«Жасыл ел» жасағы

Қарағанды облысында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының XX еңбек маусымының облыстық жабылуы өтті. Аталмыш шараның бірінші бөлімінде NOMAD Аrena-да еңбекқорлығымен және белсенділігімен ерекшеленген облыстың «Жасыл ел» сарбаздарына арналған тимбилдинг өткізілді.

Ал ресми бөлім Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Шараға штаб қызметкерлерінен, сондай-ақ «Жасыл ел» сарбаздарынан құралған облыстың барлық қаласы мен аудандарының делегациялары, еріктілер, мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, облыс басшылығы және жастар қатысты.

Салтанатты шараға қатысушыларды Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының басшысы Нұржан Ілияш құттықтады. Қалалар мен аудандардан келген делегаттар облыс әкімінің алғысхаттарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Сіздер жаз бойы өз өңірлеріңізде тазалық жұмыстарын жүргізіп, абаттандырумен айналысып, аймақтың гүлденуіне айтарлықтай үлес қостыңыздар. Ел Президентінің бастамасымен ағымдағы жылдың 6 сәуірінен «Таза Қазақстан» науқаны бастау алып, оның аясында облыстың барлық мүдделі мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымы жұмылдырылып, республиканың барлық өңірінде ауқымды шаралар қолға алынды. «Таза Қазақстан» науқаны аясында: «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» 5 бағыт бойынша Сіздердің қатысуларыңызбен мамыр-тамыз айларында 500-ге тарта экологиялық науқан өткізіліп, оған 50 мыңға тарта адам қатысып, 850 тоннадан астам қоқыстар шығарылды. Биыл маусымдық жұмыспен облыс бойынша 5000-ға  жуық адам қамтамасыз етілді, бұл республика бойынша ең үлкен көрсеткіш. «Жасыл ел» жобасы жыл сайын жастар тарапынан үлкен сұранысқа ие болып келеді. Биылғы жылдың ерекшелігі біздің оқушылар өздерінің алтын ұя мектептерінің маңына абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүргізді. «Таза Қазақстан» аясында өткізілген барлық шара «ОZINNEN BASTA» бірыңғай ортақ бастамасымен біріктірілді. Жастар қандай да бір игілікті істі қолға алып, «OZINNEN BASTA» жобасы үлкен қозғалысқа айналады. Біздің жастар – «Таза Қазақстан» экологиялық науқанының қозғаушы күші. Бұл экологиялық ойлауды дамыту мәселесіне кешенді түрде қарауға және табиғатты аялау мәселелеріне қоғамның назарын аударуға мүмкіндік береді. Біздің мақсатымыз, өңірімізді республикадағы ең таза, жасыл аймаққа айналдыру, – деп атап өтті Нұржан Ілияш.

Шара концерттік бағдарламамен тәмамдалды. Шараның хэдлайнерлері танымал қазақстандық орындаушылар – Sanzhar, Әлішер Қонысбаев, Bellucci.

«Жасыл ел» жобасының негізгі міндеті – жастарды қоғамдық пайдалы еңбекке баулу. Елдімекендерді абаттандырумен және көгалдандырумен айналыса отырып, жас ұрпақты отбасылық бюджетті толықтыруға және әлеуметтік байланыс құру дағдыларын игеріп, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.

Жоба Қарағанды облысында 2005 жылдан бері іске асырылуда және жастарды әлеуметтендіру, еңбек құндылықтарын дәріптеу, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, патриотизмге, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу секілді маңызды міндеттерді қамтиды. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы жастар қатыса алады.

Жоба әлеуметтік бағытқа ие. Биыл облыс бойынша жобаға 5000-ға жуық адам қатысып, олардың 30%-дан астамы мемлекет тарапынан ерекше қолдауға мұқтаж санаттардың өкілдері. Сарбаздарға орындалған жұмыстың жасына және көлеміне байланысты жалақы төленеді, фирмалық жабдықтармен қамтамасыз етіледі, тимбилдингтер, эконауқандар, шеберлік сыныптары және т.б. қатысады.

Манас АҚСАРЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *