ЖАҢА МІНДЕТТЕР БЕЛЕСІНДЕ

«Жастар нақты бір мамандықтың қыр-сырын жетік білуге ұмтылғаны жөн. Өз саласының шеберіне әрдайым сұраныс болады. Өскелең ұрпақ Қазақстанда ғана емес, өзге елдерде де бәсекеге қабілетті болуы керек».

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ

 

Адамзат баласының тарихында мән-маңызын еш жоғалтпайтын саланың бірі һәм бірегейі – білім беру саласы. 1995-1996 жылдардан бастап үздіксіз жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында қызмет етіп келе жатқан «Bolashaq» Академиясына отыз жыл толып отыр. Әлемдегі оқу орындарының тәжірибесіне сүйенген Қазақстан Республикасының Білім министрлігі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті (Қазақстандағы екінші университет) ректоратына нарықты экономика талаптарын ескере отырып, жаңа тұрпаттағы (білім ақылы негізде) институт құруға ұсыныс жасап, ол Қарағандының маңызды білім беретін «Болашақ» институты болып құрылған еді. Алғашқыда ірі университеттің ауқымды бір бөлімі сияқты болып, оның оқу, оқу-әдістемелік, ғылым, тәрбие саласындағы ұстанымынан тәжірибе жинаған «Болашақ» институты уақыт өте келе, танымал оқу орнына айнала бастады. Қаржы мүмкіндігін ұтымды пайдалану нәтижесінде сол уақыттан бастап, бүгінгі кезге дейін «Болашақтың» атқарған игілікті істері оны танымал етуге алғы-шарттар жасады десек, ешкім де бізді асыра айтты дей қоймасына сеніміміз мол.

Республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі өнер бәсекелеріне, сондай-ақ үлкен ауқымда (ТМД) КТК (көңілді тапқырлар клубы) сайыстарына, ұлттық болмысты жаңғырту мен насихаттау іс-шараларына, спорттық дүниежүзілік жарыстарға қатысып, жүлдегер болғандардың біразы осы оқу орнынан шыққанын айтсақ та, көп мәселені бағамдауымызға болады. Бұл айтылғандарға (әрине, бәрін тізіп шығу мүмкін емес), түрлі білім байқаулары, конкурстар, олимпиадалар, азаматтық ұстаным, дебаттар т.б. сайыстарды қоссаңыз, жеткен жетістіктер мен бағындырған асулар саны, бәрінен бұрын, дамып, қалыптасқан ортаны, жалынбаған, жігерлі жастар мен оларға білім берген тегеурінді, жаңашыл оқытушы-профессорлар арасындағы органикалық байланысты, заңды эволюциялық өсу жолын байқатса керек. Ең бастысы, аға буын мен орта және жас буын арасындағы негізгі білім беру мақсатына орай дәстүр сабақтастығы мен жаңашылдығы мықтап орын алды, ал, бұл жайт, тереңдете қарастырсақ, бүгінгі студент, ертеңгі маманның болмысында адам мен қоғам, сана мен уақыт төрттағанының орын алуына мүмкіндік туғызды дер едік. Облысқа, республикаға, тіпті басқа елдерге осыдан отыз жыл бұрын жекелеген аса қажетті мамандарды даярлау күн тәртібінде өткір тұрды, сондықтан да «Болашақ» жоғары оқу орны маңызды білім беретін институт деп аталды. Ал, сол кездегі маңызды деп аталған мамандықтар қазір де Қарағандыдағы бірнеше ғана университет пен академияда бар. Маман даярлайтын оқу орындары бар екен, алайда әр оқу орнының өзіне тән ерекшелік, өзгешелігі, өзіндік сипаттары болуы қажет қой, міне, біздің ұжым өз міндетінің негізгі өзегіне мүмкіндігі келгенінше, заманауи, тың, соны процестерді айналдыруға тырысты, ал, бұл өз кезегінде ұжымның өз қызмет орнына, кең ауқымдағы тәуелсіз елімізге деген патриотизмін туғызды дегенді баса айтқан абзал. Қазіргі кезең ақпараттар ағымымен, алуан түрлі жарнама, түрлі көзқарас, пікір қайшылығымен ерекшеленетіні ақиқат. Озық технология, цифрландыру, зияткерлік ойындар, әлемдік деңгейдегі ғаламат қарқынмен дамып отырған жаһандану үрдісі, жедел түрде өзгеріске түсіп жатқан әлемдік геосаяси хал-ахуал – бәрі де бүгінгі студентті болашақ кәсібін, біліктілігін шыңдауға, мейлінше білімдар, жинақы, саяси қырағы болуға шақырады, ал, бұдан келіп, жоғарғы оқу орнының заманауи кезеңдегі салмақты ізденістерінің жандануына, аса ірі ауқымдағы білім кеңістігінде емін-еркін іс атқара алатын, кадрлар даярлауына қозғау салады. Жоғарыда аталған озат та озық технологияларға біздің оқу орнымыз алғашқылардың бірі болып көшті. Материалдық-техникалық базаны үнемі жаңарту, заманауи спорт залдары, асхана, түрлі үйірмелер, жатақхана, бай кітапхана, оқу залы, заман талабына сай дәрісханалар, инклюзивті кабинет), «Coworking» орталығы т.б.), студенттер үшін мейлінше қолайлы да тиімді жағдай жасау, ғылыми жобалар мен ғылыми жұмыстардың онан әрмен өрістеуіне қажетті қаражат көлемін ұлғайту, халықаралық журнал мен «Болашақ-Баспа» жұмысын үнемі талапқа сай жетілдіріп отыру – бәрі де жан-жақты ойластырылып, талқылаудан өткен стратегиялық жаңа жоспарда қамтылған. Сөз жоқ, дәріскер ғалымдардың (ұжымда ПҒА құрметті академиктері, толық мүшелері, басқа да академиялардың корреспондент-мүшелері, ғылым докторлары, профессор, ғылым кандидаттары мен доценттер, философия докторлары, сонымен қатар білікті магистрлар бар) жетістіктерге жетуі, студенттер мен магистранттардың біліктілік пен ғылым саласындағы биіктіктерден көрінуі, моральдық, іскерлік жағдайлардың қолайлылығы оқу орнындағы бірлік, ынтымақты нығайтып, тәуелсіз республикамыздың адам капиталына, білім алушының еркіндігі, өз әлеуетін толық пайдаланып, оқу орнындағы қоғамдық жұмыстарға ұйымдастырушы болуы, өзін-өзі басқару саласына белсенділігі – бәрі де жақсы ортада ғана жүзеге аспақ. Академияның басты жетістіктерінің бірі де осында деген жөн.

Жалпы, идеология адамдар санасының ақиқатқа қатынасын анықтайтын және қабылдайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық және философиялық идеялар мен көзқарастардың жүйесі десек, тәуелсіз ел идеологиясында болашақ мамандарды дайындайтын жоғарғы оқу орындарының көтерер жүгі мол. Егер біздің Академияның ЖОО рейтингісінде жоғары орындардан көрінуі, аккредитация мен аттестациядан, институционалды тексерістерден сәтті өтуін қаперге алсақ, дуальді білім беру, кафедралардың филиалдар ашуы, байланысу жүйесінде жұмыс берушінің біздің түлектерімізге лайықты баға беруі, тиісті ұсыныстар жасау, қашықтақтан оқыту тәсілінің жолға қойылуы – бәрі де қанағаттану сезімін туғызумен қатар, жаңа міндеттер жүктейтіні аян. Барлық ЖОО өзіне талапкердің көп келуін қалайды. Оқу орындары бұрынғыдай мемлекеттік деген атауға ие емес. Студенттің аз немесе көп болуы да әр жылдары әр түрлі, көбінесе елдегі демографиялық жағдайға тәуелді. Көрші облыстардың кейбіреуінде біраз жылдан соң педагог кадрлар, заңгерлер, фармацевт, педагогика мен психология, бастауыш білім беру мен әдістемесі т.б. мамандар жетіспеуі мүмкін. Қазіргі талапты ескере отырып, біздің Академияда талапкерлерге грант бөлу, ақылы негіздегі оқуға жеңілдіктер жасауды көбейту туралы батыл шешімдер қабылданды.

Сондықтан «Талапкер – 2025» науқанында Академияға келетін жастарды асыға күтеміз.

«Bolashaq» Академиясының отыз жылдық мерейтойы қарсаңында өткен жолымызға көз жүгіртіп, жетістіктерімізді саралап, болашақтағы міндеттерімізді айқындау – біздің басты мақсатымыздың бірі.

Жарқын болашаққа бірге қадам басайық!

Қуанышбек АДАНОВ,

«Bolashaq» академиясының ректоры   

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *