Жүгі ауыр кадр даярлауға тың тәсілдер енгізілуге тиіс

Президент биыл наурыз айында Бурабайда өткен Ұлттық құрылтай отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында ерекше маңызды мәселелерге назар аударды. Соның ішінде білім беру саласын жаңғырту, кадр даярлауда реформа жасау, бұл салаған жаңаша көзқараспен қарау қажет екенін де айтты. Осыған орай Қарағанды облысында да ауқымды жұмыстар жүзеге асып жатыр. Мәселен, жұмысшы кадрларды даярлауға баса мән беріліп отыр.

Маман даярлауда теория мен тәжірибені ұштастыруға ерекше ден қойылған. Бұл бағытта ауыз толтырып айтарлық жетістік бар. Бүгінде облыстағы 38 колледжде дуальді оқыту енгізілген. Енді бұл тәжірибені барынша кеңейтіп, білім беру барысын өндіріс талаптарына толық сәйкестендіру көзделіп отыр. Әрине, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында аталған мәселе ерекше өзекті екені белгілі. Бұл туралы аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев тақырыпқа қатысты өткен жиындардың бірінде айтқан еді.

  • Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы кәсіби-техникалық білім берудің маңызын арттыруға серпін беріп, өндіріс пен білім беру жүйесі арасындағы әріптестікке жаңа қарқын береді. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша маман даярлау — бізге қойылып отырған басты міндет. Сондай-ақ 2029 жылға дейін дуальді оқытудың үлесін 50 пайызға жеткізіп, келесі жылдың соңына дейін WorldSkills стандарттары бойынша бағалау жүйесін енгізу қажет, – дейді облыс әкімі.

Қазір теория мен білімді ұштастыруға жағдай жасап отырған кәсіпорындар баршылық. Мәселен, автобус пен арнайы техника шығаратын QazTehna зауыты білім беру мекемелері мен өндірістің тиімді әріптестігінің жарқын мысалына айналды. Мұнда кадр даярлаудың кешенді моделі жан-жақты түзілген. Яғни, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, студенттерді дуальді оқыту, бакалавриат бағдарламалары және қызметкерлерге арналған корпоративтік оқыту әдістемесі әзірленген. Студенттер тікелей өндіріске араласып, білімін жетілдіреді. Зауыттың тәжірибелі мамандары оларға тәлімгер ретінде бекітілген. Бүгінге дейін кәсіпорын 160-тан астам мақсатты грант бойынша білім беріп, серіктес ретінде өңірдегі жетекші колледждер мен университеттерді тартты.

  • Біз заманауи құрал-жабдықтарда жұмыс істеуге дайын мамандарды дайындауды өзімізге мақсат етіп алдық. Осы үшін жоғары оқу орындары және колледждермен бірлесіп, жаңа білім беру бағдарламалары әзірленді. Олардың қатарында автомобиль жасау бағыты бойынша бакалавриат және автокөлік сырлаушыларының дайындығы бар. Біздің білім мен өндірісті біріктірген моделіміз басқа кәсіпорындарға үлгі болуға тиіс. Өйткені кадр даярлығы саланың болашақтағы дамуы үшін ауадай қажет, – дейді зауыттың кадр даярлау жөніндегі инженері Жанетта Адаханова.

Қазір аймақта 52 колледж жұмыс істейді. Мұнда мемлекеттік білім беру тапсырысының 60 пайызы техникалық мамандықтарға беріліп отыр. Оның ішінде металлургия, машина жасау, IT, құрылыс, көлік салалары бар.

Дуальді оқытуды 38 колледж шамамен 300-ге жуық кәсіпорынмен бірлесіп жүзеге асырып отыр. Колледждер кәсіпорындардың сұранысына сай кадрларды мақсатты түрде даярлауда. Осының арқасында түлектерді міндетті жұмысқа орналастыру мүмкіндіктері қамтылған.

Сонымен қатар Қытай, Германия, Түркия, Финляндия және басқа елдермен тәжірибе алмасу жұмысы басталды.

Ал Р.Қошқарбаев атындағы Балқаш технология және сервис колледжінде қонақ үй кешені форматындағы оқу зертханасы іске қосылады. Колледж келесі жылдың қыркүйегінен бастап «Қонақ үй ісі және қонақ үй әкімшісі» мамандығы бойынша студенттер қабылдай бастайды. Оқу-зертханалық кешен барынша заманауи үлгіде жабдықталған. Онда нағыз қонақ үй нөмірлері, мейрамхана және кәсіби ас үй қарастырылған.

Бүгінде колледжде «Туризм» және «Қоғамдық тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандықтары бойынша кадр даярлап отыр.

  • Жаңа оқу зертханасында үш мамандықтың студенттері бірлесе тәжірибе жинай алады. Кешен екі қабаттан тұрады. Бірінші қабатта толық жабдықталған ас үй мен оқу мейрамханасы, сондай-ақ заманауи оқу кабинеттері орналасады. Екінші қабатта қонақ үй нөмірлері болады: екі және үш орындық бөлмелер, сондай-ақ VIP санаттағы бір нөмір қарастырылған, – дейді колледж директоры Жәмиля Тезекбаева.

Осылайша колледжде оқу процесі мен нақты өндірістік тәжірибе ұштасады. Студенттер болашақ мамандығын тек теория жүзінде емес, нақты қызмет көрсету жағдайында меңгеретін болады. Жаңа мамандық Балқаш өңіріне курорттық аймақ ретінде сұраныстың артуына байланысты ашылып отыр. Мәселен, биылғы жазда көл жағалауында шамамен 300 мың турист демалған.

Бұдан бөлек Теміртау жоғары политехникалық колледжі базасында су шаруашылығы бойынша құзыреттер орталығы құрылды. Сонымен қатар оқу орны халықаралық әріптестікті де дамытып отыр. Осы орайда BYD компаниясымен бірлесіп электромобильдерді жөндеу және қызмет көрсету бойынша оқу орталығы ашылған.

Білім мен тәжірибенің өзара сабақтастығы – кәсіби даярлықтың басты қағидаты екені сөзсіз. Болашақ – заманауи технологияларды меңгерген, жаңашыл ойлайтын мамандардың қолында. Сондықтан колледждер мен кәсіпорындар арасындағы серіктестікті одан әрі күшейту аса маңызды. Осы орайда жаңашыл технологияларды да қолдану қажет.

  • Білікті кадрларды даярлау – өңір экономикасының негізгі басымдықтарының бірі. Қазір жаңа мамандықтар атласы бекітіліп, ол аймақтағы техникалық және кәсіптік білім беруді жаңғыртудың негізіне айналды. Дегенмен жыл сайын жасанды интеллект пен цифрлық технологиялардың дамуына байланысты жаңа міндеттер туындап отыр, – деді Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

Тек өндіріс саласындағы ғана емес, барлық сала мамандарын даярлауға соны көзқарастарды енгізу қажет-ақ. Мәселен, спорт саласы кадрларын даярлауға да өзгерістер керек. Бұл тақырыпқа қатысты мамандар жиі бас қосып. келелі кездесулер өткізіп тұрады.

  • Қазіргі таңда бұл тақырып ерекше өзектілікке ие. Біздің университетте «Дене шынықтыру және спорт менеджменті» мамандығы ашылып, осы бағытта жаңа оқу бағдарламасы жасалды. Сонымен қатар Ресейдің П.Лесгафт атындағы Ұлттық мемлекеттік дене шынықтыру, спорт және денсаулық университетімен тығыз әріптестік орнаттық, – деді Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің ректоры Ерқара Аймағанбетов осы тақырыпта өткен конференциялардың бірінде.

Сол конференция аясында спорт менеджменті, спорттық медицина және оңалту, сондай-ақ спорт психологиясы бағыттары бойынша шеберлік сабақтары өтті.

Бүгінде Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті базасында жаңа микробіліктілік бағдарламаларын ашу мүмкіндігі қарастырылуда. Бұл бастама отандық спорт менеджерлері, дәрігерлер мен психологтарды кәсіби деңгейде даярлауға жол ашып, еліміздегі кәсіби және бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек. Осы орайда университет Қарағанды дәрігерлік-дене шынықтыру диспансерімен және ҚР Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бір орталығымен өзара ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойды.

Өңірде отандық оқу орындарымен қатар, шетелдік білім ордаларымен байланыс нақты жолға қойылған. Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің жиырма жас ғалымы Қытайдың Шихэцзы университетінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға ресми сапары кезінде қол қойылған академиялық алмасуды дамыту туралы келісімдердің аясында жүзеге асып отыр. Бағдарлама аясында ғалымдар ғылыми зерттеулерді ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін меңгеріп, басқа елдерден келген әріптестердің тәжірибесімен танысады. Аталған сапардың  маңызын Ұлттық құрылтай мүшесі, университет ректоры Нұрлан Дулатбеков жоғары бағалап, жас мамандарға тамаша мүмкіндік беріліп отырғанын атап өтті.

  • Қытаймен қарым-қатынаста ғылым мен білімнің маңызы зор. Азия – студенттер мен ғалымдар алмасуды жолға қоюға қолайлы бағытқа айналып келеді. Қазақстан бұл ретте тиімді жағдайда орналасқан. Сондықтан академиялық ынтымақтастықты дамыта аламыз. Бүгінде біздің университеттерге шетелдік студенттер келіп жатыр. Бұл бірлескен жобаларға жол ашады, – дейді Нұрлан Орынбасарұлы.

Бұл сапардың кәсіби байланыстарды орнатып, халықаралық әріптестікті дамыту тұрғысынан да маңызы ерекше. Жас ғалымдар тағылымдама барысында игерген білімдерін ғылым-білім саласын дамытуға салатыны анық.

Жалпы, ұлттық құрылтайда көтерілген мәселенің барлығы маңызды. Осы орайда білім беру, маман даярлаудың жөні бөлек. себебі келешек Қазақстанның дамуы, тағдыры осы білікті кадрлардың қолында болмақ.

Манас АҚСАРЫ.