Қазақстанда әзірленіп жатқан жаңа Конституция жобасында білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына басымдық беріліп отыр. Бұл бағыттар елдің тұрақты дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Білім мен ғылымға ерекше көңіл бөлінуі адам әлеуетін дамытуға және технологиялық тәуелсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді.
Жаңа құжатта мәдениет пен ұлттық рухты көтеру мәселесіне де айрықша назар аударылған. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту – қоғамның рухани тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды фактор. Ал инновацияны қолдау технологиялық прогреске жол ашып, экономиканың серпінді дамуына ықпал етеді.
Аталған бағыттардың барлығы Қазақстанның болашағы үшін аса маңызды. Ғылым мен инновация экономикалық өсімге, халықтың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер етеді. Конституциялық комиссия мүшелерінің айтуынша, жаңа Конституцияда ғылым мен инновацияға қатысты нақты нормалардың енгізілуі еліміздің халықаралық беделін арттырып, Қазақстанды прогресс пен жаңашылдыққа бет алған мемлекет ретінде танытады.
Еліміздің болашағы табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен айқындалатынын көрсететін бұл түбегейлі өзгерістер мемлекеттігімізді нығайтып, ел бірлігін күшейтеді. Жалпы алғанда, жаңа Конституция жобасы Қазақстанның жарқын болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды құжат болмақ.
Гүлмира ДҮЙСЕКОВА,
«Ыбырай Алтынсарин атындағы тірек мектеп (РО)» КММ,
бастауыш сынып мұғалімі, педагог-модератор,
директордың ІІІ санатты оқу ісі жөніндегі орынбасары
