Жәкең менің күнде бірге жүрген қатар құрбым емес, ол кісі өмірде де шығармашылықта да аға буын өкілі саналады. Әріптес аға жайлы жазу қиынның қиыны. Жазғандарың көңілінен шыға ма, шықпай ма деген күдік те ойыңа ұялай береді. Журналистиканың «жілігін шағып, майын ішкен» Жайық Бектұров сынды ғұламадан бата алған, оннан астам кітаптың авторы, жазушы, Қазақстан Журналистер одағының, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның құрметті журналисі.
Жанболат Башар жайлы белгілі әдебиеттанушы, кинодраматург, жазушы, эссеші Айгүл Кемелбаева: «Қаны, жаны қазақ жазушы екенін Жанболат Башар бір ғана әңгімесінен танытты», – деп әдемі баға беріпті. Бұл ағаның «Қос боз аңызы» атты шығармасы – біздің өңірде әлі күнге ел аузында айтылып жүрген, қасына тірі тышқан жолай алмаған, асыл текті қос арғымақтың қазақ дәстүріндегі обал мен киеге құрылған қилы тағдыры. Жанболат ағаның өзінің томаға-тұйық мінезі сынды жазғандары да жұртына жаққан жазушы. Өрі-қыры бірдей, өмір жолын өзіндік жолмен өрнектеген, толқындаған ойы, солқылдаған қаламын тастамаған қарымды қаламгер Жанболат Башар ағамыз 70 жасқа толып отыр.
Жылдар өз үлесін алады, жетпіс Жәкеңнің жалаулы жастық дәуренін жымқырыпты. Осы мерейтой қарсаңында жазғандарымды құрғақ сөз, құр аттанға құрамай Жәкеңнің жасаған жарқын істерімен нақтылауды жөн санадым.
– Қызметке қызықпадым, Қазкен. Мамандық дегеннің өзі қызмет, кәсіп. Біле білген адамға өз кәсібіңнің шебері болғанға не жетсін, соған тырыстық, – дейді.
Иә, Жәкең осындай ұстаныммен өмір сүріп келе жатқан аға, мұнысын қолдайсың да. Қадірлі кейіпкеріміз әдеби ортада таныла бастаған жас ақындар мен қаламгерлерге де әрдайым дем беріп, қанат бітіріп отырды. Жәкеңді ұстаз санайтын шәкірттері де жетіп артыларлық. Бүгінде қоғамдық өмірдің қай саласында да бір алапат асығыстық бар. Бәрін тезірек бітіріп, тезірек өткізіп тастағысы келіп қарбаласып жатады.
Өзіміз алдын көрген редакторлардың осалы жоқ еді. Оның бәрі редакторлық жауапкершілік. Қаламызда осындай сөздің жауапкершілігін сезінетін шығармашылық ортадағы аға-апаларымыз саусақпен санарлық. Бір журналист ағамыз айтып еді: «Қазір ғаламтор бар, ал сауат… білмеймін», – деп.
Журналист, жазушы Жәкеңдердің қатары ұлттық ұстанымды өмірде, шығармашылықта темірқазық етті. Таяуда өткен С.Сейфуллин атындағы қалалық кітапхана оқырмандарымен мерейтой алдындағы шарада Балқаш қалалық телестудиясында 30 жылдан астам еңбек еткен диктор апайымыз Бақыт Қамбарова: – Студияға жас журналист Жанболат Башар келгеннен бастап жаңашыл бастамаларымен еңбек адамдарының жанды келбетін жасап, мысшы өңірдің әлеуметтік өзекті мәселелерін көтере отырып, ұлттық болмыс, салт-дәстүр, ана тілімізге құрмет сынды көптің көкейінде жүрген толғақты мәселелерді бірден қолға алып, эфирде апталық шолуды бірінші рет ана тілімізде жүргізіп еді, – деп әріптесі жайлы әдемі әңгіме өрбітіп еді.
Халық рухын, ел мерейін асқақтатқан туған ауылының 90 жылдық мерейтойында да жуан ортасында жүріп, аяғының ұшымен қызмет қылыпты. Бірақ өткен шақ жеміссіз болмаған сынды. Тағылымды тағдырыңда таңбалы ізіңді, танымды жолыңды қалдыру бақыты екінің біріне бұйыра бермес бақ, шаршаған сәттері де болған шығар, бірақ шалдықпапты. Туған жер тағылымын, дуа-дұғадай қасиеттерін көкірегіне қондырып, зердеге тоқып, бойына сіңіре білгендігінің айқын дәлелі – шығармалары. Қазақтың ақындық-әншілік, композиторлық өнерінің дарабозы Шашубай Қошқарбайұлы жайындағы «Шашубай» (1990) естеліктер жинағы, «Үкілі үміт» (1999) жыр кітабы, «Далам менің, кием менің» (2001), «Көкше көлдің самалы» (2004), «Самғау» (2006), «Үркер туғанда» (2009), «Шандоз» (2011), «Пешене»(2012), «Балқаш аймақтық ақындар антологиясын» (2013) құрастырып қазақ поэзиясының алтын қорына енген Әсет, Нарманбет, Шашубай, Дәуітәлі, Абзалдармен кейінгі жас таланттардың еңбегін енгізеді. Сондай-ақ, «Кепиет»(2014), «Қабір үстіндегі зұлмат» (2016) атты еңбектері бар. 2014 жылы Қарағанды облысы әкімдігі мен Қазақстан жазушылар одағы ұйымдастырған «Сарыарқа кітапханасы» атты жинаққа көркем туындылары енгізіледі.
Кітаптарында орағытып қоспалау, әрлеу, әсірелеу жоқ, қызыл сөз, қысыр сөзден де ада нақпа-нақ өмір көріністері. Бұл оқырмандар пікірінен соң туындаған қорытынды. Расында да жазғандарының жымы білінбей кестелі тіркестер бүгінгі өмір ағынымен қоса тыныстап жатса қаламгер бақыты сол емес па?!
Жәкең бұл жағынан олжалы, өйткені халық тілінің қайнарынан қанып ішкен суреткер екенін толықтай дәлелдей білді. 74 жыл совет қоғамын басқарған, өзіміз кәміл сеніп, шын пейілімізбен қызмет еткен Коммунистік партиямыз өмір сүруін тоқтатқан соң, 80 жылдардың аяғына қарай қоғамда, адамдардың қарым-қатынасында тың жаңа көзқарастар қалыптаса бастағаны белгілі. Жәкеңнің қоғам белсендісі, тіл жанашыры ретіндегі атақ дабысы осы өлара шақта жарқырай түсті. 1989-1994 жылдары Балқаш қалалық кеңесінің депутаттығына сайланды, тұрақты комиссияның төрағасы болды. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының төрағалығы міндетінде Жәкеңе сеніп тапсырылады.
«Темірді қызған кезінде соқ» демекші, орайы келіп тұрған ұрымтал сәтті ағамызда жіберсін бе, ұлт мүддесін көздейтін міндеттерді бірден қолға алады. Әрине жалғыз емес, бір топ саналы азаматтардың бас біріктіруі арқасында. Ондағы мақсаттары өңір өмірінің күнгейі мен теріскейін шындықа ғана жүгініп, елдікке, бірлікке баулитын іс-қаракеттерге бағыттау еді. Бүгінгі Қараменде би, Ағыбай батыр, Әлихан Бөкейхан, Шоқан Уәлиханов, Күләш Бәйсейітова, Сәкен Сейфуллин, Желтоқсан көше атауларын өзгертудегі жеткен жетістіктері, өзіміз душар болған тарихи мәңгүрттікке қарсы бағытталған бірінші жеңістері деп бағалар едім. Сол мезгілдің ой безбенімен бағамдар болсақ 100-ге тарта депутаттың 20-сы ғана қазақ болған, қалғаны өзге ұлт өкілі. Ол уақытта сессия шешімімен 7 көшенің атын бірден қазақыландыру, жиырма қазақ үшін, бүгінгі жаһан тойлап жатқан футбол жеңісімен пара-пар еді.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді қазақта және бір елге жаққан жағымды ісі «Жыр-думанның дию-перісі» атанған Шашубай Қошқарбайұлының мерейтойын республика деңгейінде атап өтуге атсалысуы, ақын шығармаларын ел ішінен жинақтауы. Өз айтуы бойынша, Шашубай ақынның 125 жылдық мерейтой мәселесі мен қалада қазақ балабақшаларын ашу жөнінде сессия назарына ұсынылған депутаттық сауалнамасы, өзге ұлт өкілдерінің қолдауына ие болмай, әріптестері тарапынан: «сенде осылардан басқа жұмыс жоқ па?», – деген мазаққа душар етеді. Төзе-төзе дымы таусылған ағамыз, мен сендерге Шашаубайдың кім екенін көрсетейін деген оймен, сол кездегі Орталық комитеттің идиеология басшысы Өзбекәлі Жәнібеков пен Қазақстан Жазушылар одағына хат жолдайды. Жазушылар одағы хат негізінде жедел шешім қабылдап, мерейтойды өткізу жөнінде комиссия құрып, өкілдерін Балқашқа жібереді. Олар келгенде қала басшылығы «менен неге жоғарғы жаққа жазасың» деп жауап алып жатқан», – дейді Жәкең.
Бұның бәрі жәй ғана жазыла салатын үшбу хат емес әрине, темірдей төзіммен жүйке шыдамы.
«Ал Қараменде би көшесі бойынан бірінші қазақ балабақшасын ашуда, кертартпалардың қарсылықтарын ысырып қойып, шешім қабылдатуға мәжбүр еткен сол кездегі Жезқазған обылыстық идеология хатшысы С.Сапарғалиев», – еді деп еске алады.
Ал «Ақпарат айдынында – 80 жыл» деген жазбасында төл газетіміздің тарихына тоқтала келіп: «Отыз жылдан астам ақпарат айдынында аршынды қадам жасаған «Балқаш жұмысшы» газеті де Кеңестік дәуірдің кесірлі саясатының құрбаны болып, 1962 жылы жабылып қалды. Содан араға 28 жыл салып барып, 1990 жылы қоғамдық ұйым өкілдері мен зиялы қауым қазақ тіліндегі газетті қайта ашу мәселесін күн тәртібіне көтерді.
Сол кездегі қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Ү.Жетеновтың қолдауымен қалалық «Балхашский рабочий» газетінің қосымша беті ретінде «Балқаш жұмысшысы» айына бір рет эксперимент ретінде шығарылып тұрды. Бірақ, ол ана тіліне сусаған елдің сұранысын өтемесе де, қазақ тіліндегі газеттің қазақ тілді қауымға қажет екенін дәлелдеді», – дей келе «Приозерный ауданының «Ленин жолы – Ленинский путь» газетінің базасында аудан мен қалаға ортақ «Балқаш өңірі» болып қайта тіркелді. Аудандық басылым ретінде қабылдаған қала басшылығы қаржы да бөлмеді. Тек Тоқырауын ауданы жабылғаннан кейін басылым қалалық деп танылды. Газет редакторы ретінде 2002 жылы Әділет басқармасына, ҚР Мәдениет және ақпарат министірлігіне шығып, кейіннен халық сотының шешімімен «Балқаш өңірі» газеті «Балқаш жұмысшы» газетінің заңды рухани мұрагері деп танылуына қол жеткіздім», – деп жазады естелігінде.
Бала күннен жазуға құштар Жәкеңнің алғашқы өлеңдері мен әңгімелерінің тұсауын кесіп, қанат бітірген аудандық «Арқа еңбеккері» газеті. Марапаттардан да құр алақан емес. Қала, облыс әкімінің құрмет грамоталары, тіл жанашыры ретінде Алматыда өткен «Қазақ тілі» қоғамының Балқаш қаласынан делегаты, Қарағанды облысы әкімінің арнайы тағайындаған «Тіл жаршысы» сыйлығының 2012 жылғы иегері.
Жанболаттан Жәкеңге дейінгі өмір жолыңызға қанықтық аға, жетпіс беске жеткен жетелі, өрелі ғұмырыңызға өмір сәулетін, еңбек зейнетін, жанұя бақытын тілейік, сіз жөнінде әлі талай жазылар, ізгілікті ізіңізге жас ұрпақ үңілсін!
Қазбек ЕШТАНАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі