Жас ақындар жарысы

Қазақ поэзиясының дауылпаз ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 115 жыл толуына орай Қарағандыда «Мен – дауылдың ұлымын» атты жас ақындар арасында поэтикалық дуэль өтті. Әдеби дода Қазақстан Жазушылар одағының өңірлік филиалының бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді.

Биылғы поэтикалық сайысқа өңірдің түкпір-түкпірінен келген отызға жуық жас ақын қатысып, өлең арқылы өз шеберліктерін сынға салды. Дуэль жас қаламгерлер үшін тек бәсеке алаңы ғана емес, поэзиядағы бағыт-бағдарын айқындайтын шығармашылық мектепке айналды.

Әдеби шараға Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов арнайы қатысып, жас ақындарға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде Қасым Аманжоловтың қазақ әдебиетіндегі орнына ерекше тоқталды.

– Халқымыздың тарихында Қасым Аманжоловтың орны бөлек. Ел бодандықтың құрсауында жүрген тұста ақынның «Мен – қазақтың баласы!» деп жар салған өр дауысы халық рухын көтерді. Оның жалынды жырлары ұлттың еңсесін тіктеді. Ақын – халқына от беретін, жігер сыйлайтын ерекше тұлға. Бүгінде өңірде шығармашыл жастарға айрықша қолдау көрсетілуі де – сол рухтың жалғасы. Осы дуэльге қатысқан жас ақындар ертең елдің әдебиеті мен мәдениетін биікке көтеретін тұлғаларға айналады деп сенемін. Баршаңызға бұл додада ғана емес, өмір жолында да жүйрік болуларыңызды тілеймін, – деді Нұрлан Бикенов.

Қазақстан Жазушылар одағының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Жанат Жаңқашұлы поэтикалық дуэльдің мәні мен маңызына тоқталып, бұл сайыстың жаңа есімдерді танытудағы рөліне назар аударды.

– Мағжан Жұмабаевтың «Толқыннан толқын туады» деген сөзі бар. Бүгінгі дуэльге қатысушылар – сол жаңа толқын. Кейінгі буынның әлеуетін байқап, таланттарына қолдау көрсету – аға буынның міндеті. Республика көлемінде Қарағанды поэзиясының бағасы жоғары. Сол деңгейден төмендемей, қазақ әдебиетіне жаңа олжа салатын ақындар өсіп шықса дейміз. Бүгінгі поэтикалық дуэльдің мақсаты да – осы, – деді ол.

Тартысты өткен сайыс нәтижесінде төрт ақын қазылар алқасының шешімімен ақтық кезеңге жолдама алды. Қазылар мен көрерменнің ықыласына бөленген жас ақын Нұрасыл Аманжол бірінші орынды иеленсе, жас шайыр Ералы Ғаниға екінші орын бұйырды. Ал Мақпал Көшербай мен Ақжігіт Сағынтай үшінші орыннан көрінді.

Қасым рухын ұлықтаған бұл поэтикалық дуэль жас ақындардың сөзге деген жауапкершілігін арттырып қана қоймай, Қарағанды өңірінде поэзияның жаңа толқыны қалыптасып келе жатқанын айқын көрсетті.

Ералы ҒАНИ