«ЖЕЛТОҚСАН – ЖЕЗҚАЗҒАН»: Айтылмаған ақиқат

 Ол уақытта біз туған жер Жезқазған облысына қарасты Шет ауданы, Шет совхозы деп аталды. Кеңес шаруашылығы дегенді кейін қосты. Бүгінде Шет ауылдық округі орталығы – Үңірек ауылы. Ауылымыздан көптеген белгілі азаматтар шықты. Ұлықтап жатырмыз. Екінші дүниежүзілік соғыста жеңісті жақындатқан, ауылды көтерген  ата-апаларымызды да ұмытпай, ескерткіш қойдық. Ауылдың 90 жылдығын тойладық. Әкім шығып сөйледі, ақын жыр арнады, ағалар мен апалар өткенді еске алысты. Дегенмен, бір нәрсені ұмыттық. Ол – Желтоқсан! Ызғарлы – Желтоқсан!

Әбестік пе? Білместік пе?

Ауылда Марат ағаны бәрі сыйлайды. Біреуге іні, бірімізге аға болып жүрген ақкөңіл азамат. Мен Үңірек ауылында туған – бүгінде жігіт ағасы Марат Касембеков туралы сөз қозғамақпын.

Бұдан бірнеше күн бұрын ұстазым әрі апайым Дәмеш Көкіжанқызы хабарласып: «Әдебиет, сен Марат ағаңның Желтоқсан батыры екенін білесің бе? Жазсайшы, ана газетіне!» деп, ұрысқаны ма, әлде, ауылымның азаматтарын білмей жүргенімді бетке басқаны ма, «команда» бергендей  болды.

Әрине, біз 1986 жылдары бала болдық. Небары 13-14 жасар. Желтоқсан оқиғасы (Негізі көтеріліс) туралы естігеніміз болмаса, не болғанынан бейхабармыз. Дегенмен, санамызда сол уақытта бір серпіліс болғаны анық.

Ал Марат ағамыздың Желтоқсан көтерілісіне қатысып, қуғынға ұшырағанын  40 жылдай өткенде ғана білгенім, әбестік пе? Әлде, журналист ретінде жылда бір желтоқсаншыны іздеп, сұқбат алып немесе сол кісі жайында қағазға түсіріп жүргенде, дәл қасымдағы ағамды сөзге тартпағаным білместік пе?

Не де болса, ақиқат ашылмай қоймайтындай, Марат ағамыздың ерлігі мен өрлігін осы мақалаға жүк етпекпін.

Өткенге оралу

«Шет орта мектебін бітіргеннен кейін, ауылда жұмыс істедім. Екі жылдан кейін Жезқазған қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша түстім. Асқақ арманым болатын. Оның бәрі астаң-кестең боларын кім білген?!», – дейді кейіпкеріміз.

– 17 желтоқсанда Кеңес Одағының Коммунистік партиясы  Орталық Комитетінің солақай шешіміне қарсы шыққан Алматы қаласының тұрғындары мен студенттері арасында көтеріліс басталды деген ақпаратты естідік. Бірақ, облыс орталықтары мен аудандарда Алматыда нақты не болып жатқаны туралы ешқандай ресми мәлімет болмады. Тек қана, 18 желтоқсанда орталық газет беттеріне қысқаша хабарламалар жарияланды. Онда да қазақ ұлтшылдары 16-17 желтоқсанда алкогольдік ішімдік ішіп, тәртіп бұзғандары жөнінде қысқаша айтылыпты.

Сабақ аяқталғаннан кейін Ырысқали Дәуренбек, Тапин Сайран, мен Касембеков Марат және тағы да басқа студенттер жиналып осы оқиға жөнінде әңгіме көтердік.

Сол жерде: «Біз неге үндемей отырамыз, Алматылық студенттер секілді өз пікірлерімізді неге айта алмаймыз, не себептен Кеңес Одағының басшылары өзге жерден Қазақстанға басшы тағайындайды» деген сөздер айтылды. Басты көтерліген мәселе де сол заманға сай еді, қазақ тілінің ахуалы, қазақ мектебінің  жай-күйі, қазақ тілінде жастардың білім ала алмауы, қалада тұруға тыйым салыну (себебі «прописка» берілмейді)…

«Ертең таңертең Жезқазған қаласының Орталық алаңына шығамыз» деген   шешімге келдік, жатақханада сурет-графика факультетінің жігіттеріне плакаттарға сөз жазуға тапсырма, әр азаматқа алаңда не істейтіні туралы нұсқау да бердік.

Алаңға шыққанда дайын болуымыздың басты шарты да осы болатын», – дейді Марат ағамыз.

 «Жігіттер, осы күн енді мәңгілік тарихта қалады!»

Жезқазған қаласында  Педагогикалық институттан басқа, Жезқазған политехникалық институты, Құрылыс техникумы болатын. Марат Касембеков, Тапин Сайран, Сарғатов Ерлан, Ырысқали Дәуренбек  түнгі сағат бірде Политехникалық институттың жатақханасына барады. «Біз барған кезде сол жатақханада да осы мәселеге қатысты қызу әңгіме жүріп жатыр екен. Студенттермен келесі күні кездесетін орынды белгілеген соң, пединституттың үш жатақханасын аралап, студенттер арасында үгіт жүргіздік. Шамамен түнгі төрт кезінде, бойымыз шаршағанымен, бірақ бәріміз өрімдей жас болсақ та, өз ұлтымыздың мүддесі жолындағы үлкен іске бел буған  батыл әрекетімізден айрықша қуат алып, сол шақта кеудемізде тұтанған белгісіз бір ұшқыннан жігеріміз жанып, ерекше сезімде түнгі таксимен қайтып келе жатқанымызда, марқұм Сайранның айтқан сөзі бар еді: «Жігіттер, осы күн енді мәңгілік тарихта қалады!».

Өз жатақханамызға қайтып келгенде, онда отырған жолдастарымыз жай отырмаған екен, көркем сурет факультетінің студенттері бастаған бір топ жігіттер қазақ және орыс тілдерінде шамамен 15-20 плакат дайындап қойыпты. Оларда көбінесе Лениннің айтқан «Каждому народу своего вождя», «Әр халыққа өз көсемі» деген сөздер және «Қазақ елі жасасын» т.б. ұрандар жазылған болатын. Филология факультетінің қыздары жүзден астам үндеу қағазын (листовкалар) дайындап қойыпты. Автобустар жүрмей тұрғанда, жаяу аралап жүріп таңғы бестердің кезінде қаланың көптеген аялдамаларында жапсырылған сол үнпарақтарда қазақ халқына және болып жатқан оқиғаларға қатысты түйіндер айтылып, қала тұрғындары таңғы тоғызда Орталық алаңға шақырылды.

Шынында да, сол күндері көңіл күйіміз ерекше көтеріңкі және ұзаққа созылған қалың ұйқыдан оянғандай ғажап бір рухани сілкінуді бастан кештік», –  деп жазған екен «Жүректерде лаулаған жалын» деген мақаласында Ырысқали Дәуренбек.

Таңғы сағат сегіз жарым кезінде студенттер институт алдындағы алаңға жинала бастайды. Қолдарында плакат. Шамамен 300-400 студент жиналады. Институт ректоры жиынды тоқтатуға әрекет жасап, студенттерді милицияға қаматамын, институттан шығарамын деп қорқытады. Дегенмен, студенттер  бой бермей алға жылжиды. Белгіленген уақытта Политехникалық институттың студенттері келмеген соң, шеруді оларсыз бастауға мәжбүр болады.

Алға бастаған: «Менің елім»

«Алдағы келе жатқан қыздардың біреуі қазір әнұранымызға айналған Шәмшінің «Менің елім» әнін бастап кетті. Некрасов көшесіне шыға берген кезде, қиылыс көшеден тура сол әнді айтып келе жатқан қалың жастар көрінді. Олар Политехникалық институттың және біздің институттың жағрафия, көркемсурет және физмат факультеттерінің студенттері болып шықты. Қуанышымызда шек жоқ. Құшақтасып табысып, шеруімізді жалғастырдық. Колоннада шамамен екі мыңнан астам студент болды. Студенттер ұрандар айтып, ән шырқады. Ал, жұмысқа бара жатқан халық жол шетіне тұра қалып, біреулері қолдап колоннаға қосылса, басқа біреулері (көбінесе өзге ұлттың өкілдері) балағат сөздер айтып жаты.

Некрасов пен Абай көшесінің қиылысына жете берген кезде (қазіргі кезде сол жерде Интернационалистер аллеясы орнатылған), жүз қаралы милиция, өрт сөндірушілер және арнайы қызметтің өкілдері  қарсы алды. Қиылыстың оң жақ және сол жақ беттерінде терезелері торланған милицияның бірнеше арнайы автокөліктері тұрды. ІІБ басшысы тараңдар деген бұйрық берді. Бірақ айтқан сөзіне ешкім құлақ асқан жоқ. Сол кезде милиция қызметкерлері өз шабуылын бастады. Ұл-қызға қарамай, жаппай соққыға жықты. Құлатып ұстағандарын аяқ қолдарынан көтеріп, машинаға салып әкетті. Милиция ғимаратында жеткілікті орын болмаған соң, өрт сөндіру машиналары тұратын ангарларға студенттерді апарып төкті», – делінген Ырысқали ағамыздың жазбасында.

Оқудан да қуды

Сол кезден бастап тергеу басталды. 50-ден астам студент оқудан шығарылды. Ырысқали Дәуренбек, Сайран Тапин , Касембеков Маратқа  қарсы Қазақ ССР Қылмыстық кодексінің 60-шы және 65-ші баптарына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ақырында дәлелдерінің  жетіспеушілігінен бе, әлде басқа себептерге байланысты ма, әйтеуір қылмыстық іс тоқтатылады.

Марат ағамыз да комсомолдан және институттан шығарылды.

– Тергеуді КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жүргізді. Негізінен «алаңға неге шықтың?», деген сұраққа алды. Кейін де артымыздан аңдушы қойып қойды. Басында ұстағанда «Жол ережесін бұздыңдар» деген болатын. Ол енді біздің көлік қозғалысын шектеп тастағаннан, әрі жоғары жақтан наты нұсқау түспегендіктен айтылған уәждері болатын.

Кейін, «Комсомолдан шығарамыз», деп институтта жиналыс болған екен, бірақ студенттер бізді жақтап өре түрегеліпті. Мені Комсомол комитетіне шақырды. «Сен комсомолдан шығасын, билетінді таста», деді, комсомолдан кейін оқудан да шығарып жіберді ғой, – дейді Марат Сейітжанұлы.

Еңбекақысыз жұмыс

Еңбек кітапшаларына: «Отчислен из института за сознательное участие в выступлении группы студентов против решения 5-го Пленума ЦК Компартии Казахстана от 19.12.1986 года» деген жазба енгізілді.

Бұл Марат ағамыздың болашағына қатты әсер етті.

Кеңес Одағы жауын жұмысқа кім алушы еді?!. Әрі артында аңдушылары да бар. Әр қимылы қырағы көздің қарауылында.

Содан, 1988 жылға дейін әртүрлі жұмыс істеді. Істеді деген аты ғана. Еңбекақы да төлемеді.  Еңбек кітапшасы бұған айғақ.

«Жезқазғандағы ет комбинатына жүкші болып кірдім. Төрт-бес айдан кейін Степгеологияға даладағы кен орындарын барлаушылар қатарынан бірақ шықтым. Шалқияда уран руднигінде жұмыс істедім. Жұбайым Зоя да менімен бірге жүрді. Кейін сол күндердін зардабын тарттық. Дүниеге жаңа келген ұлыма жүрек ақауы диагнозы қойылды. Дәрігерлер «радияция әсері» дегенді айтты.

Уақытша жұмыс істетіп алып, көзден таса қылмау үшін Маратты Жол құрылыс учаскесіне 1 разрядты жол жөндеуші қылып алады. Кейін газ шаруашылығында слесарлықтан да өтеді.

Ауылға оралу

Тек, 1988 жылы ауылға келіп кассир болып жұмысқа кірісті.

«Совхоз директоры Төлепберген Әбеуовке де партия бюросы «неге жауапты қызметке Кеңес Одағына қарсы адамды жұмысқа аласын», деп бірнеше рет доқ көрсеткен екен. Оны кейін білдім»,  дейді Марат.

Тек қана 1989 жылы ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен қайтадан оқуға қабылданды. Оқуды сол мамандық бойынша сырттай аяқтады.

Кейін достары  Сайран Тапин мен Саргатов Ерлан ауруға шалдығып, бар болғаны отыздың үстінде дүниеден озды.

Қудаланған әке

Мараттың әкесін де қыспаққа алған екен. «Ты недостойного сына воспитал» деп ара-тұра ауылдық, аудандық партия бюросына салған күндер болған.

«Әкем айтып отырушы еді: «Сол бюрода сен туралы түрлі нәрселерді айтушы еді. Бірақ, ақ адал екеніне сенімді едім», деп.

Әкемнің жүрегіне ауыр салмақ болды. Ол кісі туралы Мәскеудегі бір сайттан көп мағлұмат алдық. Алдағы күндері жария қыламыз», дейді Марат әкесі Сейткамал ақсақалды еске алып…

18 адам

Бүгінгі күні Желтоқсан көтерілісіне қатысқандардың Қарағанды облысы бойынша жеке дара ақталғандарының саны 18 ғана. Қалғандары «жалпы ақталдық», деп, сол бұрынғы Бұйрықты ғана алға тарта алады.

Жақында қарағандылық Желтоқсан көтерілісіне қатысқан 18 адамның 400 мың теңгеден бірретік көмек алатынын оқып қалдық. Олардың ішінде Марат ағамыз жоқ. Негізінде, Марат Касембеков  «нағыз желтоқсаншы» ретінде солардың ортасынан табылуы керек еді.

Қайсар да батыл, батырдың  аңғал болатын рас екен. Өйткені, жылдар бойы шындықты қуаламай, тек қана ауылдас бауыры Көкіжанов Ардақтың айтқанына ғана құлақ асып, өткенді қопара бастады.

Бұған да тәуба, дейік. Алдағы уақытта құжаттарды дайындап жеке ақталуға негіз бар.

Түйін. Қолында кешегі Желтоқсан көтерілісіне қатысты деген бірнеше құжаты бар  Марат Касембеков шынымен де нағыз Желтоқсан ардагері. Ол – мыңдаған студентті бастап шыққан батырлардың бірі. Олай болса, «ЖЕЛТОҚСАН – ЖЕЗҚАЗҒАН»: Айтылмаған ақиқат»  болып қалмай, шындық айтылуы керек. Түйін де осы!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *