Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында Қарағанды қаласында жақында ғана есігін айқара ашқан Жайлы мектепте «Тәңірден келген тәтті сый» атты театрландырылған қойылым өтті.
Бабаларымыздың аңсаған азаттық жолын театрландырылған көріністе жеткізе білген мектеп оқушыларының куәсі болдық. Мерекелік кеш аясында ұйымдастырылған бұл қойылымның басты мақсаты – тәуелсіздіктің қадірін ұрпаққа жеткізу, халқымыздың батырлығын, қажыр-қайратын паш ету және егемен елдің құндылықтарын насихаттау болды.
Кешегі Керей-Жәнібек хандар мен Абылай хан дәуірінен бастап, Желтоқсан оқиғасына дейінгі тарихи кезеңдерді суреттеді. Аштықты да соғысты да басынан кешкен аталарымыз бен аналарымыздың ерлігін бір мәрте паш еткен сахнада қазақ даласындағы еркіндікке ұмтылыс, ел бірлігін нығайту жолы мен 1986 жылғы жастардың еркіндікке деген үндеуі әсерлі түрде бейнеленді.
№19 мектеп директоры Гүлдана Асамиданова:
– Тәуелсіздік мерекесіне орай «Тәңірден келген тәтті сый» атты мюзиклге мектеп ұстаздары мен оқушылары белсене қатысты. Негізінде біздің мектепте түрлі кештерді жиі өткізуге зор мүмкіндігіміз бар. Айта кетейін, мектеп ғимараты төрт қабатты. Бұл облыс мектептері арасындағы ең үлкені. Аумағында балаларға ыңғайлы болу үшін қойылған периметрлік кіреберістер, бастауыш сыныптар мен жоғары сыныптағыларға арналған жеке кіреберістер бар. Мектеп ауласында ойын, воркаут, футбол, баскетбол алаңдары, хоккей корты, жүгіру алаңы бар. Ауланы көгалдандыруға арналған ағаштар қоңыржай белдеулік климатқа таңдалып алынған, – деп таныстырып өтті.
Сол күні оқушылардың ұлттық спорт «Қазақ күресіне» қызығушылығын арттыру мақсатында «Жайлы мектеп барысы» ұйымдастырылды. Сайысқа 6,7,8-сыныптың ұлдары қатысты.
Жас барыстарды қолдауға облыс намысын республикалық, әлемдік деңгейде қорғап жүрген Ерғанат Молдағұлов сынды балуандардың келуі көптің көңілін көтерді. Турнирдің қорытындысы бойынша жеңімпаздар анықталып, әр салмақта Нұрбол Анаралиев, Сұлтан Жекенов, Алдияр Рымбаев, Әлинұр Сайдағалиев «Жайлы мектеп барысы» атанды.
Оларға жүлделер мен мақтау қағаздары табысталды.
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ