Қызмет алушының құқығы қалпына келтірілді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің функцияларының біріне  мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бақылау, мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы заңнама талаптарының бұзылуына жолбермеу, сондай-ақ, көрсетілетін қызметті алушылардың бұзылған құқықтары және  заңды мүдделерін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау кіреді.

Осы бағытта Департаментпен Қарағанды қаласы әкімдігі тарапынан жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беруден бас тарту негізінде жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, тиісінше Әкімдікпен шешім қабылдау кезінде Қазақстан Республикасының Жер кодексі талаптарының бұзылғаны анықталды.

Атап айтқанда, меншік иесіне тиесілі жылжымайтын мүлік объектісін пайдалану үшін жер учаскесін конкурс (аукцион) өткізбей беру мүмкіндігін көздейтін заңнама нормалары ескерілмеген.

Тексеріс нәтижелері бойынша Департамент тарапынан тиісті ден қою шаралары қабылданып, көрсетілетін қызметті алушының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру мақсатында өтінішті қайта қарау бастамасы көтерілді.

Нәтижесінде Әкімдік тарапынан жер учаскесіне уақытша жер пайдалану құқығын беру туралы оң шешім қабылданды.

Өз кезегінде, Агенттіктің бастамасымен мемлекеттік қызмет көрсету сапасын қоғамдық бақылаудың тиімді цифрлық құралы —  «EgovKZBot» Telegram-ботыіске қосылған.

Аталған бот арқылы азаматтардың кез келген уақытта және кез келген жерде смартфон арқылы мемлекеттік органдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағым немесе ұсыныс жолдау мүмкіндігі бар.

Сондықтан, мемлекеттік органдар тарапынан мемлекеттік қызмет алу барысында бұзушылықтар орын алған жағдайда, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментіне немесе «EgovKZBot» Telegram-ботына жүгінуге болады.

Жалпы, осындай бақылау шаралары мен азаматтардың Telegram-бот арқылы жолдаған өтініштерін қарау нәтижесінде Департамент тарапынан а.ж. 1 тоқсанында шамамен 35 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді.

 

 

Е. Сагиндиков

МҚІА Қарағанды облысы бойынша

департаментінің Мемлекеттік

көрсетілетін қызметтер

басқармасының басшысы