Балқаш қаласындағы «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігі әлеуметтік саладағы жетістіктері үшін марапатқа ие болды. Ұйым «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік әлеуметтік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Үздік әлеуметтік жоба» аталымы бойынша жеңімпаз атанып, сонымен қатар облыс әкімінің «Жомарт жүрек» сыйлығымен марапатталды.
Дәстүрге сай, қазан айының соңғы жексенбісінде елімізде Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні аталып өтеді. Биыл бұл күн 26 қазанға сәйкес келді. Аталған мереке – өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың құқықтарын қорғауға үлес қосып жүрген әлеуметтік қызметкерлердің еңбегін бағалауға арналған.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, бүгінде әлеуметтік қорғау саласында 40 мыңнан астам маман арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді. Оның ішінде 12 598 әлеуметтік қызметкер бар, олардың 1 259-ы үкіметтік емес ұйымдарда еңбек етеді. Қазіргі таңда республика бойынша 433 мемлекеттік және 145 үкіметтік емес ұйым арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетеді.
Солардың бірі – Балқаш қаласындағы «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігі. Бұл орталық 2009 жылдың 26 қарашасында ресми түрде үкіметтік емес ұйым мәртебесін алып, қаладағы ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оңалтуға бағытталған алғашқы мекеме болды.
2019 жылы орталық қазіргі кең әрі заманауи ғимаратына көшіп, өз қызметін жаңа деңгейде жалғастырды. Жаңа нысан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жергілікті кәсіпкердің қолдауымен сыйға берілген. Бұған дейін орталық бұрынғы төрт бөлмелі пәтерде орналасқан болса, бүгінде жалпы аумағы 253 шаршы метрді құрайтын кең ғимаратта жұмыс істейді. Нысанды «Сары Казна» ЖШС кәсіпорны сатып алып, толық күрделі жөндеуден өткізген.
Қазіргі таңда орталықта жоғары білімді 11 маман қызмет етеді. Олардың қатарында дефектолог, логопед, нейропсихолог, АФК нұсқаушысы және өзге де салалық мамандар бар. Барлығы да кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында үнемі түрлі курстардан өтіп, тәжірибелерін жетілдіріп отырады.
Айта кету керек, дәл осы орталық Балқашта алғаш болып сенсорлық интеграция, ABA-терапия (қолданбалы мінез-құлық талдауы), нейропсихологиялық түзету, «лас ойындар» әдісі, АФК және басқа да инновациялық тәсілдерді тәжірибеге енгізді.
Ұйымның жетекшісі – Людмила Денисова, ал оның орынбасары әрі әдіскері – Жансая Соционер. 16 жыл ішінде орталықта 800-ден астам бала түзету және оңалту бағдарламасынан өтті. Сабақтарға тіпті Қарағанды мен Астанадан да балалар келеді.
– Мұндай орталықты ашуға мені жетелеген – менің мүгедектігі бар немерем. Өмірлік жағдайларға байланысты оны өзім тәрбиелеуге тура келді. Мамандығым – балабақша тәрбиешісі, осы салада 25 жыл еңбек еттім. Педагогикалық білімім мен тәжірибем ерекше балалармен жұмыс істеуге негіз болды. Қазір орталығымыздың материалдық-техникалық базасы жақсы деңгейде. Әдістемелік кітаптар мен оқу құралдары бар кітапхана жұмыс істейді. Мамандарымыз үнемі кәсіби дамуға ұмтылып, жаңа әдістемелерді меңгеріп отырады, – дейді орталық басшысы Людмила Денисова.
Жақында кәсіби мереке аясында «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігі бірнеше марапатқа ие болды. Орталық «Әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік әлеуметтік қызметкері және үздік әлеуметтік жоба» республикалық байқауының өңірлік кезеңінде «Үздік әлеуметтік жоба» аталымы бойынша жеңімпаз атанды.
Айта кетсек, 2015 жылы да бұл ұйым облыстық және республикалық деңгейде дәл осы байқауда жеңімпаз болған еді. Биылғы байқау «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында өтіп, әлеуметтік қызметкерлердің қоғамдағы беделін арттыру мен адамдарға көмек көрсету ісіне өмірін арнаған үздік мамандарды қолдауға бағытталды. Салтанатты марапаттау рәсімі Қарағанды қаласында өтті. Онда облыс әкімінің еңбек қауіпсіздігі, халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі орынбасары Ораз Таурбеков орталық директорының орынбасары Жансая Соционерге марапат пен қаржылай сертификатты табыс етті.
Сонымен қатар, республикалық деңгейде орталық ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Алғысхатымен марапатталды. Нәтижелер «Әлеуметтік вектор: кәсібилік, құрмет, цифрлық болашақ» халықаралық форумында жарияланып, марапатты министр Светлана Жақыпова табыс етті. Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты.
Байқауға еліміздің барлық өңірінен мыңнан астам өтінім түсіп, финалға 129 қатысушы өтті. Республикалық комиссия қатысушылардың кәсіби жетістіктерін, бейнематериалдарын 10 балдық жүйемен бағалады. Негізгі өлшемшарттар – жұмыс өтілі, марапаттар, инновациялық әдістерді қолдану және бейнеролик сапасы. Сонымен қатар, 1-5 қазан аралығында өткен онлайн-халықтық дауыс беру нәтижелері де ескерілді: әрбір дауыс 0,1 балл ретінде есептелді.
Қарағанды облысында өткен әлеуметтік қызметкерлерді марапаттау салтанатында сала үздіктері мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері құрметке бөленді. Оларға облыс әкімінің сыйлықтары, құрмет грамоталары және алғысхаттар табыс етілді.
Мереке аясында әлеуметтік салада еңбегімен ерекшеленген жандарға облыс әкімінің жыл сайынғы сыйлығы он аталым бойынша берілді. Солардың бірі – Балқаш қаласындағы «Үлкен Жүрек» қоғамдық бірлестігі, ол «Жомарт жүрек» аталымы бойынша облыс әкімінің сыйлығына ие болды.
Нұрдос КӘРІМ
