Қылмыстың алдын алу үшін Қарағанды облысында бірқатар жұмыс атқарылғанымен, басқаның мүлкіне қол сұққандар да, алаяқтықпен қаражат қымқырушылар да, есірткімен еліккендер де азаяр емес. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес механизмдері күшейтілгенімен де әйелін ұру, анасын сабау, баласына күш көрсету де тыйылмай тұр.
Елімізде құқық тәртібі мен қауіпсіздік мәселелері ерекше назарда. Полиция азаматтармен тиімді өзара іс-қимыл жасауға бағытталған қызметтің сервистік үлгісіне көшуде.
Сонымен қатар құқық қорғау органдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, өңірлерде жоспарлы түрде бейнебақылау камералары орнатылып, қауіпсіздік саласына жаңа цифрлық шешімдер белсенді түрде енгізіліп жатыр.
Дегенмен де қанша жерден қылмыстың алдын алу жүріп жатқанымен заң бұзушылар арамызда толып жүр.
Жыл сайын саны артып келе жатқан алаяқтық азаматтардың алаңдаушылығын арттырып отырғаны тағы бар. Аймақта алаяқтардың келтірген жалпы шығыны 3,1 млрд. теңгеден асып кеткен.
Қылмыстың жартысынан көбі интернет пен әлеуметтік желілер арқылы жасалады.
Өткен бір жарым айда 486 осындай қылмыс тіркелсе, оның 250-і интернет-алаяқтық.
Сонымен қатар, телефон соғып, өздерін банктің қауіпсіздік қызметкерімін деп таныстыратын алаяқтарда көбейген.
Алаяқтарға мәлімет берген банк қызметкері қолға түсті. Ол өзінің 33 жастағы танысына 66 жастағы зейнеткердің жеке деректерін берген. Ал қаскүнем зейнеткерге 930 мың теңге шығын келтірген. Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Жалған банк қызметкерлері тарапынан тұрғындарға 400 млн теңге шығын келген.
– Қылмыстың алдын алу маңызды. Ол үшін әр адам сақ болуы керек. Алаяққа алданып қалмаңыздар. Егер, қиын жағдайға тап болсаңыздар, бірден сақшыларға хабарласыңыздар, – дейді Қарағанды облысының Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Санжар Әділов.
Осындай қылмыстармен күресу үшін өткен жылдың мамыр айынан бастап полиция департаментінің әрбір аумақтық бөлімшелерінде бұл қылмысқа қарсы жедел топтармен киберзертханалары бар «Киберпол» бөлімшелері құрылды.
Бірлескен жұмыс барысында заңсыз мазмұндағы 1366 сайт анықталып, 1250 сайт Cybernadzor жүйесі арқылы бұғатталды.
Ақпараттық технологиялар саласындағы алаяқтық схемалар мен қатерлерді ұйымдастыру технологиясы мен әдістерін үздіксіз жетілдіру үшін департамент ақпараттық технологиялар саласында практикалық дағдылары бар сарапшыларды тартатын Киберполицияны дамыту академиясын құрды.
Қарағанды облысында соңғы жылдары синтетикалық есірткі кең тараған. 2023 жылы есірткі және күшті әсер ететін улы заттардың заңсыз айналымына байланысты 291 есірткі қылмыс анықталды.
Өткен бір жылда 433 кг тәркіленді. Дәрілік зертхана құрудың 4 фактісі анықталды. Салмағы 25 320 келі марихуана, 101 543 келі гашиш, 2 келі синтетикалық есірткінің ірі партиясын тасымалдау тоқтатылды.
Синтетикалық препараттарды таратудың негізгі мәселесі контактісіз сату әдісі.
Яғни кез келген дәріні үйден шықпай-ақ сатып алуға болады. Интернет желісін пайдалана отырып, есірткі заттарын сату бойынша 59 оқиға тіркелді, оның ішінде: 24 іс аяқталып, сотқа жолданған.
Әлеуметтік желілердегі 98 сайт пен сілтеме анықталды. Есірткі және психотроптық заттарды насихаттайтын 32 аккаунт бұғатталды.
Синтетикалық есірткіні сақтау және сату бойынша 72 қылмыстық іс тіркеліп, күдіктілер қамауға алынды.
Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, сондай-ақ оларға бір жерде әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету мәселелерімен жүгінетіндерге арналып «Отбасыға көмек көрсетудің бірыңғай орталығы» ашылған болатын.
Өткен жылдың тамыз айынан бері Орталық қызметкерлерімен 800-ге жуық адам қабылданып, 331 азаматқа құқықтық көмек көрсетілген.
Жыл сайын облыс аумағына қыс таянғанда блок бекеттер қойып, қатаң бақылау жасалса да мал ұрығы да азаяр емес.
Бұқар жырау аудандық полиция басқармасына ауданның екі тұрғыны арызбен шағымданды. Жәбірленушілер тәртіп сақшыларына бірінің қорасынан 12 бас қой ұрланғанын айтса, екіншісінен жылқы ұрланғаны белгілі болды. Әрқайсысына келтірілген шығын көлемі 600 мыңнан болған. Полиция қызметкерлері осы іске қатысы бар 19 бен 21 жас аралығындағы азаматтардың ізіне түсті.
Жас жігіттер оңай олжа табу мақсатында алдымен 12 қой ұрлап, етті базарға өткізіп, ақшаларын өзара бөлісіп отырғаны белгілі болған.
Сонымен қатар, ұрланған жылқыны да сатып жібергені анықталды.
Алты күдіктінің төртеуі уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған деректер бойынша қозғалған қылмыстық істің негізінде күдіктілердің осыған ұқсас басқада қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.
Бұл бір эпизод қана. Ал ұсталғаннан басқа, алдына салған жалғыз малынан, кейде үйір жылқысының артын сипап қалғандарда жетіп артылады.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ