ЖҮРЕГІМІЗДІҢ ТӨРІНДЕСІҢ

Ескенкелді ұлым отбасымыздағы екінші бала. Оның туған күні әлі күнге дейін көз алдымдағыдай есімде.

Ол 1982 жылы 22 шілде күні болатын. Түскі мезгілде үйге белгілі аудармашы Рымбала Смайылова жеңгеміз келе қалды. Ол кісі үйге кіргенде жедел жәрдем машинасын шақырып отырғанбыз. Сәлден кейін зайыбымды перзентханаға алып кетті. Ал кешке үйге «ұл туды» деген сүйінші хабар келді.

Ертеңінде үлкен ұлым Аманкелдіні көтеріп алып (ол кезде ол бір жарым жаста) ауруханаға бет алдым. Алдымен жол үстіндегі Марал ағамның үйіне соқтым. Өйткені, ол үйде Әйкен шешеміз бар. Апамыз кезінде Кеңес Үкіметін құруға белсене қатысқан, ауылнай болған, Қазақ республикасының I-ші әйелдер сьезіне делегат болып сайланған. Жаңаарқа кентінде ол кісінің есімімен аталған көше бар. Үйге кірген бетте:

–  Айттарың қабыл болсын! Кішкентайынның бауы берік болсын! – деп шешеміз үн қатты. Жеңгеміз ол кісіге жаңалықты жеткізген екен.

–  Бірге болсын! Рақмет! – деп мен де жауап беріп жатырмын. Шай ішіп отырып:

– Апа, мен арнайы келдім. Осы баламның есімін сіз атасаңыз! – дедім.

Сәл үнсіздіктен кейін:

– Рақмет, ниетіңе. Бүгін айт күні ғой. Айткелді деп қойсаң дұрыс болар еді. Бірақ сендер Құдайдан безген атеиссіңдер ғой! – деп сөзін одан әрмен жалғастырды.

– Қызмет істеп жүрсің. Айткелді болмас. Одан да мына үлкен ұлыңмен аман-есен жүрсін деп, есімін Есенкелді қояйық. Сол дұрыс болар! – деп тоқетерін айтты.

– Мақұл. Есенкелді десеңіз, солай болсын! – деп ұлыммен екеуміз үйден шығып кеттік.

Сөйтіп дүниеге Есенкелді есімді бала келді…

Есенкелді (еркелетіп Еско, Есконай дейтінбіз) кішкентайынан ширақ болып өсті. Жылау дегенді, айналасындағы елді мазалауды білмейтін. Өсе келе үлкен ұлым Акошты да, Есконы да кенттегі Ю.Гагарин атындағы мектепке бердік. Қазақ мектебі үйден алыс жерде орналасқан. Әрі ол уақытта елдің бәрі балаларын орыс мектебіне беретін заман болды ғой!

Мектептегі ата-аналар жиналысына өзім барамын. Мұғалімі оны үнемі мақтайтын. Сабақ үлгерімі жақсы болды. Мақтан тұтатынмын.

Есенкелді кішкентайынан сурет салуға әуестенді. Бас кезінде оған еш мән бермедік. Үйге қонақ келсе, үнсіз қолына қарындаш пен қағаз алып, оның алдына қарама-қарсы отырып сурет сала бастайтын. Салып болғаннан кейін жаңағысын көрсетіп:

– Ұқсайды ма? – деп сұрайды. Біз ұқсаса да, ұқсамаса да:

– Иә, ұқсайды. Аумаған өзі! – деп жауап береміз. Соған мәз болады.

Уақыт өте келе Есенкелдінің суреттері әдемілене берді. Сурет пәнінен сабақ беретін ұстазы Әлхамин Жақсыбай Ермекұлы:

– Мына баладан бірдеңе шығады, – дейтін.

Шынында да бір күні салған суреттеріне көз салып қарасам, кәдімгідей жақсы дүниелерге ұқсайды. Жылдар өте бере Есенкелді сурет салудың маманы болып алды. Бас кезінде қарындашпен, одан кейін субояумен, сонаң соң майлы бояумен суреттерін тудырып жатты. Бүгіндері оның 100-ден аса суреті үйде сақтаулы тұр.

Сегізінші сыныпты бітірген жылы Есенкелді мектептен оқу-өндірістік комбинатының орнына жаңадан ашылған колледждің сурет салу факультетіне ауысты. Осы жерде ол сурет салу өнерімен бірыңғай айналысты. Мектептегі кейінгі ұстазы Кәрібозов Серік Дәрібжанұлы да сол колледжге ауысқан. Негізі Есенкелдінің суретші болып қалыптасуына Серік мұғалімнің еңбегі өте зор. Басқасын білмеймін, бірақ Есенкелдімен екеуі бір-бірінен жалықпайтын. Мұғалімі үйретуден, шәкірті үйренуден.

Серік мұғалім:

– Тфә, тфә, тілім тасқа! Мына балаңыздан ұлы суретші шығады, – деп қоятын маған.

Есенкелді кент және аудан көлеміндегі сурет байқауларына қатысып, әрдайым жеңімпаз атанып жүрді.

Бір күні маған колледж директоры Шахмұрат Есенғабылов пен Серік мұғалім екеуі бірге келіп:

– Колледжде Есенкелдінің көрмесін ұйымдастырсақ қалай болады? – деп қолқа салды. Мен ойланбастан келісімімді бердім.

Өзінің алғашқы үлкен көрмесіне Есенкелді жан-жақты, үлкен жауапкершілікпен дайындалды. Көрмесінің жарты суреттері Абайдың, Мұхтардың, Жамбылдың, Ағыбай батырдың, Сайдалы Сары Тоқаның, Тайжан Қалмағанбетовтың, Қажымұқанның, жергілікті ақын-жазушылар Свет Оразаевтың, Өмір Кәріптің, қалғаны табиғат көріністерінің, тағы басқа әртүрлі тақырыпта жазылған суреттері болды. Өзінің туған ауылы Ақадыр кентінің де көріністерін салуды ұмытпады. Ол уақытта Есенкелді суреттерін қарындашпен және субояумен ғана салатын.

Белгіленген күні сурет көрмесін де өткіздік. Көрмеге аудан басшыларын, туған-туыстарымды, дос-жарандарымды, колледж, мектеп ұстаздарын шақырдым. Қонақтарымыз құттықтаумен қатар жас суретшіге сыйлықтарын да табыстады. Біреуі суретшіге керек қол сөмкесін сыйласа, екіншісі мольбертті (суретшілер тақтасы) сыйға тартып жатты. Сол күні Есенкелдінің төбесі көкке екі елі ғана жетпей қалды десем өтірік болмас. Ол мезетте одан бақытты адам болмаған шығар!

Колледжде оқып жүріп, Есенкелді тек қана сурет салумен емес, графикамен де, гипспен де жұмыс істеуді үйрене бастады. Жасаған еңбектерін маған әкеліп көрсететін. Мен мақтау айтсам мәз болып, масайрап қалатын.  Жалпы, Есконай үйде титтей бір жақсылықтар бола қалса, соған балаша қуанатын. Қуанғанын ешқашан да жасырмайтын. Өмірсүйгіш адамдар болса, сондай-ақ болар деп ойлайтынмын.

Шеберлілігі шыңдала келе Есенкелді суреттерін майлы бояумен салуға көшті. Мұхтар Әуезовтың 100 жылдығына қарсы Жезқазған қаласында «Ұлытау үні» фестивалінің аясында сурет көрмесі өткізілетін болды. Сол байқауға қатысуға дайындала бастадық. Мен локомотив депосының бастығы Қанатбаев Әділбай Сағындықұлына жолығып, суреттеріне портреттік жақтаулар (рама) жасаттым. Дүкеннен біраз крагиес сатып алдық. Қиыны майлы бояуды табу болатын. Қарағанды, Жезқазған қалаларында ондай заттар табыла қоймайтын. Әлде қай жерлерден, дүкендерден іздеуді білмедік пе? Бірақ барлық жерден сұрастырып бағатынмын. Тіпті, Қарағанды қаласындағы облыстық суретшілер одағына да бардым. Сұрастырып көрсем, ондай заттар тапшы болады деді.

Содан мен әдейілеп Алматы қаласына тартып кеттім. Сол кездегі астанада күні бойы жаңағы майлы бояуды іздейін. Кешке қарай, әйтеуір іздеген еңбегім еш болмай, жаңағы заттарға тап болдым емес пе. Жерден жеті қоян тапқандай қуандым.

Үйге қайтып келіп, Есконың алдына алған заттарымды төңкеріп тастағанымда, оның жүзі қуаныштан жарқ ете қалды.

– Папа, мыналар маған бір жылға жетеді ғой! – деді.

Дайындығымыз жасалғаннан кейін біз Жезқазған қаласына фестивальға жүретін болдық. Есенкелді майлы бояумен жазылған 12 көркем суреттерін дайындады. Ішінде Абайдың, Мұхтар Әуезовтың, Сайдалы Сары Тоқаның портреттері, ұлан-байтақ жеріміздің табиғаты жайлы суреттері де болды.

Жезқазған қаласында ашылған көрмеге халық лек-легімен келе бастады. Көбісі студенттер, мектеп оқушылары. Есенкелді сол «күннің батырына» айналды. Көрермендер Есконайды тауып алып, қолтаңбасын (автограф) сұрап жатты. Ол болса қуанышы қойнына сыймай қолын қойып бере берді, бере берді. Қол қойғанда арабша ғарпімен қоятын, мешіттегі медреседе үйренгені.

Суретшілер байқауының қазылар алқасының төрағасы, Жезқазған педагогикалық институтының көркем-графикалық факультетінің меңгерушісі, ғылым кандидаты Ижанов Байқоңыр Ижанұлы деген кісі екен. Маған әдейілеп келіп амандасып:

– Мына балаңыз дарынды екен. Алматыға оқуға түсіру керек. Ол жақта менің жолдастарым бар, көмектесейін. Тек, осындай байқауларға қатысқаны туралы диплом, грамоталарын жинай беріңіз, – деді.

Мен әжептәуір қуандым. Осы айтқан сөздерді Ескоға айтып едім, ол да мәз-мейрам бола қалды. Сөйтсем, жаңағы ағамыз әлгі сөзді бекер айтпапты. Қазылар алқасы отырыс өткізіп, Есенкелдіге жүлде тағайындап қойған екен. Бір жағынан жастарды ынталандырайық деп көтермелегендері шығар. Не керек, сол жолы ұлым ерлеп, бас жүлденің бірін жеңіп алды. Дипломы мен бағалы сыйлығын алып, үйге олжалы қайттық. Кәсіпқой суретшілердің арасында осындай жүлдеге ие болғанымызға біз де ризамыз.

1998 жылдың қыс айының бірінде біз Қарағанды қаласына бардық. Жоспарымыз аудан атынан суретшілер байқауына қатысу. Көрме ұйымдастырылған бөлмеге суреттерімізді ілдірдік. Ондағылар:

– Байқау-көрме бір айға созылады, оған дейін осы суреттер ілініп тұрады, – деді.

Айдың аяғында қорытынды шығуына келетін болып ауылға қайтып кеттік. Уақыты келгенде Қарағандыға жетсін деген хабар келді. Есенкелді екеуіміз жолға жиналып жатқанда қан қысымым қатты көтеріліп аяқ астынан науқастанып қалдым. Дәрігерге барып едім:

– Сізге жол жүруге болмайды, – деді.

Дәрігерді тыңдап, сапарымызды тоқтаттық.

Шамамен жарты ай өткенде аудандық білім беру бөлімінен қуанышты хабар келді. Сөйтсек, қазылар алқасы Есенкелдіні жас суретшілер арасында өткен облыстық байқаудың жеңімпазы деп таныпты.

Сол жолы Есенкелдімен Қарағандыға бара алмағаным есіме түссе, әлі күнге дейін өкінемін. Ол жаққа о дүниелік болып кетсем де баруым керек еді. Ұлымның шексіз қуанғанын тағы да көретін едім. Осы өмірде ол көп қызық та көре алмады ғой. Енді ғана есейіп, өмірде өз жолын таңдап, оң-солын біле бастағанда қапияда қыршын кеткен жоқ па?

Есенкелдінің екінші қыры – діндарлығы еді. Бауырым Өмірзақ мешіттің бас имамы болып тағайындалғаннан бастап, соңынан еріп ислам дініне бет бұрды. Кенттегі бұрынғы темір жол клубы қайтадан бейімделіп, оның орнына жаңадан мешіт ашылған. Алғашқы беттен бастап сол мешітке халық бара бастады. Әсіресе, балғын балалар көп барды.

Алғашқы шәкірттердің бірі болып Есенкелді де мешіттен шықпайтын. Соның ішінде медресе ашылып, арабша жазуды, сүрелерді оқып, жатқа айтуды үйренді. Ол кезде жас бала, тілі жатық, үйренгендерін тез меңгеріп алады. Өмірзақ көкесі (менің балаларымның барлығы көке деп айтатын) өзімен бірге ертіп жүрді, сол жерлерде Құран сүрелерін айтқызатын. Мешітте болатын жұма, айт намаздарына, ораза күндері өтетін тарауықтарда азан шақырушы Есконай болатын.

Мешітке баратын замандастары ішінде, әсіресе Кәрсенбаев Дархан Әселтайұлына (былтырғы жылы дүниеден озды) өте жақын жүрді. Отырған жерінде «Дархан аға осылай деп айтты, Дархан аға былай деп айтты» деп отыратын. Оны пір тұтатын. Дархан да Есенкелдіні өзіне жақын тартып жақсы көретін. «Жақсы көретін інім» дейтін. «Есенкелді қаза болыпты!» деген хабарды естігенде Дархан үн-түнсіз отырып қалыпты. Аузынан сөз шығара алмаған. Тосыннан осындай хабарды естігеннен кейін есеңгіреп қалғаны болуы керек.

Есенкелдіні соңғы сапарға шығарып салғанда жаназа намазын сол Дархан шығарған еді. Өзінің қимас інісінің намазын шығарамын дегені үш ұйықтаса түсіне кіріп пе екен? Дархан Әселтайұлы үлкен дін жолында болды. Жәйрем қаласының мешітінің бас имамы, облыстық мешіттің найб-имамы қызметтерін атқарды. Ұстаз деген үлкен атаққа ие болып, көптеген шәкірттерін тәрбиеледі.

Есенкелдінің басқа адамдарды дін жолына тартып, мешітке алып барғандары да аз емес. Ең алдымен ол өзінің ағасы Аманкелдіні дін жолына түсірді. Бас кезінде ағасына уағыз айтып жүретін. Енді бір күндері қарасам екеуі келісіп, мешітке бірге баруды әдетке айналдыра бастады. Қазір Аманкелді бес уақыт намазын тастамайды, жұма намазын қалдырмайды, қолы тиіп жатса кешкілікте мешітке барып сол жерде намазын оқып жүреді. Айналасындағы дос-жарандары да дін жолына түскендер.

Бәрінен қызығы, Есенкелдінің көрші досы, неміс баласы Роберт Андрейді үгіттеп, мұсылман мешітіне апаруы болды. Кәдімгідей намазға жықты. Бас кезінде досының ата-анасы қарсы болған. Бірақ баласы көнбеген соң ол райларынан қайтты.

Кейіннен Андрей әке-шешесімен өздерінің тарихи отаны – Алманияға көшіп кетті. Екеуі бір-бірімен хат жазысып жүрді. Досы туралы «сол жақтағы мұсылман мешітіне барып жүр екен» деп айтып жүретін.

Бір жылдары Еско анасымен бірге Қырғызстанның Бишкек қаласына барған. Ол жақта бір аптадай болды. Сол жақта жүргеннің өзінде мешітті тауып барып жүрген. Бір діндар ақсақалмен танысып, екеуі күндіз-түні шариғат айтады екен.

Бозбала болғаннан кейін қыздарға көз салу да бар ғой. Есенкелді де бір қызға ғашық болыпты. Бірде менің ең кіші ініме:

– Қабылда ағатай! Мен бір қызға ғашықпын. Жап-жақсы бала. Бірақ, Аллаһтың бар екеніне сенбейді. Қалай айтсам да, түсінгісі де келмейді. Осы қызбен сөйлесуді доғарамын ғой деймін, – деп сырын ақтарыпты.

Есенкелді ұлымның дін жолында жүргендегі әңгімелерін әрі қарай да жалғастыра беруге болады.

Ол өз құрбы-құрдастарының арасында достыққа да мығым болды. Тірі кезінде біздің ауладан балалар шықпайтын. Есік алдына шығып дем алып отырайын десем, қаптаған бала. Еріксізден үйге қайтадан кіріп кететінмін.

Әсіресе, Азамат, Айдар, Ұлан, Ерлік, Айгүл, Лейла дегендер оның ең жақын достары болды.

– Біз великолепная семеркамыз! – деп мақтанышпен айтатын.

Есенкелдінің тағы да бір жақсы қасиеттерінің бірі – бауырмалдығы еді. Ең алдымен ол ағасы Аманкелдіні, інісі Нұркелдіні, қарындасы Нұршатты жанындай жақсы көрді. Аманкелдіні үлкен ағасы деп сыйлап, оның айтқандарын екі етпей тыңдайтын. Ал інісіне, қарындасына ағалық қамқорлықпен қарап жүретін. Әсіресе, қарындасы Нұршатты ерекше еркелететін. Нұршат үлкен ағасын – аға, Есконайды – көке, Нұркелдіні – ағатай деп атайды.

Бірде Қарағандыға іссапармен барғанда Есенкелдіні де ала бардым. Өзімнің қолым жұмыстан босамай қойған соң, оған ақша бердім де:

– Еско, базарға барып өзіңе бір жақсы куртка ал. Мен жұмыстарымнан шыға алмаймын, – дедім.

Бірер сағаттан кейін Есенкелді келіп тұр. Сөйтсем ағасы Аманкелдіге де, інісі Нұркелдіге де, өзіне де курткалар алыпты. Жаңағы мен берген ақшаны жаратқан. Алып келген киімдері бауырларына ұнады.

Жалпы айтқанда, Есконай кез келген адаммен тіл табысып кететін. Танысқан бетте іші-бауырына кіріп, барлығына ұнап жататын. Оны үлкен де, кіші де жақсы көріп қалатын. Содан болар, оның жолдастары да, сырластары да, армандастары да көп болды.

Марқұм ұлым үй шаруашылығына қолғабыс жасауға да уақытын тауып жүрді. Қолынан көп шаруа келетін. Тоқ шәйнек, өтек жанып кететін болса, соларды жөндеп тастайды. Магнитофон, радиоқабылдағыштарды да іске қосады. Туалет, ваннаның суағар крандарын ретке келтіріп жататын. Әйтеуір оның қолы тиіп кеткен жер қайтадан әйбаттанып, өз қалпын табатын.

Есконай өзінің туған ауылын өте жақсы көруші еді. Алматы, Қарағанды, Жезқазған қалаларына, басқа жерлерге барып келсе де:

– Менің Ақадырымнан артық ешқандай жер жоқ, – дейтін. Ақыры оған осы Ақадырдың топырағы бұйырды.

Есенкелдінің қайтқанына қырық күн толғанда ескі досым, бұрыңғы Ақадыр аудандық газеттерінің редакторы Төрехан Майбас облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің беттеріне ол туралы «Бояуы қанық келте ғұмыр»  атты керемет мақала жазды. Жазғаны маған да, көпшілікке де ұнады. Мақаланы оқып шыққаннан кейін, ұлыма арнап кітап шығару жөнінде ой пайда болды. Төкеңнің өзімен жәй ғана ақылдасып көріп едім, ол кісі де құптады. Сол уақыттан бастап мақалаға аттас кітап шығару менің арманымның біріне айналды.

Есенкелдіге арналған кітаптың шығару сәті 2007 жылы ғана келді.

Аяулы ұлым, Есенкелдінің фәниден бақиға аттанғанына биыл 28 жыл толып отыр. Ол тірі болғанда жазда 44-ке толар еді. Ортамызда жарқылдап, күліп-ойнап жүруші еді. Бірақ, амал не, ол арамызда жоқ.

Осыншама  айлар, жылдар  өтсе  де  оны   еске  алмаған  күнім  болмады.  Бұл  менің  шындығым. Әрбір жұма күні оған арнап  құран  сүрелерін  бағыштаймын.  Ораза,  айт,  туған күні мен қайтқан  күні  бейітінің   басына  барып  Құран оқып қайтамын.

Есенкелдінің  жарқын  бейнесі, сүйкімді  келбеті,  жайма  шуақ  мінезі  ешқашан да есімізден кетпейді. Есконай ұлым, біз сені  ұмытпаймыз, әрқашан жүрегіміздің төріндесің!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті