Қарағанды облысында жастардың арасында зиянды әдеттердің таралмауының алдын алу мақсатында сәйкес жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, жақында облыс студенттері арнайы ұйымдастырылған жиында бас қосты. Мұнда жастар нашақорлық, буллинг және вейп сында күрделі тақырыптарды талқылады.
Отырысқа облыс полицейлері, психологтар мен ерікті мамандар қатысты. Олар электронды темекінің, синтетикалық есірткінің зияны, жастардың арасында буллингтің таралуы туралы сөз қозғады.
Осындай профилактикалық іс-шаралар «Заң және тәртіп» жобасы аясында өңірдегі бірнеше колледжде өтті. Бұл бастамалар облыстық полиция департаментінің, Қарағанды қаласының Жастар ресурстық орталығы мен өзге де ұйымдардың қолдауымен жүзеге асып отыр.
Сондай-ақ Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде «Жастар арасындағы жаңа түрдегі есірткілер және нашақорлық проблемасы» тақырыбында кездесу ұйымдастырылды. Жиында Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Бақытжан Мұстафаев есірткі тарату жолдары туралы айтты. Оның айтуынша, наркокурьерлер әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді белсенді пайдаланып отыр. Олар синтетикалық заттарды заңды тауар түрінде жасырады.
Студенттер тарапынан да көптеген сұрақтар қойылды. Мәселен, олар жанындағы досының есірткіге тәуелді екенін қалай білуге болады, таныс немесе бейтаныс адамдар белгісіз заттарды ұсынғанда не істеу қажет, есірткіге тәуелді адамға көмектесу жолдары туралы сұрады. Полиция подполковнигі жастардың белсенділігі қуантатынын жасырмады.
Бүгін біз студенттерге маңызды ойды – нашақорлық, тек денсаулыққа қауіп емес, ол өмір бойы әсер ететін ауыр құқықтық салдарға әкелетінін жеткізуге тырыстық. Тіпті есірткіні бір рет қолданудың өзі әкімшілік жауапкершілікке әкелсе, сақтау немесе тарату қылмыстық жауапкершілікке себеп болады. Қуантатыны – студенттер белсенділік пен қызығушылық танытты, – деді Бақытжан Мұстафаев.
Ал Қарағанды тамақтану және сервис колледжінде буллинг мәселесі талқыланды. Іс-шара «Стоп, буллинг: құрмет, қолдау, сенім» тақырыбында өтті. Жиында жастар студенттер рөлдік ойындарға және пікірталастарға қатысып, психологиялық қысым мен кибербуллингке қатысты нақты жағдайларды талдауды үйренді.
Буллинг – жай ғана ренжітетін сөздер мен әрекеттер емес, ол адамның жан дүниесінде терең із қалдыруы мүмкін психологиялық қысым. Біздің мақсатымыз – жастарға әрқашан жол барын, әрқашан қолдау болатынын көрсету, – деп атап өтті Жастар ресурстық орталығының психологы Әлия Асқамбаева.
Мұндай кездесулер Шахтинск қаласындағы «Вейпті тапсыр – денсаулықты таңда!» акциясымен жалғасты. Бұл шараны қалалық прокуратура мен еріктілер ұйымдастырды. Іс-шара барысында тұрғындар электронды темекілер мен никотин қосылған сұйық құйылған ыдыстарын символикалық сыйлықтар, салауатты өмір салты туралы буклеттер және спорттық іс-шараларға шақыру билеттеріне айырбастады. Акция өз жемісін беріп, ондаған құрылғы жиналды. Ал акцияға қатысқан көптеген азамат спорт секцияларына жазылды.
Манас АҚСАРЫ