Тыл ардагері

Еңбек адамды тәртіпке, бірізділік пен жүйеге әкелетін ең ұтымды идеология. Адами құндылықтар мен рухани әлемді байытады һәм дамытады. Сол жандардың бірі – жерлесіміз, тыл ардагері Әзімбек Кәрімов ақсақал. Ол кісінің өмірбаяны мен көрген қиындығы бір кітапқа жүк.

Кейіпкеріміз 1935 жылдың 15 мамырында (құжатта 1937 жыл деп жазылып кеткен) Қарқаралы ауданына қарасты Бадран ауыл кеңесінде (қазіргі Бүркітті) «Еңбексүйгіш» (қазіргі Кент) ұжымшарында дүниеге келген екен.

Әкесі – Кәрім Құдабаев пен анасы – Қажар Құдабаева екеуі де ұжымшардың қойын бағыпты.

«1942 жылы әкемді және онымен қатарлас азаматтарды соғысқа, «трудармияға» алып кетті. Сол кезде ауыл балалары шаруашылық жұмыстарына тартылдық. Жаздың, күздің күндері ерте тұрып шөп шабатын машинаға жегілген өгіздердің алдынғысына отырып (өгіз басына) қысқы мал азығын дайындауға көмектесетінбіз», – деп еске алады сол бір кездерді Әзімбек Кәрімов.

Күзде бидай орған кезде каток басатын болған. «Егістікте шабылмай қалған бидайды қолымызбен жұлып әкеліп қырманға үгендік едік» – дейді ақсақал.

Соңынан қыстақтарды жөндеуге жұмсайды. Шілік, қамыс қиып әкеліп қоралардың үстін жабатын болған. Қыста малға шөп шашатын қалқандар жасапты.

«Әкем қайтыс болған соң отарын қабылдап алып, 1968 жылға дейін қой бақтым. Сол жылы Қарқаралыға көшіп келіп, 1975 жылға дейін СПТУ-72 учхозында жылқы бақтым», – дейді еңбек жолын еске алып.

Одан соң Қарқаралы ДЭУ-314 жол мекемесінде суретші, жолдың аға шебері болып қызмет жасап, кейін осы мекеменің «Оянаға» қосалқы шаруашылығына зейнеткерлікке шыққанша басқарушылық жасаған. Көптеген марапатқа да ие болған екен.

Жұбайы – Рыстай Спанова 2021 жылы мәңгілік сапарға аттанған. Әзімбек ақсақалдан сегіз ұрпақ тараған. Немере-шөбері сүйіп отыр.

Қазіргі таңда Әзімбек Кәрімов Қарқаралы қаласында тұрады.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *