Елеужан Елемесұлы Серімов
Нұрлан ішкі қуанышын жасырғысы келмей, сүйгенінің балбұл жанған жүзіне емірене түскені сол еді, қалта телефоны шылдыр етіп қоя берді. Соткасына үңіле қараған, бастығы екен. Жұмысында тосын жағдай болғанын түсіне қойды. Қалыңдығына жолыққысы келгендігін айтып, бірге істейтін әріптестерін мана ескертіп шыққан. Жігіт болған соң, әріптестері де түсінеді. Еш қарсылық көрсетпеген, әдеттегі айтар өкпе-наздарын да айтпаған.
…Ол Аяжанмен тез арада қоштасты да, қылмыс орын алған тұсқа қарай аяңдай берді. Ол жер алыс емес-ті. Келе жатып, қай-қайдағыны есіне алды. Өзінің қиынға түскен өміріне ой жүгіртті…
Өмір жолы
Ол 1971 жылы Қарағанды облысында орналасқан Бабаев атындағы шағын ұжымшарда дүниеге келді. Бала кезінен ешқандай қиянатқа көне бермейтін мінезімен ерекшеленді. Барынша әділеттілікке ұмтылуымен айнала ортасына белгілі болды. Абай қаласындағы орта мектепті бітіргеннен кейінгі еңбек жолын «Қарағандықұрылыс» автокомбинатында бастады, онда қосалқы жұмысшы, содан кейін 1-разрядты слесарь болып жұмыс істеді.
Әскери қызметте болғанын да есіне түсірді. 1989 жылы мамырда Әскери-теңіз күштері қатарына шақырылды. Қызмет оның мінезін шыңдап, тәртіпке үйретті. 1992 жылдың мамырында әскерден демобилизациялануынан кейін Қарағандыға оралып, слесарьлікті жалғастырды. Бірақ, көп ұзамай құқық қорғау органдарындағы қызметке тұрды. Тельман аудандық ішкі істер бөлімінде қатардағы милиционер болды.
Жоғары оқуға түскенін ерекше ықыласпен еске түсірді. 1994 жылдың қыркүйегінен 1998 жылдың наурызына дейін Қарағанды жоғары мектебінде оқыды, онда қылмыстық іздестіру мамандығы бойынша білім алды. Оқуды бітіргеннен кейін Абай ауданының ішкі істер бөлімінде қылмыстық іздестіру бөлімшесінің жедел уәкілі болып тағайындалды. Оның кәсібилігі мен қызметкерлар арасында, дос-жарандарымен қарым-қатынастағы адалдығы оны тез арада ең сыйлы қызметкерлердің біріне айналдырды.
Қызметі қауіпті екені рас. Әсіресе түнгі кезек. Тосын оқиғаларға толы келеді. Күлдіретінінен де, жылататынынан да кенде емес.
Қазір оның қызметтік лауазымы қылмыстық іздестіру бөлімінің бастығына дейін өскен. Қызмет барысында ол өзін жедел-іздестіру жұмыстарының айла-әдістерін шебер қолданатын іскер әрі сауатты қызметкер ретінде көрсетті. Оның қылмысты ашудағы кәсіби әрекеттері және қылмыскерді ұстауға өзгелердей бұғып қалмай белсене қатысуы әріптестерінің арасында беделін көтеріп-ақ тастады. Қалқан төңкергендей шоқтығы биік. Қызметі бірнеше рет жоғары жақтан көтермелеумен атап өтілді. Әуелгі атағы – лейтенанттан капитанға дейін тез өсті. Тынымсыз еңбектің арқасы. Темірдей тәртіптің жемісі. Әскери әрі ішкі істер органдарындағы қызметкерлерге ең сыйлы атақ осы – капитандық. Өйткені капитан погонында жұлдыз көп болады. Жыпырлап тұрады. Бір иықта – төртеу, екіншіде – төртеу, барлығы – сегіз жұлдыз. Адам да өзін жұлдыздай сезінеді. Капитан атағы дүниежүзі елдерінің құқық қорғау органдарының бәрінде бар. Сонысымен сыйлы. Алғаш капитан погонын таққанында, иықтарына жиі қарап, кеудесін бір мақтаныш сезім кернеп кететін…
Қызметте оны ерекше қызықтыратыны – Полиция күні, оған жаңа жылдан кейінгі ең бір қадірлі мерекелердің бірі. Сол күнді асыға күтеді. Өйткені кейде өзі, не достары марапатталады. Сыйлық алуға кім қарсы дейсің. Әкесінің қайталай беретін бір сөзі бар еді: «ойсыз адам көдек келеді» деген. Сол сөзді жиі есіне алатыны бар. Қызметте де, үйде де ойға шомып жүруді әдетке айналдырған. Соңғы уақытта әсіресе көп ойлантатыны – полиция қызметі. Жігіттермен бас қосқан кезде: «Бізге керектісі– қазақстандық полиция күні қай кезден бастау алады дегенді анықтау» деп, ешкімге жеңсік бермей кететіні бар. «Мәселен, – дейді ол айналасы тыңдамай қоятындай екілене түсіп, әйгілі 1917 жылғы қазан төңкерісінен кейін біздің ел Ресей құрамында болды, онда осы одақтық республиканың заңдары қолданысқа енді. Ал қазақ совет полициясынан бұрын Алаш милициясы болған жоқ па?! Иә, шын мәнісінде Қазақ елі тәуелсіздік алмастан бұрын Алаш милициясын құрып, ел қауіпсіздігін сақтаған болатын. Жалпы қазақ кәсіби полициясының тарихы 1917 жылдан басталады. Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Алаш милициясын жасақтады».
Жұрт зейін қойып тыңдап отыр ма, жоқ па, елемей, көкейдегісін айтып қалғысы келіп, төгіліп түседі, ойын ортаға салуға құмар. Әріптестері бас қосқанда, өзгелер үшін бейтаныс тың ойларды қозғап кететіні бар. Көп оқитынының белгісі. Қолы бос кезде, соткасын шұқылап, ғаламтордың ұңғыл-шұңғылын аралап, кезіп кетуге дайын. Қоғамды алға сүйрейтін де, дамытатын да – тұлғалар деген ой онда үстемдік құрған. Әуелден солай. Әдетте ондай адамдар білікті, білімді келеді. Тарихқа жүгінсек, 18-ғасырдың аяғында полиция құрылымын алғаш ғылыми негіздеп жазғандардың бірі – шотланд судьясы Патрик Колхаун екенін бірі білсе, бірі білмейді. Ол «Метрополис полициясы туралы трактаттың» авторы. Сонысымен тарихта аты қалды. Екінші бір сондай тұлға – Сэр Роберт Пил. Ол алғаш рет кәсіби полиция органдарының принциптерін жүйеледі. Тарихта «Пил принциптері» аталады. Тиімділік, алдын алу, қоғаммен ынтымақтастық мәселелері Пил қағидаларының негізгі арқауын құрады. Осылайша полиция қызметінің негізгі бағыттарының мазмұны айқындалды, – деп, саусақтарын бүгіп, санамалап айтады – полицияның негізгі міндеті – қылмыс пен тәртіпсіздіктердің алдын алу; одан соң – полиция өз міндеттерін атқаруы қоғамның қолдауына байланысты; үшіншіден, полиция қоғам арасында беделге ие болу үшін алдымен қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз етуі керек; төртіншіден, полиция жазалаушы орган ретінде күш қолданылатын болса, қоғаммен ынтымақтастық дәрежесі оған пропорционалды түрде кеми түседі; одан кейін – полиция жекеленген өтініш-тілектерді қанағаттандыру арқылы емес, заңдық негізде қызмет көрсету арқылы өзіне қолайлы қоғамдық пікірге қол жеткізеді; алтыншыдан, полиция аса қажеттілік туындағанда немесе сендіру, кеңес беру және ескерту әрекеттері жеткіліксіз болған жағдайда ғана күш қолдануы керек; полиция әрқашан қоғаммен тығыз қарым-қатынасты сақтап, «полиция – халық үшін, ал халық – полиция үшін» деген ұғымды шындыққа айналдыруы керек, – деп бір-ақ тоқтайды.
Айтар әңгімесі үнемі полиция төңірегі. Жұрт оның бұл ойын түсінбей, осы-ақ білгішсініп жүреді деп айыптайды. Ол ондайлардың сөзіне мойымайды да. Кей сәттерде өзіне-өзі таңғалады. Жұрт күнделікті жаңалықтарды айтып отырса, бұл полиция тарихының ықпыл-жықпыл тереңіне сүңгіп кетеді. Жұртқа беймәлім тұстарға үңіледі.
Тосын оқиға
Әлгінде бастығы оған мынадай жедел хабар жеткізген болатын. Қылмыс жасады деген күдіктілер тобының бас қосқан жері анықталыпты. Кезекшілік атқарған жедел топ бастықтың бөлмесіне жиналды. Жергілікті жердің қылмыстық жағдайы айтылып, әрқайсысы ойларын ортаға салды. Қандай әрекет жасау керектігі пысықталды. Сөйтіп, түнгі сағат 3-тер шамасында қылмыскерлер орналасқан жерге шығып кетті…
Бұлар қылмыскерлер жиналған ескі құрылыс алаңының әркім өзіне тиісті тұстарын аралап кетті. Мана құрылыс алаңын алдын ала бөліп алған. Аға лейтенант Ержанның үлесіне алаң шетіндегі қалтарыс-бұлтарыс тиген еді. Топтан бұқпантайлап бойтасалап бөлек кеткен алдымен Ержан болды. Ол лезде әріптестеріне көрінбей кетті. Қылмыскерге алдымен кезігіп, лажы болса, жеке өзі құрықтап, әріптестерінің сенімінен шықпақ. Ерлігімен көзге түсіп, айды аспанға бірақ шығарсам дейді.
Кенет тасадан Ержанның алдынан еңгердей біреу шыға келді. Ширақ қимылдап, күтпеген жерден шабуыл жасады. Жекпе-жек кезінде оған екі жерден пышақ ұрып, жантәсілім етті. Күтпеген тосын жай, ғайыптан келген ажал. Құрылыс алаңындағы өзге қылмыскерлер бір жайттың болғанын сезіп, табандарын жалтыратып үлгерді.
Әйтсе де полиция қызметкерінің қылмыскер қолынан қаза табуы бүкіл облысты дүр сілкіндірді. Жедел топ құрылды. Аға лейтенанттың қайғылы қазасынан кейін әріптестері басталған істі соңына дейін жеткізуге бел буды. Өзі де бөлімнің бастығы әрі жақын досы ретінде бұл іске бел шеше кірісті. Енді бұл істі аяқтау оның міндеті.
Алдымен полицейлерден құралған жедел топ қылмыс болған жерді қайтадан мұқият тексеруден бастады. Олар қылмыскерлерді ұстауға көмектесетін бірнеше белгілерді: аяқ киімнің іздерін, киім қалдықтары және саусақ іздерін тапты. Әрбір деталь жекелеген ақпарат беруі мүмкін екенін көп жылғы тәжірибесінен біледі.
Тергеу барысында капитан Нұрлан белгісіз куәгерден күтпеген хабарлама алды. Бұл адам қылмыскерлердің жергілікті кафелердің бірінде өз жоспарларын талқылағанын естідім деп мәлімдеді. Бұл мәліметтің анық-қанығын кеңірек білу үшін онымен жүзбе-жүз жеке кездесуге бел буды.
Куәгер бұрын істі болған біреу екен. Бірақ Нұрымның арқасында сотталмай қалған. Оның берген ақпараты құнды болып шықты. Тергеу нәтижелі болуы үшін Нұрлан қылмыстық ұйымның қатарына жасырын агентті енгізгісі келді. Бұл рөлді әлгі куәлік еткенге тапсыруды ұйғарды. Бірақ оны иландыру оңайға түскен жоқ. Оның жеке басы жөніндегі жедел ақпараттарды пайдаланып, бұрын қолұшын бергенін міндет санап, агент болуға мәжбүрлеп көндірді-ау ақыры. Уақыт тығыз. Тез уақытта дайындықтан өткізді. Алдымен, қылмыс әлемінің тілдік жаргондарын меңгеруіне күш салды. Ұсталатын арқауы бос сол тұс қой. Рухани салқар арнаға қазақ құйған құндылықтардың біріне абақты тұрғызбағанын жатқызар едік. Содан болар, қылмыс төңірегіне қатысты сленг-жаргондарда қазақтың толғауы тоқсан қызыл тілінің бояуы да, мүмкіндік өрнегі де көрiнбейдi. Басты себеп төл сөздерімізде олардың толық мәнін ашатын сыңары, баламалары жоқтығынан, иіні келмейтiнінен. Болашақ агентке «козырные фраера», «общак», «свояки», «путевые», «блатные», «положенцы», «смотрящие», «мужики», «быки», «торпеды», «шестерки», «красные», «козлы», «обиженные», «опушеные», тағы басқа көптеген қылмыстық ортаға тән жаргон сөздердің мәні мен мағынасына үңілдіріп, сөздерді өз орнымен қолданар тұстарын меңгертті…
Өзінің сенімді агенті қылмыстық топқа сәтті еніп, ақпарат жинай бастады. Ол қару-жарақ пен адамдардың үлкен контрабандалық жоспарлары барын анықтап білді. Әр нәрсені сұрап біліп, бас сұқбайтын жерге үнемі үңіліп жүретінінен айналасы күдіктене бастады. Күн сайын ол әшкерелену қаупіне ұшырады, бірақ маңызды деректерді Нұрланға жеткізіп тұрды, елеусіз ғана жұмысын жалғастыра берді.
Нұрланның ойлары көбінесе ашылмаған істер мен өткеннің құпияларына оралып отыратын еді. Бірде әріптестері оған марқұм аға лейтенант Ержанға тиесілі күнделікті әкеп берді. Сол баяғы отырған үстелінің тартпасынан табылыпты. Әріптестері сақтап қойыпты. Күнделік ашылмаған қылмыстар мен күдікті тұлғалар туралы жазбаларға толы. Жазбаларды зерттей бастады. Көп ұзамай күнделікте айтылған кейбір тұлғалардың әлі де белсенділік танытып, көзге түсіп, олардың қаладағы соңғы қылмыстармен байланысты болуы мүмкін екенін анықтады.
Тергеу барысы Нұрлан мен әріптестерін контрабанда мен адам саудасымен айналысатын ірі қылмыстық желіге әкелді. Олар бұл желінің әр түрлі елдерде терең тамыры мен байланысы бар екенін бірден түсінді. Бұл қауіпті іс, бірақ Нұрлан оны соңына дейін жеткізгісі келеді. Агент арқылы адам саудасын қалайша жүзеге асыру жолдары мен адамдарды жеткізу жоспарлары туралы анықтап білді…
Капитан Нұрлан адам саудасын жығылғанға жұдырық деп біледі. Етек жайған көп қылмыстардың қатарында «адам саудасы» ойып орын алған. Қазіргі күні өршіп-ақ тұр. Соңғы он жылда кәдімгідей толыққанды қылмыс ретінде төбе көрсетіп, қара көбейтiп үлгердi. Адам саудасының ішкі мәні – еркек пен әйелді, жас қыздар мен балаларды алаяқтықпен алдау-арбау, күшпен қорқытып мәжбүрлеу, ұрлап қашу. Мақсаты – түрлі айла-амалдарды қолданып, тегiн еңбектi құл, күң орнында ұстау, қыздарды жезөкше етіп, ер балаларды жыныстық қатынасқа салып, табыс табу. Күнде теледидардан iздеу салған хабарламалар балауса балғын өскiннiң – үйдiң көркi – қыздың, тiзгiн ұстар – ұлдың үйден шыға бере жоғалғанын, оралмағанын айтып безілдейдi де жатады. Сұмдық қой! Жаһандық жылылықпен қатар қояр бүкiл ғаламдық күрмеуі қалың күрделі құбылысқа айналды бұл бәле.
Шет елде жұмыс iстеудi армандайтын жастардың қатары күн сайын артуда. Жақсы тұрмыс пен жоғары жалақы кiмдi қызықтырмас. Бейтаныс бiреулер өздерi ғана барып қоймай, тұрмыстық виза бойынша сол жерде жұмыс iстеуге рұқсат алуды ресiмдеудi ұсынып әлек. Ал делдал фирмалар өзiңiзге лайық жұмыс iздеп тауып, жұмыс берушiмен келiсудi мойнына алып, еңбек шартына қол қоюды ұсынады; виза мен басқа да керектi құжаттарды ойластырып, оны рәсiмдеуге уәдесiн беретiнiн жарнамалап жатады. Ал шетелдiкке тұрмысқа шығып, шетелде түпкiлiктi тұрғысы келетiндер саны қаншама. Өмiрде көпшiлiк жағдайда бәрi керiсiнше болып жатады. Өкiнiшке орай, өздерiне жұмыс ұсынып, жұмыс iстеуге көмектесем дегеннiң жалған болғанын тым кеш түсiнiп, көпшілік арасында аузы күйiп үлгергендер де баршылық. Шетелге барғандардың көбiне құжаттары тартылып алынады, адам шыдамайтын жағдайда аяусыз жұмыс iстеуге мәжбүрленедi. Қарыздарын өтемейінше жұмыс iстетiп, бiрақ, қанша жұмыс iстемесін қарызы азаймай, қайта керісінше көбейе түседi, күнi-түнi күзет астында, бақылауда болады. Шетелдiкке тұрмысқа шығып, шет елге кету – қыздар мен әйелдердi кейiн сату үшiн азғырудың ең көп тараған әдiсi. Осы жолмен көптеген әйелдер Қазақстаннан Біріккен Араб Әмірлігіне, Түркияға, Алманияға, Грецияға, тағы басқа елдерге әкетiліп жатады. «Сақтанғанды құдай сақтайды». Адам саудасымен айналысатындар, әдетте, жұмыс орнында күштеп ұстап, жұмыс орнынан жалғыз жiбермейді. Шабақ аңдыған шортандай кісәпірлер қолына түскендерге қатыгездiк жасап, жыныстық немесе психикалық қысым көрсетедi. Бұл айтылған белгiлер адам саудасы фактiсiн анықтауға жеткiлiктi негiз бола алады. Бұл нақты қылмыс. Байлықты да адал жинаған қайыл. Адам саудасынан жиналған байлық – ит балалап сауын болмастың кері…
Адам саудасы туралы полиция капитаны Нұрланның түсінігі осыған саяды…
…Бірде адам саудасы бойынша қылмыстық топ арасына ендірілген тыңшы-агент кездейсоқ өзі туралы талқыланып жатқан әңгімені естіді. Ол қылмыстық топқа енген кездегі ойдан құрастырған «аңызы»әшкереленетіндей қауіп төніп тұрғанын түсініп, тез әрекет етуге шешім қабылдады. Ол Нұрланға алдағы мәміле туралы ақпарат беріп, жедел көмек сұрады.
Нұрлан бөлім бастығы ретінде адам саудасымен айналысқан қылмыстық топтықұрықтау үшін ауқымды операция ұйымдастырды. Белгіленген күні жедел жасақтпен қылмыскерлердің жиналған орнын қоршап алды. Қатты атыс басталды, оның барысында агенті жараланды, айтып-айтпай не керек, оның арқасында операция сәтті аяқталды.
Агент ауруханаға жеткізілді, онда дәрігерлер оның өмірі үшін күресті. Ол да адам баласы ғой, Нұрлан жақсылыққа үміттеніп, оның палатасынан алыстаған жоқ. Көңіл-күйіне, қас-қабағына қарады. Онысы бұрын құқық бұзушылық жасаған болса да, бүгінде қауіпті қылмыскерлерді ұстауға қол ұшын бергеніне алғысы іспетті. Адамның адамдығы кішіпейіл кісілігі мен өлшеусіз түсінігінде емес пе. Бірнеше күннен кейін оның жағдайы жақсара бастады. Ол соған қуанды. Өйткені аты-шулы қылмыстық топты ауыздықтаған соның арқасы ғой. Сол арқылы қызметкерлер арасында Нұрланның беделі бұрынғыдан да арта түсті.
Полиция капитаны Нұрланның ұйымдастырушылық қабылеті, күш-жігерінің арқасында қылмыстық топ толығымен жойылды. Ұйымдасқан қылмыстық топтың барлық қатысушылары ұсталып, жауапқа тартылды. Бұл облыстағы қылмысқа қарсы күресте құқық қорғау органдары үшін үлкен жеңіс болды.
Нұрлан қызметке адалдығы үшін төсбелгімен марапатталды. Алда тындырар әлі көп нәрсе күтіп тұр еді. Соның бірі – қылмыскер қолынан қаза тапқан аға лейтенант Ержанды еске алуды ұйымдастыру.Оның бұл әрекеті полиция бөліміндегі барлық полиция қызметкерлер тарапынан қолдау тапты. Қызмет бабында қайтыс болған Ержанның ерлігі полиция қызметінің мәнін түсінуге түрткі болды. Жаңа жетістіктерге шабыттандырды. Ержан да өзі сияқты бұрынғы Қарағанды жоғары мектебінің, қазіргі академияның түлегі еді.
Қанша дегенмен, ішкі істер органдары қызметкерлерінің қайсар іс-əрекеті мен əрдайым батыл қадамғадаярлығы жұрттың жүрегіне қашанда мақтаныш сезімін ұялатары анық.Көптеген полицейлердің жоғары шен мен сыйлықтарға лайық болып танылғаны таңғалдырмайды. Еліміздіңбейбітшілігін сақтап, азаматтар тыныштығын қорғаужолында өз өмірлерін қиған батыл да қайсар қызметкерлердің есімдері ел тарихынның тағзымтақтасынамəңгілік жазылады. Сол қатардағының бірегейі – Ержан. Полиция капитаны Нұрлан аға лейтенант Ержанның жасаған ерлігі жөніндегі мағлұматтарды Карағанды академиясында қызметте қаза болғандар туралы дайындалып жатқан «Естелік кітабына» енгізуді ұсынды.
Нұрланның ендігі бір ісі құрықталған қылмыстық топтың әлі де көзге түспей қалған өкілдері бар екендігін сезінуі еді, ішкі интуициясына құлақ түріп, тергеу ісін тоқтатпай, одан ары жалғастыруды ойлады. Ішкі интуициясы оны алдамайтын. Көп жылдардан бергі әдеті. Қылмыстық топтықұрықтағанына қарамастан, ол бұл іс әлі аяқталған жоқ еді. Қылмыстық топтың бұрынғы біреуінің жаңа қылмыстарға қатысы болуы мүмкін екенін көрсететін оғаш кездейсоқтықтар мен күдікті әрекеттерді байқай бастады. Бұл адам маскировка шебері немесе өзін жасыру өнерін меңгере білген.
Қауіпті әрекет
Капитан Нұрлан осы аса қауіпті қылмыскерді ұстау жоспарын жасады. Оның сақ болатынын және әдеттегі амал, қулықтарға түспейтінін білді. Сондықтан қылмыскерді тасадан шығару үшін өзін «жем» ретінде пайдалануды шешті.
Нұрлан қылмыскерге зиян тигізуі мүмкін маңызды ақпарат бар деген қауесет тарата бастады. Бұл үшін бөлімдердегі жедел уәкілдердің бүкіл агентурасын пайдаланды. Ол бұған жаудың назарын аударатынын білді. Көп ұзамай ол өзінің тарапына белгісіз біреулерден қоқан-лоққылар мен ескертулер ала бастады, бірақ дұшпанды құрықтау ниетінен шегінбеді.
Белгіленген күні Нұрлан қараусыз қалған ғимаратта кездесу ұйымдастырды, оның есебі бойынша бұл оңаша кездесуге қылмыскер міндетті түрдекелуі керек. Ол кездесетін жақын маңда жасырынған жедел жасақ тобын алдын ала дайындап қойды. Қылмыскер пайда болған кезде қатты шайқас басталды. Атыс кезінде кейбір қылмыскерлер оққа ұшты, бірақ іздестіру үстіндегі кәнігі қылмыскерді ұстай алды. Онымен көзбе-көз қалған сәтте ұмтылып кеп, шықшыттан бір-ақ перді.Анау домалап түсті. Осы кезде оның жедел уәкіл әріптестері тез арада көмекке келіп, әлі қылмыскердің өзін және оныңбарлық сыбайластарын тұтқындады. Бұл қиын жеңіс болды, бірақ ол көптен күткен әділеттілікті орнатты.
Тағы да қылмыс
Полиция капитаны Нұрланның бүгінгі өмірінде жиі-жиі еске алатын, еске алуына қоймайтын екі нәрсе бар, олар – махаббат пен қылмыс. Екеуіде тоқтамай үздіксіз жүріп жатқан майдан дерсің.
Қылмыстық топтың толығымен көзін жойған соң, өмір жағдаятын ойлады.
Ғаламторға үңілгені сол еді, бүгін махаббат күнi екен. Әлеуметтік желіні пайдаланушылар бір-біріне махаббат хаттарын жазысуда…
Нұрлан Аяжанға бір шоқ гүл алып, оның үйіне қарай асықпай аяңдады. Махабатт күнімен құттықтамақ. Соған үйленгісі келеді. «Жалпы, отбасынан артық не бар?» дейді іштей ойланып. Адамның қорғауға тиісті қасиетері: ар-иманы отаны және отбасы емес пе? Осы үш ұғымдағы көрсетілген дүниелер адамда түгел болмаса, немесе оны қорғамаса ол адамды арсыз немесе имансыз деп аталады. Нұрланның отбасы туралы түсінігі осыған саяды. Ол ментовкадағы қызметінде талай отбасыларды көрген, көбінің ішімдік ішкеннен берік іргесі сетінеп, бұзылған. Еркегі ішсе бір сәрі, ерлі-зайыптылар екеуі қосылып ішкендерді де көрген. Отбасының бас көтерері маскүнем болса, үйде қандай береке, қандай ынтымақ-бірлік болмақ? Жалтақтап өскен, ашқұрсақ балалардың ертеңі не болмақ? Отбасының ұйытқысы, құт-берекесі саналатын әйелдің ерімен қосылып арақ ішуі етек алып бара ма, қалай? «Маскүнем әке – тауқымет, маскүнем ана – қасірет» деп тегін айтылмаса керек. Екеуі де әң әуелі өз ұрпақтарын сорлатады. Бүгінде ішімдіктің салдарынан кемтар туып, кембағал болған балалар қаншама. Қылмыс жолына түскендер ше?..
Әйткенмен өмір сүре білу әркімнің өзіне тікелей байланысты. Көңіліңіз қалаған еңбекпен шұғылдана жүріп, отбасының үйлесімін жасай білсеңіз, бақыттың шыңы – сол ғой. Ол үшін кесе-көлденең кезіккен қиындықтың бәрін жеңе білуіңіз қажет. Осы ұстанымға Нұрлан өте берік. Ол Аяжанмен бақытты ғұмыр кешпек.
Түнгі оқыс оқиға
…Нұрлан шұғыл шақыру алған кезде түн қараңғы әрі суық екен. Қарағандының шетіндегі қараусыз қалған қоймалардың бірінде кісі өлімі болыпты. Қылмыс болған жерге келген бетте, полицейлердің ғимаратты қоршап алғанын, ал қойма ішінде тырс етпес тыныштық орнап тұрғанын көрді.
– Не болыпты? – деп сұрады Нұрлан өзінің серіктесі капитан Жорабек жақындағанда.
– Өлік. Жас жігіт, шамамен отыз жаста. Пышақпен қапыда өлтірілген сияқты. Бірақ қызығы бұл емес, – деп жауап қатты Жорабек, қағаздар мен оғаш белгілерге толы үстелді нұсқап.
Нұрлан жақындай үңілгенде, қағаздардың арасынан діни мәтіндер мен карталарды көрді, карта бетінде белгілі бір орындар белгіленген.
– Бұл не, діни әдебиет пе? – деп сұрады ол қабағын түйіп.
– Иә, – деп, басын изеді Жорабек, – бұған қоса, біз адам саусақтарының іздерін мына пышақтардан және осы құжаттардан таптық. Олар діни экстремистік іс-шараларға қатысқандар деген күдігім бар, соның біреуі біз көптен бері қылмысы үшін іздеу салып жүрген адамға тиесілі.
Нұрлан жүрегі қатты соғып кетті.
– Демек, біз оның ізіне нақты түстік те, – деді, ол, өн-бойында қан жүгіріп өткенін сезіп. – Бірақ ол адам кім?
– Саусақтардың ізі қалғанның есімі – Рустам Ахметов, – деп жауап қатты Жорабек, – бұл біз ойлағаннан әлдеқайда қауіпті қылмыскер.
Нұрлан мен Жорабек полиция бөліміне оралғанда, оларды өзге әріптестері күтіп отырған болып шықты. Өз үстелінің үстіне қылмыс болған жерден әкелінген барлық айғақтарды қатарлатып тізіп қойды. Мұқият зерттеуге көшті. Әр бөлшекті біртұтас қып жинақтап пазл жасағысы келді. Әдеттегі жекеден – жалпыға қарай жасайтын әрекеті.
– Өлтірілген адамның экстремистік топпен байланысы бар екенін осы отырғандардың бәрі біледі, – деп бастады сөзін Нұрлан.
Бұл қоймада ол не істеп жүрді? Ендігі бреуі неге өлім құшты?
– Мүмкін ол маңызды нәрсені білген шығар, – деп, өз ойын іркелмей ортаға салды Жорабек, – Немесе бұл басқаларға ескерту болған шығар?
Нұрлан басын изеді.
– Біз бұл адамның кім екенін және оның неге сол жерде болғанын анықтауымыз керек. Оның жеке басын және кіммен байланысын тексер, Жорабек. Мен мына айғақтармен айналысайын.
Бірнеше сағат өтті, Нұрлан ақыры шындыққа апарар бір түйін тапқандай болды. Қағаздардың арасыннан ойламаған жерден мекенжайы мен күні жазылған тілдей жазба шықты.
«Жора, мынаған қара», – деді ол табылғанын көрсетіп. Жорабекті солай атайтын кейде.
– Олардың кездесуі жоспарланған сияқты.
– Бұл біз үшін қылмыскерді анықтаудың бір кілті, мүмкіндікті жібермеуіміз керек, – деп жауап берді Жорабек, – Көрсетілген жерге барып, торуылдап, не болып жатқанын анықтауымыз керек.
Келесі күні Нұрлан мен Жорабек көрсетілген мекенжайға келді. Бұл қаланың шетіндегі ескі үй болатын. Олар тасалау жерге жасырынып, «біреулер келеді» деген үмітпен күтпекке бел шешті. Көп ұзамай үй маңына көлік тоқтап, ішінен түскенбірнеше адамның сұмбасы көрінді.
- Солар, – деп сыбырлады Нұрлан, – Мұқият бол. Жедел жасақ тобын шақырамын.
Олар адамдардың сыртта біраз әңгімелесіп тұрып, үйге кіргенін көрді.
Біраз уақыттан кейін Нұрлан белгі бергенде, келіп жеткен жедел жасақшылар ішке енді. Атыс басталды, бірақ полицейлер жағдайды тез өз қолдарына алды.
«Қолдарыңды көтеріңдер!» – деп айқайлады жасақ башысы, автоматын қылмыскерлердің біріне бағыттап. «Заң атымен! Қамауға алындың!».
Рустам Ахметов болып шыққан адам қарсылық білдірген жоқ.
- Сіздер ештеңе білмейсіздер, – деді ол күліп. – Бұл тек бастамасы ғана.
Нұрлан арқасын суық мұз қарып өткендей болды.
– Біз қажет нәрсенің бәрін білеміз, – деді ол, – Ал сен бізге көмектесесің.
Жауап Алу
Қылмыскер Рустам Ахметов Нұрлан кабинетіне жеткізілді. Жауап алу бөлмесінде өлі тыныштық. Нұрлан Рустамға қарама-қарсы отырды да, оның жанарына мұқият үңіле қарап қалды.
– Сен, діннің фанатигісің ғой. Ал біз исламның тұрмыстық мәдениетін ғана қабылдадық. Қазақ бұрын дін фанатигі болмаған еді. Менің атам мен әжем, әкем мен шешем мұсылман. Атеистік кезде бес уақыт намазын құр жібермеді, дәстүрлі дінімізден бас тарта алмаймын. Сендер шетелден діни білім алып келдіңдер де, сол елдердің діни таным-түсінігін көкейге көшіріп, уағыздауға көштіңдер. Сен сияқтыларда қазақы ұлттық құнардың саф алтын сарасы жоқ. Абай мен Шәкерім жоқ, алаш мұратын іздеп таппайсың. Күйіндіретіні – сол. Дәстүрлі дінім қалмай барады. Қайтыс болған адамның үшін, жетісін, қырқын, жүзін, жылын беріп, осылайша аруақ сыйлаудың тамырына балта шаптыңдар. Теріс ағымды уағыздайсыздар.
– Бисмиляһи раһмани раһим. Иә, раббым аллаһ, өзіңе сансыз мадақ! Жоқ, қателесесің, сенім – кез келген есті адамның естілігін дәлелдейтін басты белгі. Сенім қабілеті жоқ адам іс-әрекетке де қабілеті жоқ. Аллаһ – біздің сеніміміз. Біз ислам жолында құрбан болуға дайынбыз.
– Сақал қойып, намаз оқығанға, мешітке барып, имамдардың ертегісін, өтірік уағызын тыңдағанды ғылым мен өркениетке теңеп, мәз болып жүрсіңдер. Жас ұрпақтың санасын жат идеологиямын улатып, қазақ ұлтын жойып жіберуге дайынсыздар. Деструктивті діни ағымның өкілісің. Діни экстремизм – өте қауіпті, халықтың тұрақтылығына нұқсан келтіретін күрделі ағым. Еліміздің құрылымын, мемлекеттің іргесін құлатасыңдар. Жә, қоялық дискуссияны. Сен өзі қоймадан не тапқанымызды ішің біліп, сезіп тұрсың ғой деймін, – деп тұқыртты капитан Нұрлан. Бізге не жоспарлап жүргендеріңді айт.
Рустам күлді.
– Сен мені ұстадым деп ойлайсыз ба? Бұл айсбергтің басы ғана. Менің адамдарым қазірдің өзінде әрекет етуде, адам көп жиналатын орында өзін жарып жіберетін адамдарға дейін дайын. Аллаһтың жолында өмір құрбан ету – жұмақтың жолы. Дәл қазір сен оларға ештеңе де істей алмайсыз.
Нұрлан қабағын түйді.
– Біз олардың барлығын ұстаймыз. Діни экстремизмге мемлекет қатаң қарайды. Жазалауы да сондай қатқыл. Экстремистік бағыттағы материалдарды әкелу, дайындау, өндіру, тарату қоғамдық қауіпті әрі қылмыс ретінде жазаланатын әрекеттер екенін білесің. Бірақ егер бізге көмектессең, сенің тарапыңа да жеңілдіктер жасалады.
Рустам бір сәтке ойланып, содан кейін алға еңкейді.
– Жарайды, көндік, мен саған, тек өзіңе ғана бәрін айтайын, бірақ оның есесіне мені өз қорғауларыңа аласыздар, өз қанатыңа алып, пана болсыңдар. Мемлекеттік қорғау дейтін бе еді оны?
Нұрлан басын изеді.
– Біз мұны ақылдаса аламыз дегеннінің белгісі деп қабылдайық. Бірақ алдымен не білетініңді айт.
Операция
Рустам өмірі үшін бар білетінін жайып салды. Ол берген ақпараттан кейін Нұрлан мен оның әріптестері ауқымды операцияны ұйымдастырды. Олар экстремистердің бірнеше жасырын паналары туралы білді және оларға бір уақытта соққы беруді жоспарлады.
– Біз шұғыл әрі үйлесімді әрекет етуіміз керек, – деді Нұрлан.
Әрқайсыңызға өз мақсаттарыңызды қайта тәпіштеп түсіндірудің қажеті жоқ. Барлығыңа сәттілік тілеймін.
Операция таңертең ерте басталды. Полицейлер күдіктілерді тұтқындап, қару-жарақ пен құжаттарды тартып алып, ғимаратқа басып кірді. Нұрлан жедел топтардың бірін жеке өзі басқарды және көп ұзамай қылмыскерлер жетекшісімен бетпе-бет келіп қалды.
– Тоқта! – деді Нұрлан қызметтік тапаншасын ер адамға бағыттап. – Қамауға алындың!.
Қылмыскерлер тобының көсемі қарсылық танытқан жоқ.
– Сен жеңдім деп ойлайсың ба? – деді ол. Бізді құрықтасаңыз да біздің идеямыз мәңгі өмір сүреді.
Нұрлан үндемеді. Ол экстремизммен күресу оңай аяқталмайтынын білді, бірақ бүгін олар жеңіске жетудің маңызды қадамын жасады.
Нұрлан шаршағанын сезді, әйтсе де атқарылған жұмыстарға қанағаттанды. Іс біткенде Жорабек оған жақындап, иығынан құшақтады.
– Керемет жұмыс атқардық, басеке, – деді ол арқасынан қағып. Біле білгенге біз үлкен ерлік істедік.
Нұрлан риясыз күлді. Масаттанды.
– Иә, экстермистерді ұстау екінің бірінің қолынан келе бермейді-ау. Бірақ алда әлі де көп атқарылар жұмыс бар. Біз жаңа сынақтарға дайын болуымыз керек.
Жорабек басын изеді. Біз дайынбыз. Не көрсек те бірге көреміз.
Жаңа көкжиектер
… Құс жолын бетке алып тізбектеліп ұшып бара жатқан құстардай жылдар жылжып өте берді. Нұрлан өзінің білімі мен тәжірибесімен бөлісіп, білгенін, оқып-түйгенін жас ұрпаққа беретін мезгіл келді деп шешті. Ол бір кездері өзі оқыған Қарағанды жоғары мектебінде, бүгінгі академияның жедел іздестіру қызметі кафедрасына оқытушы болып орнығып, сабақ бере бастады. Оның дәрістері курсанттар арасында қызығушылық тудырып, көпке танымал етті және оның бұрынғы Жорабек сияқты бөлімінің қызметкерлері, марқұм Ержан туралы әңгімелері курсанттарды қылмыс туралы түсініктерін қалыптастыруға, кәсіби шеберліктерін ұштауға түрткі болды. Ол шәкірттерін үнемі кәсібилікке үндеді, арлы болуға шақырды.
Оның үстіне облыстық полиция департаменті, аудандық полиция бөлімдерінде, сақшылық кеңістікте капитан Нұрлан мен оның серіктерінің қылмыскерлерді құрықтаудағы ерлік істері кәдімгідей аңызға айналды. Батылдық пен қызметке адалдықтың, алғаусыз берілудің жарқын үлгісі еді бұл.
(Соңы)