«Жағдай тудыруға жергілікті билік қарсы емес»

Кезекті кейіпкеріміз – «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығының Қарқаралы ауданы бойынша кеңесшісі Гүлнар Өмірзаққызы.

– «Шаңырақ» көпбалалы отбасыларды қолдау орталығын Қарқаралыда құруға не түрткі болды? Бастапқы жұмыстар неден басталды?

– 2021 жылдары әртүрлі жағдайда көпбалалы аналармен жұмыс істей бастаған Ләззат Қожахметова көптеген аналардың өз құқықтарын білмейтінін, басына түскен мәселе бойынша қайда барып жүгіну керегінен бейхабар екендігін аңдайды. Расын да көбі жоғары оқу орнын бітірмей жатып немесе бітіре сала тұрмысқа шығып кететіні, жолдасы отбасын асырау қамымен жұмыстан босамайтыны белгілі. Осындай қарапайым ғана ұсақ мәселелердің өзінен үлкен келеңсіздіктер туып жатқанына көзі жеткендіктен көпбалалы аналарға кеңес беретін, проблемаларын шешуге көмектесетін орталық ашсам деген оймен Қарағанды облысы әкімдігіне ұсыныс тастап, іске кіріседі. Әкімдік қолдаған соң «Шаңырақ» көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау орталығы» әуелі Қарағандыда ашылды. Іле шала 2022 жылы осы орталық қызметімен біздің Қарқаралы ауданында да ашылатын болды да, кеңесші ретінде жұмысын жүргізуге ұсыныс маған түскенде, мен қуана қабыл алдым. Мұнда көпбалалы аналар заңгер, психолог кеңестерін «бір терезе» қағидасы бойынша осы орталықтан ала алады. Ортақ чаттарымыз бар. Әрқайсысында үш жүзден аналар отыр. Онда кез келген мәселе бойынша әркім сұрақтарын қойып, маман кеңесіне құлақ түріп, тиісті бағытқа жөн сілтенеді.

 

– Көпшілікпен жұмыс оңай емес. Ең бірінші қандай жұмыстан бастадыңыздар?

– Алғаш мен жұмысқа орналасқан кезде аналар түрлі кеңеске жүгінді. Заңгердің, психологтың тегін кеңестерін алды. Әуелі бағыт, бағдар анықтау маңызды ғой кез келген мәселеде. Мұнда да тура сол сияқты, баламен үйде отырып қалған аналарға өте маңызды нәрсенің бірі сол. Мәселен, көптеген ана компьютердің көмегімен егов порталын қолданудың өзіне мұқтаж болып жатады кей жағдайда. Ал білетін адамдардың қызметі ақылы. Оған тір рет жүгінеді, екі рет, үшінші мәрте ақшасы бола ма? Осындай қарапайым ғана қызметтерді тегін алып, кейін бағыт, бағдарын анықтап, баспаналы болып кеткен отбасылар қаншама. Электронды үкіметке тіркеліп, анықтама алудың өзіне қиналатын аналар бәрін өздігінен меңгеріп, жұмыстарын жолға қойып, қалыптасып кеткенінің өзі бақыт. Сонымен қатар, аудан әкімдігінің қолдауымен аудан орталығында «Мектепке жол» акциясы кезінде ауданымыздың қолдарынан өнерлері тамған көпбалалалы аналарды жинап жәрмеңке ұйымдастырдық. Жәрмеңкенің мақсаты өз қолдарымен жасалған құрт, май, қымыз, сүт өнімдерін, тоқыма, көрпе және тәттілерін пісіріп сатып, жинаған ақшаларына балаларын мектепке дайындау. Бұлар ұсақ жұмыстар болып көрінгенімен, аналарды шабыттандырып, рухтандырады. Ынтасын оятады.

 

– Қаражат қайдан келеді? Үнемі демеуші табыла бермейді ғой?

 

– Аймағымазда азаматтық қоғам дамуының бір көрінісі шығар, халыққа жағдай тудыратын біз сияқты орталықтарға жергілікті биліктің қолдауы жақсы. Бұндай қолдау басқа облыстарда бар ма, жоқ па, білмеймін. Осы тұрғыдан келгенде, қалауын тапса билік халықтан аянып отырған жоқ дегім келеді. Орталық мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен ашылғандықтан, орталық қызметкерлерінің жалақысы мемлекет тарапынан бөлінеді. Сонымен қатар, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыспен “Қарқаралы ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі” ММ қолдауымен жұмыс жасап отырмыз. Ал қайырымдылық шаралары демеушілік көмектермен жүзеге асады.

 

– Нақты қызметтерді атап өте аласыз ба?

– Жобаның мақсаты мен міндетіне көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға тиімді қолдау көрсету, көпбалалы отбасылар арасында іскерлік, көшбасшылық бастаманы дамыту кіреді. Белгіленген міндеттерді кешенді шешуге «Talbesyk» көпбалалы аналар одағы» ҚБ ықпал етеді. Онда мынадай қолдаулар қарастырылған:

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға ақпараттық және құқықтық қолдау мәселелері бойынша консультация ұйымдастыру;

— көпбалалы және тұрмысы төмен аналарға жаңа дағды мен мамандыққа баулитын пішу және тігу курстары, қол өнеріне үйрету, әдемілік саласындағы қызметтерге үйрету, аспаздық іс, қазақтың ұлттық қолөнеріне (кәде сыйлар, қазақи костюмдер, көрпе және басқа) жұмыстарын үйрету бойынша сабақтар жүргізу;

— әр сала бойынша консультациялық қызметтер көрсету;

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларға мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда әлеуметтік көмекке құжаттар ресімдеуге жәрдем беру;

— көпбалалы отбасыларға психологиялық және әлеуметтік-экономикалық, әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-еңбектік, әлеуметтік-медициналық, заңдық-консультациялық қызмет және гуманитарлық-қайырымдылық көмек түрінде өмір сүрудің қиын жағдайынан шығуда жедел кешенді қызмет көрсету;

— өңірлік кәсіпкерлер палатасымен, «Агрокредит» кәсіпкерлікті дамыту қорымен, Қазақстанның іскер әйелдері қауымдастығымен және кәсіпкерлердің басқа да қауымдастықтарымен бірлесіп көпбалалы  отбасылардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, бизнес-жоспарларды әзірлеуге және қолдауға, өзі өндірген заттарды сату бойынша жәрдемдесу бойынша дөңгелек стол өткізу;

— көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың ата-аналары мен балалары үшін мәдени-көпшілік, спорттық шаралар ұйымдастыру;

— демеушілердің немесе қайырымдылық қорларының қатысуымен қаражат есебінен гуманитарлық/қайырымдылық көмек көрсету;

— мұқтаж, көпбалалы отбасыларға материалдық және өзге де қолдау көрсетуді қалайтын адамдардың/ұйымдардың және мұқтаж көпбалалы отбасылардың арасында өзара ықпалдастық ұйымдастыру;

— Қазақстандағы көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылар, оның ішінде өмірлік қиын жағдайға тап болған әлеуметтік тобына арнап семинарлар өткізу;

— «көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларды қолдау орталығы» атқарған жұмысын қорытындылайтын форум өткізу;

 

– Тұрмысы төмен отбасылар көбіне қандай көмекке мұқтаж? Қамтамасыз етуге мүмкіндік бар ма?

– Мәселен, демеушілік көмекке: ай сайын 5-10 отбасына азық-түлік себеттерін әзірлеп, жөнелтіп тұрамыз. Ораза айларында және айт мерекелерінде етпен 50-60 отбасына дейін етпен қамтамасыз етілді. Қыстың күні кей отбасыларға көмір түсіріп бергеніміз де бар. Жетпей жатқан жағдайда киім кешектер де үлестірдік. Мерекелер кезінде демеушілермен селбесіп, қап-қап ұндар, күнделікті тұрмысқа керекті заттар да таратамыз. Бастысы, ниет пен ынта болса, демеуші де, тиісті көздерден қаражат та табылатынын айтқым келеді. Бұл жұмыстың негізгі қозғаушы күші ұйымдастыра білу, мұқтаж жандардың жағдайына қарайласу ғана. Қалғаны бірте-бірте кезегімен шешілетініне көзім жетті. Мәселен қолдау орталығында қызмет көрсетілетін отбасылар әлеуметтік тұрғыда былай бөлінеді:

1) Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгез қарым-қатынасқа байланысты арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж деп танылған адамдар (отбасылар);

2) Отбасының (адамның) әлеуметтік әл-ауқатын айқындау әдістемесіне сәйкес шұғыл және дағдарыс деңгейіне жатқызылған адамдар;

3) Көпбалалы отбасы – өз құрамында төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар, өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасы;

4) Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған, өмірлік қиын жағдайдағы отбасы.

 

– Көрсететін қызметтеріңізге нақты тоқталсақ бола ма? Нақты салалар бойынша жүйелеп мысалдар келтіруге бола ма?

 

– Иә жұмыс ауқымы кеңеюде. Кәзіргі таңда менімен бірге психолог және заңгер жұмыс жасайды. Жекелеген консультациялармен қатар орталықта мынадай артықшылықтар көзделген:

  1. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша консультациялық сүйемелдеу; отбасының қоғамдағы жағдайына талдау және мониторинг жүргізу; жағдайы төмен отбасыларды анықтау; отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу;
  2. Қолайлы психологиялық ахуалды қамтамасыз ету мен жанжалдың алдын алу және жою үшін отбасы мүшелеріне психологиялық көмек көрсету; психологиялық тренингтер өткізу.
  3. Алимент, мүлік бөлу мәселелері бойынша заңгерлік тегін кеңес беру. Отбасымен медиативтік, бітімгершілік келісімдер жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
  4. Орталық қызметінің нәтижелері бойынша семинарлар, вебинарлар, дөңгелек үстелдер өткізу.
  5. Отбасы мүшелерін мәдени іс-шараларға қатысуға тарту.

 

– Орталықтың дәнекерлігімен баспаналы болғандар бар шығар?

– Қарқаралы «Шаңырақ» орталығының жұмысы барысында барлығы 6 отбасы ұсынылып, барлығы да кезегімен баспаналы болды. Демеушілік көрсеткен «АСАР ҚАРҚАРАЛЫ» және «АСАРУМЕ» Алматы қайырымдылық қорлары.

 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *