий Николаевич Қазақстан еліне, нақтылап айтқанда Жаңаарқа ауданы мен Ақадыр кентіне өзінің арнайы адамын, орынборлық «Однодворец» тарихи-генеологиялық бірлестігінің директоры Пчелинцев Константинді іссапармен жіберген. Жерлесіміздің мақсаты – өзінің тарихи отаны жайлы деректі фильм түсіру. Осыған байланысты жерлесіміздің өкіліне шаруасын жасауға қажетті көмек көрсетуімізді сұрады.

Қонағымызды қарсы алып, кентімізді аралаттық. Тұрған үйіне дейін алып барып, бейнефильмдеріне құнды материалдар жинап алуға көмек бердік. Менде ол кісінің сол уақыттағы кент әкімі А.Бидайбековтен өкіліне көмек беруге сұрап жазған хаты әлі күнге дейін сақтаулы.

Юрий Николаевич 1945 жылдың 16 ақпанында Қарағанды облысы, Жаңаарқа (қазіргі уақытта Шет) ауданы, Ақадыр станциясында дүниеге келген. Әкесі Мищеряков Николай Григорьевич геологиялық барлау экспедициясында геолог болып жұмыс атқарған. Анасы Мария Александровна 7 баланың тәрбиесімен үйде отырған.

Осы жерде сегізжылдық мектепте оқып, кешкі мектепті бітіреді. Өйткені көпбалалы отбасы болғандықтан ата-анасына көмек беру керек болады. Алғашқы еңбек жолын Ақадыр барлау экспедициясында слесарь-агрегатшы болып бастайды.

Одан кейін жоғарғы оқу орнына түсуге кетеді. Ресей елінің Орынбор қаласындағы политехникалық институтын тәмамдаған соң Машина жасау зауытына электр сынаушысы болып жұмысқа тұрады.

1969 жылы қалалық Жылу қазандықтары мен желілері кәсіпорнына жұмысқа жіберіледі. Алты жыл ішінде аға шебер дәрежесінен бастап кәсіпорынның директоры қызметіне шейін көтеріледі.

1976-1987 жылдары Орынбор қалалық Кеңесі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары, Башқұрт автономиялық республикасы Министрлер Кеңесінің, Халықаралық «Восток» концернінің жауапты қызметкері, Уфа қаласының «РР-Техник» кәсіпорнының аймақтық фирмасының басшысы болады. 1992 жылы Мәскеу қаласына ауысып осы фирманың бас компаниясының директоры болып тағайындалады.

Жерлесіміз әр жылдары политехникалық институттан басқа КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Халық шаруашылығы Академиясын, Халық шаруашылығы Академиясының Жоғарғы коммерциялық мектебін, Ресей Федерациясы Президентінің жанындағы Мемлекеттік қызметінің Академиясын тәмамдайды.

Юрий Николаевич 2000 жылы Орынбор қаласының мэрі болып сайланады. Осы қызметінде жүргенде Орынбор қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңаруына, көріктенуіне зор үлесін қосқан. Бірнеше рет Ресей Федерациясы бойынша ең үздік қала, ал өзі Бүкілресейлік конкурстарда «Үздік муниципалдық қызметкер» болып танылған.

2015 жылы Ресей елінің жоғарғы органы – Мемлекеттік Думаның депутаты болып сайланған.

Еңбегі жоғары бағаланып Ресей Федерациясы Президентінің Жарлығымен «Құрмет», «Халықтар достығы», «Бейбітшілік», І-дәрежедегі «Ресей жерін көркейткені үшін» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.

Юрий Николаевич облыс әкімі атынан Ақадырдың 70 жылдық мерейтойына құрметті қонақ ретінде шақырылған болатын. Алайда, сол кезде оның Еуропаға Ресей Президентінің делегациясының қатарында іссапары болғандықтан келе алмады. Ол үшін кешірім сұрап бізге арнайы телеграмма да салды. Кейін реті келіп жатса, туған жеріме келіп кетемін деп ниетін білдірді.

Атақты жерлесіміз біздерді өзіне қонаққа шақырып, қандай көмек керек екенін сұрап жүрді. Бірте-бірте ол кісімен хабарласу сиреп, арақатынасымыз үзіле бастаған еді…

Енді міне, соншама жыл өткеннен кейін «туған жеріме келіп кетемін» деген уәдесін орындағандай Юрий Николаевичтің өзі ат басын бұрып, туған топырағы – Ақадыр кентіне арнайы сапарын арнады. Бүгінгі таңда мерейлі 80 жасқа толған жерлесіміз Ресей Федерациясының Мәскеу қаласында тұрып жатыр. Түркия еліне сапармен барған жерінен Астана қаласына ұшақпен келген екен. Сол жерден тікелей біздің кентімізге бет бұрған.

Шет ауданының әкімі Мұхтаров Мұхит Сайлауұлы, оның орынбасары Кәрсембаев Дәурен Құралұлы, кент әкімі Қойшыбаев Мерей Жасұланұлы, жергілікті қоғамдастықтың төрағасы Сейітов Нұрлан Ахмедияұлы бастаған бір топ жігіттер құрметті мейманымызды жылұшырай қарсы алды.

Елдімекенімізде екі күн қатарынан болған Мищеряков Юрий Николаевич Желтоқсан көшесіндегі өзінің туып-өскен үйін көруден бастады. Темір жолға қарама-қарсы тұрған бұл үй осы күнге дейін сақталып келген. Мекендеп отырған тұрғындары да бар.

Одан кейін кенттегі Ә.Ермеков атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталық) жанындағы интернатта, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде болды. Қадірлі қонағымызды мектеп директорлары Н.С.Айдарбекова, Г.Ә.Түсіпова ұжым мүшелерімен бірге мектеп ауласынан тосып алып, ғимараттың ішімен, оқу процесімен таныстырды.

Ә.Ермеков атындағы мектеп жылдар өте жерлесіміздің бұрынғы оқыған №149 мектептің орнын басып, қазақ тілінде ғана оқытатын білім ошағына айналғанын біреулер білсе, біреулер біле қоймас. Мектеп ішін аралап жүргенде ұстаздардың бірі мектептегі «орыс тілі және әдебиет пәндерінің кабинетіне сіздің атыңызды берсек қалай болады?» деген сауалына: «Мен сіздерге бірден жауап бере алмаймын. Үйіме жетейін, қажет адамдармен ақылдасып, кабинетті қайта жаңартуға қол ұшымды ұсынып, көмек беруді қолға аламын» деп нақты жауабын берді. Соңында мектептің мұражайына өзінің кітабын, брошюраларын сыйға тартты.

Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінде болғанда да жерлесіміз арнайы кітабын, брошюраларын және әлемнің тұңғыш ғарышкері Юрий Гагаринге арналған кітапты сыйға тартты.

Юрий Николаевич әрі қарай кент әкімдігінің ғимаратына бет алып, қоғамдық негізінде жұмыс жасап тұрған кенттік мұражайды көріп шықты. Ол жерге де беретін сый-сияпаттары болды. Кент әкімінің кабинетінде болып, естелікке кітабын табыстады.

Сонымен бірге құрметті қонағымыз балалық шағындағы, жас кезіндегі ойындарын өткізетін Сандықтас, басқа да бос уақыттарын арнайтын жерлерді көріп масаттанып қайтты. Аудандағы, кенттегі жерлестерінің қонақжайлығына риза болған мейманымыз рақметін жаудырып, кіндік қаны тамған жерінен қуат алып, шаттанып кетіп бара жатқанын жеткізді.

Туған жерімізді қастерлеп, құрметтейік!

Қалижан БЕКҚҚОЖА,

Ақадыр кенті