Жақсылардың жалғасы (Жақан атам жайлы бірер сөз)

Жақан Нұрланбекұлы! Бұл кісі – менің әкем Құтжанның әкесі. «Ата» деп еркелеуге тағдыр жазбапты. Мен туған күннен бір жыл сегіз айдай бұрын өмірден өтіпті. Көрмеген кісі жайлы көп нәрсе айта алмайсың ғой. Әкемнің, аға-апаларымның айтуы және елден естігендерім бойынша азырақ баян қылайын.

Жақан 1895 жылы Тағылы тауында туып, 1962 жылы Айғыржал ауылында дүниеден озған екен. 67 жыл ғұмырында небір зұлмат-зобалаңды бастан кешкені бір Аллаға және өзіне аян. Мен бұл кісілердің «мың өліп, мың тірілген» тағдыр-таланына таңғалам, әрі аянышпен қараймын. Өйткені ес біліп, етек жапқан кезінде ХХ ғасыр басталыпты. Ал жиырмасыншы ғасыр басынан аяғына дейін сынақ алаңы (біздің ұлт, біздің қоғам үшін), эксперимент уақыт болды ғой.

Жиырмадан жаңа асып жігіт жасына іліккенде 1916-1917 жылдардың төңкерісіне тап болып, дүние астан-кестен төңкеріліп түскен еді. Ақ пен қызылдың алысқан шағы, аласапыран кез, бір қоғамнан бір қоғамға секірген сергелдең уақыт… Ешкім ешкімнің байыбына бара алмайтын, адамды адам түсініп болмайтын мекер мезгіл… Бәлкім, бұған дейінгі өмірі жастықтың жалынында, Тағылы-Бұғылы тауларының жазиралы жайлауында ат мініп, қымыз ішіп, қызықпен өткен де шығар. Себебі ол кезең сәл де болса еркіндеу, қазақы қалпымыз аса бұзыла қоймаған заман еді ғой. Оның үстіне, Жақан атамыз, кеңес үкіметінің тілімен айтқанда, «үстем тап өкілі» болатын. Арғы бабалары Қаракесек – Бес Бошан – Тағайдан тарайтын Кешубай, Түкентай, Жаужан секілді кілең қаракөктің тұқымы-ды. Батыр да, би де, бай-дәулетті адамдар да солардан шыққан. Елді де билеген, сөздің де киесі қонған. Осындай бұрынғы игі жақсылардың ғаламат үрдісі Жақанның атасы Мұқырға мейлінше дарыған екен. Сол Мұқыр бабамыз тегі мықты, рухы күшті, уызына жарыған өте аруақты адам болса керек. Ырыс-несібесі, байлық-дәулеті өз алдына, көп жылдар заманына орай болыс болыпты. Ата шежіре мен ел ішіндегі әңгімелерге қарағанда, орыс патшасының саясатына жағынған, ұлық-ояздардың айтқандарын бұлжытпай орындайтын итаршы болыс емес, халықтың қамын ойлайтын, ағайын-туыстың жанын түсінетін әділ де ақылды болыс болыпты. Мұның бір-екі дәлелі – біздің Тағылы тауында Мұқыр бабамыз жайлаған қыстақтың әлі күнге дейін орны жатыр. Сол жерде ол кісі және ағайын-туыс, ұрпақтары жерленген үлкен қорым бар. Ауыл тұрғындары ол жерді киелі де қасиетті деп, әрі-бері өткендерінде зиярат етіп жүреді. Бала кезімізде сол арадан машиналардың баяулап, әйелдердің жаяулап өткендерін де талай көрдік. Әлі күнге дейін бабамыздың атын атамай, «Байдың басы» деуінде де үлкен сыр жатқан сияқты. Таңғажайып Тағылы тауының ішіндегі әулиелі жерлердің бірі екендігі де рас. Бұл – менің жеке ойым емес, ол кісіге арналған көпшіліктің сөзі.

Иә, осындай жақсы адамдардың жалғасы Жақан атамыз да азаматтығы жоғары, кісілігі келіскен, сауаты бар, өз заманының абыройлы жандарының бірі болыпты. Ескіше де, жаңаша да хат танып, әдебиетке, жалпы сөз өнеріне жақын болған. Әсіресе дін мен шариғат жолын мықты меңгерсе керек, көпшілік жұрт пен ағайын-туыстың бәрі «Молдеке» деп атапты. Әкеміздің өзі «Молдекем» деп отыратын. Көргендердің айтуы бойынша, Жақан атамыз еңбекқор, қарулы адам екен. Колхоздың талай қара жұмысын қолмен атқарғанын да, әкеміз өзіне ауыл шетінен үй салғанда, жастарға басшы болып, лайдан кірпіш жасағанын да, жұмысты жапырып істейтінін, ешқашан ерінбейтін ерекше еңбек адамы болғанын да үлкендерден еститінмін. Ол кісінің бәйбішесі Бөпежан әжеміз «керемет сынықшы, халық медицинасын жақсы меңгерген, емшілік қасиеті мол адам болыпты» дейді ел дерегі. Жақан атамыз бен Бөпежан әжеміздің балалары оннан да көп болған екен. Бірақ сүзек, шешек секілді індеттердің кесірінен көбісі сәбиінде шетінеп кеткен. Тек үш ұл, бір қыз ғана аман қалған. Рысқұл, Құтжан, Исағұл есімді ұлдарынан, Қаламсия дейтін қызынан бүгінде біршама ұрпақ тараған. Сол үш ұлдан жалғасқан біздер қазір өзімізді «Жақан әулетіміз» дейміз, еліміздің әр қиырында еңбек етіп жүріп жатқан жайымыз бар.

 

***

Атамыздың 1932 жылғы аштық кезіндегі бір-екі хикаясын да әкейден бала күнімде естіп едім.

Қазақ ұлтына нәубет болып келген сол ашаршылықта Айғыржал ауылынан ел үдере көшкенде, Жақанның үйі және Дадан деген кісі бар, екі-үш-ақ үй қыстап қалыпты. Бұл кісілердің біраз малын үкімет тартып алса да, тау ішінде бір-екі қарасын, ұсақ-түйек қой-ешкілерінен аздап жасырып сақтап қалса керек. Атамыздың астында мінерге аты болыпты. Сонан күздің суық бір күнінде жабағы сойып, кешкілікте шағындап ет асып жатқан ғой. Қайдан шыққаны белгісіз, сырттан тасырлатып екі милиционер кіріп келеді. Үй ішінде жылқы етінің иісі бұрқырап тұрыпты. Әлгі екеуі бірден тап беріп:

– Жылқы сойыпсыңдар ғой, оны қайдан алдыңдар? – деп тергей жөнеледі. Сонда Жақан атамыз еш саспастан:

– Мына Рысқұл балам бағана даладан 3-4 сарышұнақ ұстап әкеліп еді. Шөппен қоректенетін жануарлар таза ғой. Балаларға нәр болсын деп асып жатқанымыз, – депті. Ілік іздеген екеуі бастарын шайқап бір-біріне:

– Өмірі естімеген екенбіз. Сарышұнақ тышқанның еті де жылқыға ұқсас екен ғой. Иістері бірдей, – деп таңғалыпты. Тіпті жастау біреуі сеніңкіремей, қазанның қақпағын ашып та көріпті. Сөйтсе, сол кезеңнің сақтығымен жүретін ол кісі етті қазанға саларда сүйегінен ажыратып, ұсақтап турап пісіретін болған (әрине, етсіз қалған бос сүйектерді көктемге сақтаған). Қайнап жатқан сорпа ішіндегі ұсақ еттердің ненікі екенін ешкім де айыра алмайды ғой. Әлгі екі тыңшы таңғалып әрі тамсанып өз жөндеріне кеткен екен.

Тағы бірде Тағылы тауының бір сайындағы қылтадан атпен өте бергенде, екі адам атып шығып, атының екі жақ тізгініне жармасады. Маңайдың бәрі қап-қараңғы. Түнгі тау іші. Көмек сұрар ешкім жоқ. Аш-арықтар, жол торуылдаған қарақшылар мен ұрылар көбейген мазасыз уақыт қой… Бейтаныс екеудің біреуі:

– Жылдам аттан түс, көлігіңді бізге қалдыр да, жаяу кет! Жаның – олжа! – деп зілдене үн қатса, екіншісі:

– Көнбесең көмусіз қаласың! – деп гүр етіпті.

Сол кезде атамыз тізгінді тартыңқырап, қолындағы қамшысымен екеуін екі тартып, үшінші соққыны аттың шабына салыпты. Онсызда осқырынып жер тарпып тұрған жануар, жанды жеріне қамшы тиген соң, алдыңғы екі аяғын қайшылай тік шапшығанда екі адамды екі жаққа ұшырыпты. Осы сәтте атты қамшымен және бір тартып, тізгінді сәл босатқанда, ат алға қарғып, шаба жөнелген. Сөйтіп түн қарақшыларынан аман құтылған екен.

Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, 1941 жылы, атамыз 46 жаста екен. Соғыс уақытында мұндай жасы асқан адамдарды «еңбек армиясы» (трудармия) дейтін арнайы жасаққа алған екен. Бұл да соғыс санатында. Өйткені жау қиратып кеткен жерлерді, бұзылған елдімекен, аудан, қалаларды қайтадан қалпына келтіретін осындай топтар болыпты. Қираған, бұзылған жерлерді жөндеу, құрылыс салу, тағы басқа да соғыс өткен аймақтардағы еңбек майданы. Кейде қайта айналып соғатын жау оғының астында қалатын сәттері де болған.

Соғыс басында осы еңбек армиясында болған ол кісілерді кейін «соғысқа адам жетпей жатыр» деген желеумен қанды майданға кіргізіп жіберген… Сол кезде өзі қатарлас қырықтан мол асқан егде солдаттардың қасына бір жас солдатты қосып, екеуара бір мылтық береді екен. Сонда өмір көрген, тәжірибесі бар үлкені «Шабуылға шығыңдар, алға!» деген бұйрық берілгенде қасындағы жас жауынгерді аяп: «Сен окопта қал, мылтықты маған бер!» – деп алға ұмтылады екен. Мылтыққа жармасып көнбегендерді маңдайдан мылтықтың дүмімен ұрып окопқа есінен тандыра құлатып, өздері атысқа шығады екен. Ондағы ойлары «Біз жасарымызды жасадық, ұрпақ өргіздік. Мына жас жігіттер аман қалсын, ұрпақ өсірсін» деген жанашыр ниеттері екен-ау (Рухтары разы болсын сол марқұмдардың).

Соғыстың басынан аяғына дейін болған ауыр күндерде атамыз елге, ағайын-туыс, үй ішіне хатты тек өлеңмен жазып отырған. Төте жазумен (араб графикасы) жазылған әлгі өлең-хаттар бертінге дейін сақталып, оны баласы Рысқұл әкеміз кириллицаға аударып бізге жеткізді (Менде сол хаттардың кирилше нұсқасы әлі де сақтаулы). Әрине, ол жәдігер хаттарды поэзия деп, өлең талаптарын дұрыс қолданған деп айта алмаймыз. 11 буындық қара өлең үлгісі. Дегенмен сыртқы ұйқасы, ішкі мән-мағына, ой тиянақтылығы сақталған. Бір ерекшелігі – әр хатында кімге арнағаны, майданның қай жері, қай қала екендігі, күні мен айы, жылы түгелдей нақты жазылған. Майдан даласындағы солдаттың сағынышы, туған жерге, елге деген махаббат пен мұң анық аңғарылатын бұл жазбалар сол сұрапыл соғыстың өзінде қазақ жауынгерінің үлкен рух пен қайтпас қайсарлықтың үлгісі болғанын дәлелдейді.

Соғыс демекші, атамыз алғаш майданға алынғанда әскери киім кисе де, қалтасынан шақшасын тастамай, беліндегі белбеуіне насыбай үгетін келісін байлап жүріпті. Әскердің заңында артық-ауыс дүниелерді тағуға, ұстап жүруге болмайды. Қарудан басқаға рұқсат жоқ. Бір күні атамыздың белінде бұлғаңдап жүрген насыбай үккішті командирі жұлып алып, жерге бір соғып сындырыпты. Қазақтың ежелден келе жатқан әдеті – насыбай атуды түсінбеген және ағаштан арнайы ойылып жасалған керемет келіні сындырған орыс командирінің мына жөнсіз қылығына шыдамай кеткен атамыз сол жерде әлгі бастықсымақты жағадан шап беріп жерге алып соғып ұрып тастаған. Сонан қарулы қазаққа шамасы жетпеген жаман орыс өзінен үлкен басшыға барып шағым айтқан. «Бір азиат тәртіпке бағынбай өз дегенін істеп жүр. Шара қолданыңызшы», – десе керек. Сол кезде Жақанды үлкен командир бір солдат жіберіп штабқа шақыртады. Бір пәленің болатынын сезген атамыз әлгі жерде жатқан сынық келіні қалтаға салып алады да, штабқа кіріп келеді. Үлкен бастықтың (ол да – орыс) кабинетінде өзінен таяқ жеген кіші командир де тұр екен. «Не үшін жанжал болды?» деген сұраққа атамыз болған оқиғаны айтып, сынған затын үстел үстіне қойыпты. Бүлінген затты әрі-бері аударып қараған үлкен басшы (ойына әлдене түсті ме екен, қанша дегенмен, соғыс уақыты ғой…) кіші командирге қарап:

– Мына солдаттың затын тура сондай қылып қайтадан қалпына келтіріп бер! – деп бұйрық беріпті. Ал үлкен басшының қарапайым солдатты құрметтеген мейіріміне алғыс білдірген Жақан атамыз штабтан көңілді шығыпты. Ақыры сол кіші командир сынған келіні қалпына келтіріп жөндеген екен.

Осынау кішкене детальды мен Елкен дейтін құдамыздан естідім. Елкен ағамыз – Жақан атамызды көрген, талай әңгімелескен адам. Осы жайтты атамыздың өз аузынан естіпті.

Бір қызығы – сол насыбай дайындайтын «аппаратын» атамыз соғыс біткенше беліне тағып жүріпті… Атамыз сол кездегі кеңес жауынгерлерімен бірге Берлинге дейін барып, соғысты аяқтап қайтқан. Әйтеуір, бағына қарай, сол қанды майданнан аман-есен елге оралыпты.

Кейінгі бейбіт өмірде де Жақан Нұрланбекұлы жайлы ел ішінде жақсы әңгімелер бар екен. Оның бәрі кітапқа болмаса, бір мақаланың аясына сыймас. Осымен баянымды аяқтайын.

Айтпақшы, мен өткен ғасырдың аяғында, 1997 жылы, төлқұжаттағы тегімді (фамилияны) өзгерттім. «Жақанов» дегенді Жақан қылдым. Өзімше -овтан құтылғаным, қазақшалағаным. Сонан бері атама мүлдем жақындадым. Олай дейтінім – кейінгі 25 жылдай еңбек өтілімде, ширек ғасырлық уақытта тек жоғары оқу орнында оқытушы болып еңбек етіп жүрмін. Осы аралықта студенттердің кейбірі менің Әлімжан Жақан дейтін аты-жөнімді шатыстырып: «Жақан ағай, Жақан ағай», – дейді. Оларға әріптестерім ренжіп: «Неге дұрыс айтпайсыңдар?!» – деп ұрсып береді. Ал мен сондай сәтте студенттеріме разы болып: «Айта беріңдер, атамның аты аталып, рухы разы болсын!» – деп, әріптестеріме түсіндіріп жатамын. Өмір болған соң мұндай қызықтар да болып тұрады.

Сөйтіп, өзім көрмесем де, Жақан атам жайлы азырақ дерегім – осы.

Биылғы 2025 жылы Жақан атамыз бен Бөпежан әжеміздің туғандарына 130 жыл болыпты. Рухтары шат болсын!

Әлімжан ЖАҚАН