Төтенше жағдайлар министрлігі бүгін таңғы 6.00-дегі жолдарға қатысты өзекті ақпаратты ұсынды. Министрліктің мәліметінше, Қазақстанда ауа райының нашарлауына байланысты жолдың 122 учаскесі жабылған. Оның ішінде 42 жолда дизельмен жүретін жүк көліктері мен автобустардың қозғалысына тыйым салынғанғаны белгілі болды. Сондай-ақ, өңірлердің ішінде әзірге Қарағанды облысында ғана жолда автокөлік жиналғаны анықталды. Ведомство өкілдері қазір Қарағанды облысының Теміртау қаласынан шыққан тұсында 57 техника тұрғанын хабарлайды. Сонымен қатар осы тәулікте құтқарушылар 7 адамды, оның ішінде 5 баланы эвакуациялағаны мәлім болды. Бұған қоса ТЖМ уақытша жылыту пунктіне 56 адам орналастырылғанын, оның ішінде 11 бала бар екенін айтады.