ҚР Бас прокуратурасы Қытай түрмесінде жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға қайтарудан бас тартқанын растады.
«2020 жылдың 19 қазанында Бас прокуратураға сотты болған Ақжарқын Тұрлыбайдың өзін Қазақстанға ауыстыру туралы жазбаша өтінімі түскен болатын. Сол күні-ақ Қытай тарабына тиісті сауал жолданды. ҚХР Әділет министрлігінің 2021 жылғы 3 наурыздағы жауабына сәйкес, Ақжарқын Тұрлыбайды Қазақстанға ауыстырудан бас тартылған. Оның шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына кесілгенін ескеріп, осында шешім қабылданғаны айтылған», — деп жазылған бас прокуратураның мәліметінде.
Дегенмен, Бас прокуратура өкілдері әлі де болса үміт үзуге болмайтынын меңзеп отыр.
«Алайда Қазақстан тарабы Тұрлыбайдың елге қайтарылуынан үмітін үзбейді. Қытай соты оның жаза мерзімін қысқартып, нақты жылдарды атап белгілесе елге қайтару мүмкін болады», — деп жазады Бас прокуратура мамандары.