Жұмыс табылады

Қарағандылық Арман Жамбұлов 54 жаста. Кәсіби заңгер, ол ұзақ уақыт бойы ресми жұмысқа орналасатын және лайықты жалақысы бар жұмыс таба алмаған. Оған «Күміс жас» жобасы бойынша Мансап орталығынан бос орын таңдалды.

– Егер жұмысқа қабылдау туралы кез келген хабарландыруды қарайтын болсақ, онда барлық жерде жұмыс тәжірибесі бар жасты көргісі келеді. Ал осы тәжірибесі мен біліктілігі бар адамдар неге екені белгісіз қабылданбайды. Сондықтан жоба туралы естігенде бірден Мансап орталыққа келіп, құжаттарды әкелдім, мені бір күнде рәсімдеді, – деді Арман Жамбұлов.

Заңгер жұмысқа орналасқан «Айла САТ» компаниясында жобаның тағы бір қатысушысы – Арман Сапақов жұмыс істейді. Ол мұрағатшы бос орнына орналасып, үш айдан бері жұмыс істеп келеді.

Мемлекет «Күміс жас» жобасы бойынша бизнеске қаржылық жүктемені төмендетеді және жұмыс орындарын субсидиялай отырып, тәжірибелі мамандарды тартуға мүмкіндік береді: бірінші жыл жалақының 70%-ын (30 АЕК-тен аспайтын), екінші жылы – 65%-ын, ал үшінші жылы – 60%-ын жабады.

– Бізде барлық жастағы адам үшін көптеген жоба бар – бұл «Жастар практикасы», «Бірінші жұмыс орны», «Күміс жас», «Алтын жас», сондай-ақ уақытша және қоғамдық жұмыстар. Ең бастысы – жұмыс істеу ниеті, – дейді Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығының директоры Нұржан Сыздықов.

Жобаға қатысу жұмыс іздеушілерге ғана емес, компанияларға да пайда әкеледі.

– Біз зейнеткерлік жас алдындағы адамдарды жұмысқа орналастыра отырып, әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуға ниеттіміз. Олар көп функционалды, жауапты және құнды тәжірибесі бар. Бұған біздің аспаз-кондитер Валентина Оспанова мысал бола алады. Біз осындай кәсіби маман үшін Еңбек ұтқырлығы орталығына ризамыз, – дейді «Данель» кәсіпорнының басшысы Гүлнұр Нәлібаева.

Валентина Оспанованың өзі де жұмыс істеу мүмкіндігіне риза. Зейнеткерлікке екі жыл қалды, жобаның арқасында ол жұмыс тапты.

– Мен Мансап орталығына бардым, маған кондитерлік цехта жұмыс ұсынылды. Барлығы ұнайды. Мен үйде тұрып, зейнетке шығуды күту емес, жақсы жалақы алып, жұмыс істей алатыныма қуаныштымын, – деп бөлісті ол.

Биыл «Күміс жас» жобасы бойынша Қарағанды облысының Еңбек ұтқырлығы орталығы 3 082 жұмыс орнына 1 620 шарт жасасты. 851 бос жұмыс орнына 380 жаңа өтініш келіп түсті.

Қарағанды облысы бойынша еңбек ұтқырлығы орталығы Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі, 709, 2 қабат мекенжайында орналасқан. Call-орталық: 60-50-50.

Облыс қалалары мен аудандарында 13 мансап орталық жұмыс істейді, оларға тұрғылықты жеріне қарай жүгінуге болады.

Еркін РЫМҒАЛИЕВ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *