Жастар арасындағы буллингтің алдын алу: «Стоп буллинг: құрмет, қолдау, сенім»

2025 жылдың 15 қыркүйегінде Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде студенттерге арналған «Буллинг» тақырыбында кездесу өтті. Іс-шараны Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Кездесудің басты мақсаты – жастар арасындағы буллинг пен кибербуллинг мәселелерін талқылау, сыйластық мәдениетін қалыптастыру, эмпатияны дамыту, бір-бірін қолдауға үйрету, сондай-ақ психологиялық қысымға қарсы тұру әдістерін меңгеру болды.

Спикер ретінде Жастар ресурстық орталығының психологы Аскамбаева Алия Төлегенқызы сөз сөйледі. Ол қатысушылармен күйзеліске төтеп беруге және қиын жағдайларда сенімді болуға көмектесетін практикалық тәсілдерімен бөлісті. Бұдан бөлек, студенттерге командалық жұмыс пен өзара түсіністікті дамытуға бағытталған интерактивті жаттығулар ұсынылды. Жастар шынайы мысалдарды талқылап, қақтығыстардан шығудың өз нұсқаларын ұсынды және маманнан кеңес алды.

«Буллинг – жай ғана ренжітетін сөздер немесе әрекеттер емес, адамның жан дүниесінде терең із қалдыратын психологиялық қысым. Біздің мақсатымыз – жастарға әрқашан жол бар екенін, әрқашан қолдау болатынын көрсету. Мәселелерді айтуға және уақытында көмек сұрауға үйрену өте маңызды. Осындай кездесулер жастардың өздерін жалғыз сезінбеуіне көмектеседі», – деп атап өтті Аскамбаева Алия Төлегенқызы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар қауіпсіз білім беру ортасын құруға, студенттік қауымдастықты нығайтуға және қақтығыстар деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *