1 наурыз – әрбір адамның жүрегін сағыныш сезіміне толтырып, табиғат-ананың түлеуін күткен көктемнің алғашқы сәті және Алғыс күні екені баршаға мәлім. Бұған қоса, бұл күн – құқық қорғау саласындағы ең жұмбақ та қызықты мамандық иелерінің төл мерекесі. Қылмыс болған жерге бірінші жетіп, соңғы нүктені қоюға көмектесетін криминалистердің жұмысы сырт көзге байқалмағанымен, әділдіктің орнауы үшін маңызы орасан.
Түп-тамырын сонау 1919 жылдың 1 наурызынан алатын криминалистика саласы, бүгінгі таңда өзінің 107 жылдық мерекесін тойлауда.
Бұл – кез келген ұсақ-түйектен үлкен шындықты іздейтін, «тілсіз» айғақтарды сөйлететін кәсіби мамандардың мерекесі және қылмыстың ізін суытпай ашып, әділ сот төрелігінің жүзеге асуына ғылыми негізде үлес қосып жүрген мамандарға құрмет көрсету күні.
Криминалистерді көбіне «үнсіз куәгерлермен тілдесетін мамандар» деп те атайды. Себебі қылмыс орнында адам сөйлемесе де, іздер сөйлейді.
Бұл күн – қылмысты ашуда, дәлелдемелерді зерттеуде және әділдікті орнатуда маңызды рөл атқаратын криминалистика мамандарына арналған кәсіби мереке.
Полиция қызметкерлерінің қиын да қарбалас жұмысының бағамы ең алдымен ашылған қылмыстармен бағаланады десек, осы қылмыстарды ашуда криминалист мамандардың атқаратын жұмыстары өте жауапты да маңызды.
Криминалист мамандығы былайша қарағанда, қарапайым мамандық болып көрінгенмен, оны игеру әр адамнан тынымсыз ізденіс пен еңбекті талап етеді. Өйткені, білікті криминалист болу үшін ғылымның әр саласынан хабардар болып, негізгі мамандығыңмен қоса, көптеген басқа да мамандықтарды жеткілікті дәрежеде меңгеру керек.
Бүгінгі жаһандану кезеңінде қылмыс түрлерінің күн өткен сайын күрделі сипат алып бара жатқанын ескерсек, небір күрделі қылмыстарды ашу криминалистердің мұқият және жүйелі жүргізген жұмысына тікелей байланысты.
Жасалған қылмысты ашуда криминалист маңызды рөл атқарады, ол тоналған пәтерге немесе кісі өлтіру және басқа да қылмыс орнына жедел іздестіру тобының құрамында бірінші болып кіреді – суретке түсіреді, саусақ іздері және басқа да іздерді тауып, тексереді, барлық заттай дәлелдемелерді жинайды. Күн сайын дерлік олар қылмыстарды ашуға көмектесетін қиын да күрделі міндеттерді шешуге мәжбүр. Олар көбінесе қиын жағдайларда – кез-келген ауа-райында және тәуліктің барлық уақытында өз жұмыстарын атқарады. Оған темірдей жүйке, зейінділік, ұқыптылық, мұқияттылық, шапшаңдық және жауапкершілік қажет.
Енді біз бұл мақаламызда осы саланың қалыптасу жолы, бүгіні мен болашағына қысқаша шолу жасап өтсек дейміз.
Қоғамның дамуы бір орында тұрмайды. Қоғаммен бірге қылмыстық іс-әрекет жасау тәсілдері де дамуда.
Қылмыс жасау бір немесе бірнеше адамдардың белгілі бір әрекет қимылдарынан тұратындықтан, қылмыс қандай жерде жасалса да, ол айналадағы ортаға әсер етіп, сол қылмыс жасалған жерде көптеген іздер қалдырылады.
Қылмыс орнында қалдырылған әрбір із – оқиғаның бір бөлшегі. Мысалы саусақ ізі, аяқ киім табанының бедері, сынған әйнек, қан тамшысы, оқтың гильзасы немесе басқа да көптеген іздер – мұның бәрі үнсіз куәгерлер. Олар өтірік айтпайды, эмоцияға берілмейді, тек шындықты сақтап, бейнелейді.
Криминалистердің міндеті – сол іздерді тауып, дұрыс бекітіп, ғылыми әдістермен зерттеп, олардың «айтқанын» түсіндіру. Бұл – заттай дәлелдемелерді ғылыми тілге аудару процесі.
Қылмыс көбінесе куәлардың қатысуынсыз жасалатындықтан ондай іздерді «тілсіз» айғақтар деп те атайды. Бір таңқаларлығы, көптеген жағдайда осы қалдырылған іздер тек сол ізді қалдырған адамға ғана тиесілі болады екен.
Криминалистика тарихы қарапайым, бірақ революциялық жаңалықтан – саусақ ізін зерттеуден басталады. Дактилоскопия қылмысты ашуда сенімді әрі дәл әдіс ретінде XIX ғасырдың соңында қалыптасты. Адам саусағындағы бедерлердің қайталанбайтыны дәлелденгеннен кейін, бұл әдіс бүкіл әлемге тарады. Қазақстан аумағында да XX ғасырдың басынан бастап, саусақ іздері арқылы сәйкестендіру тәжірибеге енгізіле бастады.
Алғашқы жылдары саусақ іздерін алу мен тіркеу толықтай қол еңбегіне негізделді. Криминалистер арнайы бояу мен қағазды пайдаланып, адамның саусақ бедерін, яғни дактокартасын түсірді. Дактилоскопиялық картотекалар арнайы шкафтарда сақталып, әрбір із белгілі бір жүйемен реттелді.
Әр дактилоскопиялық карта қылмыс орнынан алынған іздермен салыстырылды. Бұл – ұзақ уақыт пен зор шыдамдылықты талап ететін күрделі процесс болды. Ал енді осы саусақ іздері арқылы адамға идентификация жасаудың ғылыми негізіне келетін болсақ, ол әрбір адамның жекешелігіне негізделген.
Мысалы қазіргі кезде бүкіл дүниежүзінде сегіз миллиардқа жуық адам бар десек, осы адамдардың ешқайсысының саусақ іздері бір-біріне сәйкес келмейді екен. Ғалымдардың ықтималдық теориясы бойынша дәлелдеуіне сүйенсек, екі бірдей адамның саусақтарының іздерінің бір-біріне сәйкес келу мүмкіндігі 1:64 000 000 000 яғни, бірдің алпыс төрт миллиардқа қатысындай екен. Бұл дегеніміз, егер алпыс төрт миллиард адам болса ғана екі адамның саусақ іздері бір-біріне сәйкес келеді екен. Сол сияқты биологиялық іздердің көмегімен анықталатын ДНҚ да, тек қана сол адамға ғана тиесілі болады.
Қылмыс орнынан табылатын осындай іздер арқылы қылмыс жасаған адамды анықтап, қылмысты ашуға болады.
Криминалистика тарихы – бұл адамзаттың ақиқатты іздеу жолындағы интеллектуалды күресінің тарихы. Осыдан бір ғасыр бұрын алғашқы криминалистердің арсеналында тек үлкейткіш әйнек (лупа), қарапайым фотоаппараттар және саусақ ізін алуға арналған дактилоскопиялық ұнтақтар ғана болатын. Ол заманда, тіпті бертін уақытқа дейін қылмыскерді анықтау үшін сарапшылар мыңдаған дактилоскопиялық картаны жеке-жеке тексеріп, апталап, айлап іздеу салатын.
Қазақстандық криминалистика мектебі де осы қиын жолдан өтті. Ол кезде оқиға орнын бекітіп, суретке түсіру үшін пленкалы фотоаппараттарды қолданып, химиялық реактивтермен зертханада сағаттап отыру, гипспен із алу, қалыпты жағдай еді. Ал ондай фотоаппартармен суретке түсіру: пленканы айқындау, шаю, бекіту, кептіру, тек содан кейін ғана фотоқағазға шығару сияқты көптеген процедурадан тұратын және ұзақ уақыт алатын.
Бір ғасырдан астам уақыт ішінде бұл сала қарапайым әдістерден заманауи цифрлық және генетикалық зерттеулерге дейінгі үлкен жолдан өтті.
Саусақ іздерін зерттеу (дактилоскопия) саласындағы ең үлкен бетбұрыс – қағаз бен типографиялық бояудан толықтай бас тартып, цифрлық идентификацияға көшу болды. Осы орайда «Папилон» (PAPILLON) жүйесі криминалистердің таптырмас құралына айналды.
Сарапшылардың дактилокарттарды визуалды тексеруі өте ұзақ уақытқа созылады, бірақ, компьютерлер бірнеше минут ішінде осындай операцияны орындай алады жəне дерекқорда бірдей із табылғанына бірден жауап бере алады.
Əдетте, мұндай жүйелер қылмыс орындарынан алынған дактилокарталар мен іздерді енгізуге жəне сақтауға, мəліметтер базасы бойынша іздер мен дактило карталарды автоматты түрде тексеруге жəне халықаралық стандарттар бойынша, басқа ұқсас жүйелермен ақпарат алмасуға мүмкіндік береді жəне оның нəтижесінде «Деректер базасында осы із қалдырған адамға тəн дактилокарталар немесе іздер бар ма?» немесе «Деректер базасында нақты жеке деректері бар адамға тəн ақпарат: дактилокарта немесе іздер бар ма, тегі, аты?» т. б. сұрақтарға жауап алынады.
Бүгінгі таңда криминалистика тек саусақ іздерін іздеумен шектелмейді. Заманауи криминалистиканың негізгі жетістіктері қылмысты ашу жылдамдығы мен дәлелдемелердің бұлтартпастығын жаңа деңгейге көтерді.
Қылмыстық істе ақиқатты анықтаудың тиімділігі істе көрсетіліп, бекітілген дәлелдердің сапасы мен толықтығына байланысты болады. Бекітудің әртүрлі әдістері бар, бірақ олардың ішіндегі ең маңыздысы және ең тиімдісі – әлі де фотосуретке түсіру.
Фотосуреттер, суретке түсірілген объектілердің сыртқы белгілерін және материалдық жағдайдың элементтерін көрсете отырып, әрқашанда хаттамадағы тіпті ең егжей-тегжейлі сипаттамамен салыстырғанда көбірек ақпаратты қамтиды.
Осыған қарамастан, тәжірибе көрсеткендей қазіргі кезде қолданылып жүрген дәлелдемелік ақпараттарды бекітудің құралдары (сандық фотоаппараттар, бейне-камералар) қылмыстың жасалған жері туралы ақпараттарды жеткілікті мөлшерде берілуін қамтамасыз етпейтінін көрсетеді.
Цифрлық камералардың негізгі кемшілігі – нақты бір қылмыстық іс бойынша шешім қабылдауда маңызды рөл атқаратын дәл өлшемдерді қамтамасыз ете алмау.
Міне, осы себептен қылмыстық іс материалдарын сотта қарау кезінде болған оқиғаны қабылдауда едәуір қиындықтар туындайды.
Бұл мәселені шешу үшін кейбір ғалым криминалистер оқиға орнында 3D сканерінің мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынады. Лазерлік сканерлеу – бұл объекті туралы кеңістікте нақты және толық ақпарат алудың ең жылдам және тиімді құралы.
3D сканері ақпаратты компьютерге беретін лазермен жабдықталған, содан кейін арнайы бағдарлама оқиға орнының 3D бейнесін жасайды, ал тергеуші белгілі бір уақыт өткеннен кейін, мысалы, қылмысқа қатысты жаңа жағдайлар туындаған немесе басқа қажеттіліктен, оқиға орнына қайтадан «ауысып қарауға» мүмкіндік алады.
Жоғары технологиялық бағдарлама кескінді дұрыс басқарып қарауға мүмкіндік береді және мамандар оларға өлшеу жасай отырып, дәлелдемелік заттардың орнын белгілей алады, өйткені бұл 3D кескіні қылмыс орнын бірнеше миллиметрге дейін дәлдікпен анықтай алады, сонымен қатар құрылғы объектіге дейінгі қашықтықты анықтап, алынған деректерді сандық кескінге айналдырып, оны компьютерге жібереді.
Тергеу барысында, сондай-ақ сот талқылауында 3D кескіндерді пайдалану судьяға, сонымен қатар процеске қатысушыларға оқиға болған жердің нақты бейнесін береді. Оқиға болған жердің мұндай визуалды моделі өлшеудің барлық түрін (қашықтықтарды, бұрыштарды, аудандарды, көлемдерді) ешқандай бұрмалаусыз жүргізуге мүмкіндік береді.
Енді сотта қылмыс болған жердің фотосуреттерін ғана емес, сонымен қатар объектілердің моделін: толықтай, әрбір қабатты, ондағы жиһаздардың орналасқан орнын және айғақтық заттардың орналасуын (тіпті ұсақ-түйек заттарға дейін), осы процесске қатысушыларға үш өлшемді көлемде көрсетуге болады.
Сондай-ақ, 3D сканерлері құқық қорғау органдары қызметтерінің басқа да салаларында қолдануға болады. Мысалы 3D сканерлер баллистикалық сараптаманы жоғары дәлдікпен жүргізуге мүмкіндік береді.
Криминалистиканың даму болашағы – бұл ғылым мен жоғары технологиялардың ұштасуы арқылы қылмысты ашудан, оның алдын алуға көшу дәуірі.
Болашақта криминалистиканың дамуына әсер ететін негізгі мынандай бағыттарды атап көрсетуге болады:
- Жасанды интеллект (AI) және болжау аналитикасы. Осы жасанды интеллекті қолдана отырып, қылмысты болжауға болады. Яғни, AI үлкен деректерді (Big Data) талдай отырып, қылмыстың қай жерде және қашан болуы мүмкін екенін математикалық дәлдікпен болжайды. Сонымен қатар жасанды интеллекті қолдану арқылы автоматты түрде идентификация жасауға, яғни көпшіліктің ішінен күдіктіні жүріс-тұрысы (gait recognition), дауыс ырғағы арқылы тану жүйелерін жетілдіруге болады.
- Генетикалық революция (Next-Generation Sequencing). ДНҚ сараптамасы «кім?» деген сұраққа ғана емес, «ол қандай?» деген сұраққа жауап беретін болады.
ДНҚ-фотороботын жасау: тек бір тамшы қан немесе сілекей арқылы адамның бет-әлпетін, бойын, тері түсін, тіпті биологиялық жасын 95% дәлдікпен қалпына келтіре алады.
Rapid DNA: оқиға орнында-ақ 1-2 сағат ішінде ДНҚ профилін шығаратын портативті зертханалар жаппай қолданысқа енеді.
- Виртуалды және толықтырылған шындық (VR/AR). Тергеу амалдары мен сот процестері виртуалды кеңістікке көшеді.
Виртуалды оқиға орны: тергеушілер мен судьялар қылмыс орнына VR-көзілдірік арқылы «барып», кез келген айғақты 3D форматта зерттей алады. Бұл оқиғаның қалай болғанын (реконструкция) секундтық дәлдікпен модельдеуге мүмкіндік береді.
AR-көзілдірік: Криминалист оқиға орнына келгенде, көзілдірік арқылы көзге көрінбейтін микроіздерді, биологиялық дақтарды бірден көріп, олар туралы базадан мәлімет алады.
- Киберкриминалистика және Блокчейн. Қылмыс цифрлық кеңістікке ауысқан сайын, оны тергеу әдістері де өзгереді.
Криптотергеу: Блокчейн технологиясы арқылы жасырын транзакцияларды қадағалау және цифрлық активтердің иесін анықтауға болады.
Deepfake сараптамасы: болашақта кез келген видео немесе аудио жазбаның шынайылығын тексеретін жоғары технологиялық сараптамалар басты орынға шығады.
Сонымен болашақ криминалистикасы – бұл «ақылды» технологиялар мен жоғары этиканың тепе-теңдігі деп айтуға болады. Технология дамыған сайын, азаматтардың жеке деректерін қорғау мен сараптаманың әділдігін сақтау басты мәселе болып қала бермек.
Қорыта айтқанда, бір ғасырдан астам тарихы бар, бұл қызмет бүгінгі таңда құқық қорғау органдарының тиімді жұмыс істеуіне зор үлес қосып келеді. Криминалистердің кәсібилігі мен адалдығы – қоғам қауіпсіздігі мен әділдіктің кепілі.
Құрметті криминалистика саласының мамандары! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Еңбектеріңіз жемісті, абыройларыңыз биік болсын. Отбасыларыңызға амандық, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!
Болат САРСЕМБАЕВ,
Қазтұтынуодағы Қарағанды Университетінің
доценті, химия ғылымының кандидаты
