«Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте»

Туған тілімізді бағалап жүрміз бе? Бүгінгі күннің өзекті мәселесі – ана  тіліміздің жағдайы қалай?  Иә, мемлекеттік тіліміздің жағдайы көңіл қуантарлықтай болмай тұр. Себебі не дейсіз ғой?

Өскелең ұрпақтың, бәрінің емес, әрине, көбінің өзге тілде сөйлеуі алаңдатып тұрған жайы бар. Олардың күнделікті қазақ тіліндегі емес, өзге тілдегі кино, мультфильмді көруі. Бұл – тек  бір ғана себебі. Смартфондағы ойнайтын ойындарының да орыс немесе ағылшын тілінде қолданылуы ұлттық тілді ұмытуға көп себеп. Соның салдарынан жас өрендеріміз өз ана тілімізде емін-еркін сөйлей алмай, ойының бәрін орыс тілінде жеткізуді жөн көреді.

Осы орайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген мақал ойға оралады. Алайда,  өз тілімізге құрметтің болмай тұрғаны қынжылтады. Тілі енді шығып келе жатқан сәбилердің былдырлап өзге тілде сөйлеуі – ұлттығымызға  үлкен сын. Соны мақтаныш көріп, әлеуметтік желіге салып қоятын ата-аналарды да көзіміз көріп жүр.

Жуырда мектебімізде Тіл мәселесіне арналған «Қазақ тілі – қазақ боп қалуымның кепілі» тақырыбында ойталқы ұйымдастырылды. Оған 9,10 сынып оқушылары қатысып, шара барысында жас жеткіншектеріміз тіл мәселесінің қазіргі жағдайы туралы сөз таластырып, ойларын ортаға салды. Бүгінгі заман келбетінен ана тіліміздің ежелден мұра боп келе жатқан  мәртебесі жоғары бірден-бір қазына екеніне салыстыра дәлелдер келтірді.

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына-байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың  жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен дәстүрі. Біздің халық ретінде қасиетімізді жоғарылататын да ана тіліміз – қазақ  тілі.

Сол үшін тіліміздің жойылуына жол бермеу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Сәбилеріміз шетелдің орысшаға аударылған мультфильм, киноларын жандарын беріп көреді. Өкініштісі, өзіміздің отандық мультфильмдер ондай жоғары сұранысқа ие емес. Осы орайда тағы да «неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл – кейбір ата-аналардың бала тәрбиесінде жіберіп отырған үлкен қателігі.

Жоғарыда айтқанымыздай баланы ата-ана емес, смартфон мен интернет тәрбиелеп отырғанын көріп, біліп отырмыз. Ол тәрбие емес-ау, керісінше сәбилеріміздің санасын улап жатыр ма деп ойлаймын. Заманына қарай адамы деген де осы шығар. Технология дамыған сайын, ол біздің өмірімізге де дерт сияқты дендеп барады. Айта берсек, дәлел де көп, мысал да көп…

Тіліміз, жеріміз, еліміз үшін ата-бабаларымыз қанша тер төгіп, өз өмірлерін  қатерге тікті. Ендеше, бізге қалдырып кеткен мұрасын жоғары деңгейге көтеруіміз керек. Демек, біз үшін тер төгіп, жандарын қиған бабаларымыздың аманатына қиянат жасамай, тілдің тұғырын биікке көтеруіміз керек. Сонда ғана біз нағыз қазақ, нағыз патриот екенімізді дәлелдейміз.

Ахмет Байтұрсынұлының «Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» демекші, жоғалмаудың жолдарын қарастыруымыз керек.

Туған тілімізді, жерімізді, елімізді сақтап қалатын біз, жастар!

Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» дегеніндей, сенімін ақтап, тіліміздің мәртебесінің асқақ болуына үлес қосуымыз қажет. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Әр істі өзімізден бастауымыз керек. Тілімізді қастерлейік, оны басқа тілдермен айырбастамауға тырысайық, біз қазақ бола тұра өз тілімізді сыйламасақ, басқа ұлтқа күштеп тілімізді құрметтете алмасымыз анық…

 Айсана АЛПЫСБЕК,

№26 ЖОББМ 11 сынып оқушысы

 Күнгей шағынауданы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *