Жаңа Салық кодексі: мемлекеттің де, халықтың да ортақ мүддесі

Салық кез келген мемлекеттің тірегі. Ол бюджет толтырудың құралы ғана емес, елдің экономикалық бағытын, әлеуметтік әділеттілікті және билік пен қоғам арасындағы сенімді айқындайтын маңызды көрсеткіш. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанда 2026 жылдан бастап қолданысқа енгізілетін жаңа Салық кодексі – жай ғана заңнамалық өзгеріс емес, ел дамуының жаңа кезеңіне жасалған қадам деп айтуға толық негіз бар.

Соңғы жылдары қоғамда салық мәселесіне қатысты сұрақ көбейді. Кәсіпкерлер үшін – салықтың ауыртпалығы, қарапайым азамат үшін – оның әділдігі, ал мемлекет үшін – тұрақты кіріс пен ашық жүйе маңызды. Осы үш мүддені тең ұстау – оңай шаруа емес. Жаңа Салық кодексінің өзектілігі де дәл осы түйіннен туындайды.

 

Неліктен жаңа кодекс қажет болды?

Әлем өзгерді. Экономика да, еңбек нарығы да, табыс табу жолдары да бұрынғыдай емес. Онлайн сауда, цифрлық қызметтер, фриланс, өзін-өзі жұмыспен қамту секілді ұғымдар күнделікті өмірімізге еніп кетті. Ал қолданыстағы салық жүйесі бұл өзгерістерге әрдайым ілесе алмады.

Кәсіпкерлер үшін күрделі есептер мен жиі өзгеретін талаптар сенімсіздік тудырды. Ал мемлекет үшін көлеңкелі экономика мен салықтан жалтару басты мәселелердің біріне айналды. Осы жағдайда салық жүйесін жаңғырту – уақыт талабы болды.

 

Жаңа Салық кодексі нені көздейді?

Жаңа кодекстің басты идеясы – әділдік, ашықтық және түсініктілік. Бұл сөздер қағаз жүзінде әдемі көрінгенімен, іс жүзінде үлкен мағынаға ие.

Біріншіден, кодекс салық төлеушіні «айыпталушы» емес, экономиканың серіктесі ретінде қарастыруға бағытталған. «Жазалау емес, алдын алу» қағидаты – осының айқын дәлелі. Егер кәсіпкер қателессе, алдымен түсіндіру, кеңес беру ұсынылады.

Екіншіден, шағын және орта бизнеске қолдау күшейеді. Өйткені дәл осы сектор – ел экономикасының негізі. Арнаулы салық режимдерінің оңтайландырылуы, есептіліктің жеңілдетілуі – бизнестің «тынысын ашатын» қадамдар.

Үшіншіден, цифрландыру басты орынға шығады. Салық тапсыру, төлем жасау, анықтама алу – барлығы электронды форматта. Бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелін азайтып, уақыт пен жүйкені үнемдейді.

 

Әлеуметтік әділеттілік бар ма?

Көпшілікті толғандыратын басты сұрақтың бірі – «Бұл кодекс қарапайым халыққа не береді?» деген мәселе. Жаңа Салық кодексінде табысқа қарай салық салу тетіктерін жетілдіру көзделген. Яғни кім көп табыс табады – соған сай жауапкершілік те жоғары болуы тиіс.

Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің негізгі қағидасы. Мемлекет жинаған қаржыны білім, медицина, инфрақұрылым сияқты салаларға бағыттай алса, салықтың қоғам үшін маңызы арта түседі.

 

Стратегиялық маңызы неде?

Менің ойымша, жаңа Салық кодексінің ең үлкен стратегиялық мәні – сенім қалыптастыру. Мемлекет пен салық төлеуші бір-біріне сенбейінше, ешбір реформа толық нәтиже бермейді.

Тұрақты әрі болжамды салық жүйесі инвестор үшін де маңызды. Заң жиі өзгермейтін, талаптары түсінікті елге капитал да, технология да келеді. Бұл – экономиканы әртараптандырудың тікелей жолы.

Сонымен қатар өндіріс, өңдеу, «жасыл экономика» мен инновацияға берілетін салықтық ынталандырулар болашаққа жұмыс істейді. Бұл – бүгінгі табыс емес, ертеңгі тұрақтылық үшін жасалған шешімдер.

Қорытынды ой ретінде айта кетсек, былай деуге болады! Жаңа Салық кодексі – мінсіз құжат деп айту қиын. Кез келген реформа тәжірибе барысында жетілдіріледі. Алайда оның бағыты дұрыс. Ең бастысы – бұл кодекс мемлекет үшін ғана емес, халық пен бизнес үшін де түсінікті әрі әділ болуы тиіс.

Егер жаңа салық жүйесі шын мәнінде жеңілдеп, ашық әрі тұрақты болса, азаматтар салықты міндет емес, ел дамуына қосқан үлес ретінде қабылдай бастайды. Ал бұл – кез келген мемлекеттің ең үлкен жетістігі.

Ақылбек ҚАБЖАНОВ,

Заң ғылымдарының кадидаты, профессор

«Bolashaq» академиясының

Құқықтық және қаржылық пәндер кафедрасының меңгерушісі