Сұлтан ДӘУЛЕТХАН. Жазғы кеші ауылдың — жанға қуат

Досқа хат

Сәттібай Жүніске

Қалың қалай?

Темкеңнің тентек ұлы,

Ел қызығар ертегі – ерке күні.

Айлар өтті өзіңді көрмегелі,

Сағыныштан өзегім өртенулі.

 

Досың аман.

Өлеңде аяңы көп,

Аңсайтыны өмірде – саялы көк.

Мұң аралас жыр жазып жұбанады,

Тигендіктен тағдырдың таяғы дөп.

 

Қалаң қалай?

Жан шошыр қазасы көп…

Алаңдамай жүре алмас, жазасы көп

Қажытқан соң кеткенмін кең далама,

Жадыратар жанымды таза сурет.

 

Мейірім аз біздейге бұл қаладан,

Қу қағазға құл болған бұқарадан.

Алыстадым, жақыным – жалғыз Алла,

Жалғыз Алла – жәрдемші, Нұр Тағалам.

 

Шықсадағы модаға ток-жейделер,

Әлі жүрмін баяғы көк жейдемен.

Көзтаныстар сыртымнан гулейді кеп:

«Азып кеткен ауылдан боқ жей ме?» – деп.

 

Қой қозылап, сөздері бие туған,

Бұқар бабам жұртынан кие тұнған,

Есейгенде еліне бас-көз болар

Бала оқыту о бастан ниетім бар.

 

Сол мұраттың мәнісі саған мәлім,

Ақ әлемде рақат табар жаным.

Есен-сау бол, айтарым – үзілмесін

Қарлығаш боп қалқыған хабарларың!

01.29.2003

Жазғы кеш

 

Кеш болса басталады нелер қызық,

Бұл балаң жырмен бәрін берер тізіп.

Қаладан табыст0ы мол тапқан шаруа,

Шаңырағына әндетіп келер «қызып».

 

Жас-кәрі жиналып ап жанбағысы –

Төрт түлік жайын айтар таңданысып.

Өрістен мал қайтарған қойшы жігіт

«Айт, шулейді» қамшысын қолға қысып.

 

Ауылдың көркі болған мал баласы

Тудырар тұрғындардың қарбаласын.

Ойнақтаған құнан, тай, құлындарды

Қамай алмай шарбаққа шаң қабасың.

 

Біреу таппай болса әуре ешкі-лағын,

Ал біреулер шырқайды жастық әнін.

Жүреді атам алқынып әрлі-берлі

Тулауына түтігіп қос құланың.

 

Немересін соңынан ілестіріп,

Әжем мәре тәттісін үлестіріп.

Ағам жем-шөп қамымен бас қатырса,

Мен тұрамын жастарды күрестіріп.

 

Ұзаймын да бәрінен аулағырақ…

Батқан күнге қараймын таңданып-ақ.

Күннің өзі қызықтап, қия алмайтын,

Жазғы кеші ауылдың – жанға қуат.

20.07.2005

Салтанат

 

Жауап келмей саған жазған хаттардан,

Барады ұшып көзден бұл-бұл тәтті арман.

Кімге айтамын, қалдырамын кімге мен

Жүректегі сырларымды қатталған.

 

Сәлемдерім жетпеді ме поштадан?

Бір хатыңды айлап, жылдап тосты ағаң.

Достығыңды танытпадың сен неге?

Деп едің ғой: «Сізбен жақсы дос болам».

 

Сол сөзіңе үмітімді жалғағам,

Өзіңді іздеп Қарқаралы бармағам.

Түсімде ылғи жүздескенмен қуанып,

Ал өңімде таппай сені дал болам.

 

Естен кетпес сол ғажап күн сен келген,

Өміріме жылу берген, өң берген.

Көрген түстей ғайып болдың, қайтейін,

Содан бергі күннің бәрі сергелдең.

 

Санай-санай өткізумен күн, айды,

Сағыныштан құсни-көңіл жылайды.

Бір күндері жапырағы жанымның

Ұшып барып табаныңа құлайды.

 

Оған бола жазғырмассың Құдайды…

09.04.2006

Адамдар бар қастыққа жаны құмар,

Өресі тар өмірді танып ұғар.

Өне бойы масайрап сайтан-сөзге,

Қадамынан жүретін жаңылып әр.

 

Адамдар бар достыққа төрін берер,

Азап шегіп өтетін көгінде өнер.

Көрмесе де дүние рақатын,

Шырылдаған шындықтың жолында өлер.

 

Біріншісін қайдан да кезіктірем,

Екіншісін майданда сезіп, білем.

14.10.2007

Замандасқа

 

Алаштың текті, ізгі

Ерлігі ғасырлық

Біздерге жеткізді

Даланы асыл-құт.

 

Талайлы тағдырды

Өткерді ел бастан.

Біздерге қалдырды

Ғаламат ән-дастан.

 

Байтағым – әлі де

Көз жауы өзгенің.

Жақұт жыр-әніме

Қауіп бар – сезгенім…

 

Аманат мұраны

Сақтайық адал шын.

Заманның тұманы –

Маған сын, саған сын!

26.09.2009

ӘЖЕ

Жазым болар бала екем баяғыда,

Алам десе жанды Алла қояды ма?

Көз жасыңды көл етіп егілген соң,

Мейірімді Иеміз аяды ма?

Аман қаппын әйтеуір, аман қаппын.

 

Жүйткіп келе жатқанда қара құнан,

Бұтақ кез боп көлденең тамағынан,

Өмпи досым тізгіннен айырылып,

Бастай берген кезде мен жаңа бір ән,

Қараң қапты дүние, қараң қапты…

 

Ән түгілі,«ә» деуге шамам келмей,

Жатқан екем әкем мен анам көрмей.

Жаратқанға сонда заржеткізіпсің:

«Бұған төнгенажалды маған бергей!

Арам қатқыр қаракөк, арам қатқыр!»

 

Бүртік-бүртік жасыршып жанарыңнан,

«Айырма, – деп Құдайға, – қарағымнан!»

Киіз үйге кіргізіп ұшықтапсың,

Маңдайымнан иіскеп, табанымнан,

Амалдапсың барыңмен, амалдапсың.

 

Айтқанына кетсем де көнбей анам,

Тоғайында Бұғының* өлмей аман,

Кеткен екен шырағым қайта жанып,

Қабыл болып дұғасы сендей Адам.

Алаулапты ғұмырым, алаулапты.

 

Бір төбеге балайтын немересін

Періштелер қызғыштай жебегесін,

Жетегіңе ап жүруші ең мейірленіп,

Басқа бала елемей ерегесін.

Сонан тәтті не бар-ау, сонан тәтті?

 

«Әжесінің баласы» деп айтатын,

Анадайдан даңқымды зорайтатын

Көнекөзді кешегі және өзіңді,

Арылмайтын мұң басып жан ойпатын,

Балаң қатты сағынды, балаң қатты.

 

Ертегідей қызықтың күні де өшкін

Тартқанымен,қадірін біліп өстім.

Отызыншы жыл толды қайтқаныңа,

Жылуыңды бермеді тіріде ешкім.

Маған батты жоқтығың, маған батты.

 

Аңсауменен немерең нұр-өңіңді,

«Жұмағыңнан Әжеме бір орынды

Сый еткейсің, Раббым, жалбарынам,

Қайтарма, – деп, – менің де тілегімді»,

Жалаулатты арманын, жалаулатты.

 11.02.2023

 

БЕРДЕНБЕК

 

(«Костенко» шахтасындағы апаттан қаза болған Берденбек аға-достың рухына)

І

Ол туған жер — Оспан батыр ізі қалған Дэлүүн,

Заңдылық қой ондай жерден ел күткен ер келуі.

Мың ішінен мықтылығы мойындалып соңынан

Заңдылық қой талайлардың іні, дос боп еруі.

 

Балқантауда бауырластық Байөлкедей жерден кеп,

«Қояндыға көшіп келдік», — деп танысты Берденбек.

Тоқсан үштен басталатын интернаттың өмірі,

Бердешті ойлап, келе қалды көз алдыма көлбеңдеп.

 

Бабалардан келе жатқан ерлік жолын көнеден

Бауырларға он бесінде қыла білді өнеге.

Намысына тигендерді маңыратып лақтай,

Маң-маң басып жүруші еді құс ұшырмай төбеден.

 

Батырсына жүретінге кеуделері кердеңдеп

Барыстайын тап беретін шалт қимылдап Берденбек.

Кімге қарсы келгендігін кеш түсініп кещелер:

«Кешір, кешір!» — деп жататын қол-аяғы ербеңдеп.

 

Сол Берденбек мектебінің бола білді қорғаны,

Ол барында кейінгіде еш уайым болмады.

Тоқсан алты қарашасы жабылды да интернат…

Жалғыз күнде мектептестің қақ жарылды жолдары…

 

ІІ

Қыс ішінде жол тапты әкем кедергіге көлденең:

Майқұдықтан бір-ақ шықтық өң-түсте бір көрмеген.

Балқантаудың бар қызығын сағынумен  жүргенде,

Ай өтпестен келіп қалды бауырымен Берден ер.

 

Жамбыл мектеп-интернаты қауыштырды мені оған,

Жасындайын жарқырады қалада да жан-ағам.

Майқұдықтың бұқа мойын бұзықтарын жөнге сап,

Бөгеттерді бұзып өтіп шықты сыннан сан аман.

 

Өзіндей ғып ініні де батылдыққа шыңдады,

Өтті осылай Ер Берденбек оқушылық жылдары.

Өзі сүйген мамандығы — кеншілікті жақсы оқып,

Өжеттігі өрге сүйреп, жанған еді шын бағы.

 

Оған «Шахта қиын» деген жанашырлар көп болды,

«Сонда барам, нар тәуекел толтырмаққа жоқ-кемді»

дегенінен еш қайтпастан қайсарлығын көрсетіп,

Маңдай терін төгуменен жиырма жылын өткерді.

 

ІІІ

Сүйген жар мен бес баланың, ағайынның ардағы,

Дос-жаранның құрметтісі, кеншілердің саңлағы

Қырық беске толарында кеншілермен қырық бес

Ойда жоқта опат болды, отқа оранып жан-жағы.

 

Ажал болып алдарынан бет қаратпас төнгенде от,

Айғайлаған адамдарға шахтадағы «Жәрдем!» деп,

Көмек қолын созған шығар жанталаса біреуге

Өзін емес, өзгелерді ойлап жүрер Берденбек?

 

Көз ілеспес шапшаңдықпен қорғай білер өз басын,

Көріп қалып аялдады-ау, тағдырластың көз жасын?

Қашып кетпей қалған шығар демеу беріп біреуге

«Не көрсем де бір көрем» деп Құдай басқа жазғасын?..

 

Әйтпесе аман шығар еді жарылыстан сол түнгі,

Ер еді ғой тек Алладан біліп өткен қорқуды.

«Шықсам бірге шығайын» деп тығырықтан жол іздеп,

Өмірімен қош айтысты-ау қоса жұтып өрт-уды.

 

P.S.

Ол өмірге миллиардтың бірі болып келген жоқ,

Нағыз ерше ғұмыр кешті арасында жер мен көк.

Алла сенің рухыңды мәңгілікке шат қылсын,

Бауырым деп құшақ жаяр аға-досым Берденбек!

09.11.2023

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *