Замандас достың асқарлы асуы

          Қойлыбай Дәулетханұлымен сонау өткен ғасырдың сексенінші жылдарының ортасында студент кезімізден танысыппын. Сонан бері де 38 жылдай уақыт өтіпті. Ол кезде жастық шағымыз, жалындаған студентпіз. Біз Қарағанды мемлекеттік университетінің  филология факультетіне түскенімізде Қойлекеңдер екінші курс оқитын. Сонан жақсы араласып кеттік.

Сол студент  болып жүріп-ақ, Қойлекең «Қарағанды жастары» дейтін газетке жұмысқа тұрды. Мен де осы жастар басылымына мақалалар беріп тұрдым. Біздің студенттік достығымыз енді шығармашылық достыққа ұласты. Оқу бітіргеннен кейін жастар басылымында істеп жүрген Қойлыбай «Орталық Қазақстан» газетіне ауысатын болып, орнына мені шақырды. Өз қатарластарым секілді мен де осынау «Қарағанды жастары» (кейіннен «Замандас» болған) жастар апталығында алғашқы шығармашылық жолдан өттім. Сосын 1993-1996 жылдары жаңадан ашылған Қарағанды облыстық медициналық «Шипагер» газетінде Қойлекең бас редактор, мен жауапты хатшы және бас редактордың орынбасары болып бірге қызмет еттік. Күнделікті газеттің қарбалас тірлігімен қоса жастықтың жалынды кездерін де басымыздан өткізіп, жақын араластық. Той-томалақ, қуаныш-қызықты бас қосуларда, түрлі жиын-отырыста да қатар жүрдік. Қанаттасып, қатар ұштық. Қасымызда көптеген ниеттес, пейілдес достар болды. Ол уақытта тәуелсіздігімізді енді алған, нарық заманын алғаш бастаған аласапыран кез еді. Жоқшылық, қымбатшылық, құнсыздану – осының бәрі қоғамға өз әсерін тигізіп жатқан-тұғын. Дегенмен, біздің жастық жүрегімізде бір романтикалық жарқыл бар-тын. Үмітіміз үлкен, арманымыз асқақ болатын. Ертеңімізге сендік. Сол сенім барлық қиындық-кедергіні жеңіп шықты.

Қойлекеңнің басты бір ерекшелігі – алдына дер кезінде көп мақсаттар қоя білді. Және осы айқын мақсаттарды орындау жолында табандылық танытты. Бойындағы табиғи дарыны, туған жердің тартылыс қасиеті, ата-бабаның ғажап рухы болар досымыздың ойға алған арман-мақсаттарының көбісі орындалды деп те айтуымызға болады. Бұл тұрғыдан келгенде, ол барлық замандасынан оқ бойы озып кетті. Ақын да, журналист  те, ғалым да, қайраткер де, қоғам белсендісі де болып заманның биігіне көтерілді. Көп жылғы журналистік жолын, шығармашылық еңбегін, қаламгерлік қуатын «көрінгеннің уысына түсе бермейтін» ғалымдықпен ұштастырды. 2002 жылы «Е.А.Букетов – публицист» (10.01.10 – «Журналистика») тақырыбында кандидаттық диссертация жазып, сәтті қорғап шықты. Ғылымға басталған осы құлшыныс 2010 жылы «Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» (10.01.10 – «Журналистика») тақырыбындағы докторлық диссертацияға алып келді. Мұны да ойдағыдай қорғады. Осы тұсқа Қойлекеңнің еңбек кітапшасынан мына деректерді қосайық:

«Жаңаарқа ауданының Құрметті азаматы. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері. Тәуелсіздіктің 20-25 жылдық мемлекеттік медальдарының иегері. ҚР Президентінің стипендиаты.  1998 жылдан Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті журналистика бөлімінде ұстаздық етіп келеді. Филология ғылымдарының докторы, профессор. Қазақ Ұлттық Әдет-ғұрып, Салт-дәстүр Академиясының академигі. Қазақстан Жоғары оқу орындары арасындағы 2011 жылдың үздік оқытушысы. Қарағанды облысы әкімінің үздік журналистерге берілетін дәстүрлі «Алтын сұңқар», тіл жанашырларына арналған «Тіл майталманы» сыйлықтарының иегері.  2023 жылы республикалық үздік журналистерге берілетін «AMANAT-Медиа» сыйлығының жеңімпазы. Әр жылдары Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамоталары, Алғысхаттарымен марапатталған. Қ.Д.Асанов 1987 жылдан Қарағанды облысындағы халық шығармашылығы жұмысына белсенді араласып келеді».

Болмысынан ақын Қойлыбай домбырасын қолға алып, талай-талай айтыс додасына  қатысып, айтулы өнердің бірнеше жүлдесіне де қол жеткізгені өз алдына жеке әңгіме. Қаншама рухани жиындарға әділқазы болғаны да бір төбе. Қоғамымызда болып жатқан әртүрлі мәдени шаралардың да басы-қасында Қойлекеңнің жүруі заңдылық. Өйткені, жер мен елге арналған жұмыр жүрегі үйде тыныш жатқызбасы анық.

Қойлыбай достың шығармашылық алқабындағы толқып піскен егіндей салмақты еңбектеріне зер салсақ, мынадай тамаша тізім шығар еді:

  1. Жылымық жылдар жаңғырығы. Эссе, әңгіме, новеллалар. – Қарағанды, 2004. «Болашақ» баспасы. — 164 бет.
  2. Евней Букетов – публицист. Оқу құралы. — Қарағанды 2005. ҚарМУ баспасы. — 196 бет.
  3. Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты. Монография. — Астана. «Фолиант» баспасы. 2010. — 400 бет.
  4. Сөз өнері және журналистика. Оқу құралы. – Қарағанды, ЖШС Tengri Ltd., 2012 — 172 б.
  5. Халық шығармашылығындағы көсемсөз кеңістігі. Монография. – Қарағанды: «Тенгри», 2012. – 160 б.
  6. Құба таң, құлын дүние. Жыр жинағы. – Астана, 2014. «Фолиант» баспасы. — 154 бет.
  7. Аңызақ соңы ақ жауын… Эсселер, очерк, әңгіме-новеллалар. – Астана, 2014. «Ақжолтай» баспасы.
  8. Қойлыбайдың қобызы. Жыр жинағы. — Астана. «Фолиант» баспасы. 2014. — 168 бет.
  9. Экологияның рухани өрісі. Монография. — Қарағанды. 2014. «Арко» баспасы. — 136 бет.
  10. БАҚ тілі мен стилі. Оқу-әдістемелік құрал. Қарағанды. «Тенгри» баспасы. 2016. — 115 бет.
  11. Сәуірдің соңы құралай. Жыр кітабы. Алматы. «Дәстүр» баспасы. 2016. — 112 бет
  12. РАЙЫС – кішкентай ауылдың үлкен тарихы. – Қарағанды, 2017. — 324 бет.
  13. Қуандық, Алтай, Мамадайырдан бізге дейін: бұрынғы мен бүгінгіміз. – Қарағанды: «Гласир», 2018. — 174 бет.
  14. Заманауи бұқаралық ақпарат құралдарындағы стилистика. Оқу-әдістемелік құралы /-Қарағанды: ҚарУ. «КЕАҚ» баспасы, 2022. — 115 б.
  15. СТИЛИСТИКА ЖӘНЕ РЕДАКЦИЯЛАУ: Бұқаралық ақпарат құралдарының стилистикасы. Оқу-әдістемелік құралы. Қарағанды, 2022. — 115 бет.

Әр жылдары жарық көрген осы кітаптарымен қоса, 200-ге таман ғылыми мақаланың, сондай-ақ, бозбала шағынан бері жазып келе жатқан көптеген публицистикалық, тарихи-танымдық жазбаның авторы. Қазіргі танымал әншілердің орындап жүрген бірнеше әніне сөз де жазып жүргені бар. Белгілі әнші Дәуренбек Әркеновтің әндеріне өлең жазып, шығармашылық байланыста болғандығы да еселі еңбегінің жарқын бір көрінісі дер едік.

Тағы бір қыры – біздің кейіпкерімізге Алланың өзі аузына сөз салған. Құдды баяғы би-шешендер секілді Қойлекең қай отырыста болмасын сөздің ретін тауып сөйлейді, әңгіменің байыбын біліп, сол тақырыпты дөңгелентіп әкетеді. Тілек-батасы да діттеген жерге дөп тиеді. Студент кезінен той-томалақтарды басқарып, Арқаның асабалық мектебін құрып, қалыптастырған да осы Қойлекеңдер!

Мамандығы бойынша мақалаға, не болмаса хабарға тақырыпты дәл қояды. Олай дейтінім, кейде әріптесім бір жазбасына тақырып таба алмай шарқ ұрғанда Қойлекеңе келіп сұрайтынын көрдік те, естідік те.

Біздің қатардың діннен біршама хабары бар. Бәріміз де бірде-екілі сүре-аятты жаттап алып, айтып-оқып жүреміз. Ал Қойлекең мұның бірнешеуін еркін меңгерген, діни сауаты да тәп-тәуір. «Біздің қатар» деп отырғаным, былтырдан бері алпысқа толған, биыл келіп жатқан замандастарым. Келесі жылы келетіндер де бізбен бірге тай-құлындай тебісіп өскендер. Осынау кешегі, бүгінгі және ертеңгі алпысты алқымдаған азаматтардың ішінде Қойлекеңнің сөзі өтімді, бәсі биік. Бәрін ұйымдастырып, барлығына ұйытқы болып жүреді. Қарағанды hәм басқа жақтағы да біз қатарлының ядросы десек те дұрыс болар. Сондай жақсы қасиеті туған топырағынан дарыса керек. Ежелден жанға жайлы, малға майлы Жаңаарқа аймағы өнердің де ту тіккен жері ғой. Сол құнарлы өңірде туып, өсіп-өнген Қойлекеңнің сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз екендігін ел айтып жүр. Ұлы Мағжанның әйгілі «Қойлыбайдың қобызы» дейтін толағай туындысы бар. Сондағы қасиет қонған Қойлыбай бақсының ғарыштық құдіреті біздің Қойлекеңе де қонған. Бір сөзбен айтқанда, арқасына әруақ қонған Арқаның арқалы ақыны!

Биылғы күзде Қойлекең алпыстың асқарлы биігіне шықты. Саналы ғұмырында өнер мен ғылымды қатар алып келеді. Өзінің тынымсыз ізденгіштігімен, еңбекқорлығымен алпыстың асуына абыроймен көтерілді. Соның бір тамаша дәлелі болса керек, күні кеше осы мерейтойының алдында «Құрмет» орденімен марапатталды. Лайықты баға! Құрметті адамға мұндай жоғары марапаттың берілуі – еңбектің бағалануы.

Сөз соңында, замандас дос, әріптес Қойлекеңе мықты денсаулық, шығармашылық табыс тілей отырып, айтарым:  – Айбынды Алпыс – желкенін жел кернеген Жетпіске, әрі қарай Сексеннің сеңгіріне, Тоқсанның торқалы күндеріне жеткізсін! Қоңыр екеулерің үш құлыншақтың қызығын көріп, немере-шөбере сүйіңдер! Әлемдегі бар жақсылықты тіледім!!!

Әлімжан ҚҰТЖАНҰЛЫ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті, 

Журналистика кафедрасының аға оқытушысы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *