Жер жүзіндегі ең жайдары мереке

Жыл он екі айдың басы, мезгіл біткеннің жаңасы, маусым біткеннің дарасы көктемнің алғашқы мерекесі аналарға арналады. Көктем туа әлем жаңарады, алты ай қыс ақ кебіннің астында қалған тіршілік қайта жанданады, жыл келеді жер бетіне, жылдың келгенін дүниеге жар етуге әуелі адам келуі керек қой. Анасыз адам келе ме өмірге?! Анасыз өмір бастала ма? Анасыз тіршілік жаңара ма? Сіз бен бізді, ұл мен қызды Тәңірі ананың құрсағына салып сақтаған, бауырына салып өсірген, аялы алақанына салып мейірімге бөлеген. Ана бойынан, ана жүрегінен өнген мейірім мен махаббатқа қарсы тұрар күш жоқ жер бетінде. «Ана бір қолымен бесікті тербесе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөздің жаны осы тұстан көрінетін сияқты. Демек, алты ай қыстың тоңы жібіп, көбесі сөгілерде туатын 8 наурыз – әйелдер мерекесінен сүйкімді мейрам жоқ.

Әлемдік жаңару белгісінің бәрі осы күннен басталады. Ескі танымда ақпан туа үт түседі дейтін. Содан кейін барып құт түсетіні айтылатын. Үт дегеніңіз қыстың соңғы айының ортан белінен былай терезеден түсетін күн сәулесінде жүзетін тозаң тәрізді ұшқын. Тәңірінің көктен түсірген осындай ымдауынан кейін келетін атаулы күн – аналар мерекесі. Басқа атаулы күн жоқ. Содан кейін барып 13-нен 14-не қараған күні ескіше наурыз туып, амал кіреді. Әйелдің төбесі көрінбей әлемде мейірім мен шуақ та жоқ деген сөз. Сондықтан дәл осы күннің тарихын тергеп, жөнін басқа жақтан іздеудің өзі ақылға сыя қоймаса керек.

Әйел-аналарға қатысты аңыз әңгімелер көп ел аузында. Олардың қай-қайсы болсын халықтардың мыңжылдық өмір тәжірибесінен туындаған өлмес мұралары. Сондай ұлы аңыздардың бір парасы біздің қазақ аналары мен қыздарына байланысты өрбиді. Әрідегі ұлы аналарымыздың кемеңгерлігі мен ерлігін айтпағанда, берідегі қазақ қыздарының ерлігінің өзі неге тұрады?!

«Ерліктің қос қанаты деп білемін, Аяулы Әлия мен Мәншүгімді» деген әнді бала күнімізден жаттап өстік. Ұрыс даласына өздері сұранып аттанған екеуі де оқуды енді бітірген 16-17-дегі қыздар. Мәншүк тіптен жас, әкесі Ахмет – Алашордашы, ұлт азаттығы жолында тер төккен қайраткер. Жап-жас, бала Мәншүк әкесіне нақақтан жабылған «халық жауы» деген жаланы ақтап алу үшін соғысқа аттанған. Жазықсыз атылып кеткен атасының кінәсіз екенін біле тұра мұндай ерлікке қазақ қызы ұрпағының жүзі жарқын болсын деп барған. Заманы солай болғанда, басқа амалы да жоқ еді. Өзімен қатар, өзінен кейінгі ұрпақты ақтау мақсатында майданға аттанған қазақ қызы осылай ертеңін ойлап туған. Одан беріде 1986 жылғы қазақ қыздарының қайсарлығы мен ержүрек істері халық жадында жыл өткен сайын жаңғырып, уақытпен бірге жасай берері сөзсіз. Ол ерлік пен қайсарлықтың оты күні бүгінге сөнген жоқ, сөнбесі де анық. Сонау сақ, түркі дәуірінен, Қазақ хандығы уақытынан бүгінге жалғасқан батырлық пен ержүректіктің негізінде тек пен тамыр тұр десек, соның бәрін сақтап, ұрпақ бойына дарытқан аналарымыздың асыл қасиеті емей не? «Алып анадан, ат биеден туады» дейді қазақ.

Қазақ қызы, қазақ әйелі аялы жар, отбасында отанасындай қастерлі ана, түзде елінің қорғаны ержүректің өзі. Аналар туралы аңыздың бір шеті осындай ойға жетелегенде, еске бірден атақты Байғозы баһадүрдің қызы, Ақжолтай Ағыбай батырдың шешесі Қойсана анамыз түсер еді. Көп айтылып, көп жазылған, көкейден өшпейтін әңгіме. Қойсана анамыздың Ағыбайға жүкті кезі екен. Жаугершілік заманы, алашапқын арасында еркек атаулы елде жоқ, әйел, бала-шаға көшіп келе жатады. Тұтқиылдан алты қарақшы бейбіт көшке тиіп келіп береді. Сонда жалғыз Қойсана анамыз ұрыс қылып, бақанмен алтауын ұрып түсіреді. Жау бірін-бірі сүйеп, әйелдің аяғы ауырын білген соң: «қояйық, бұл әйелдің күші емес, ішіндегі арыстанның күші ғой», деп жүріп кетіпті деседі.

Сонау замандардан аңыз болып көшкен қазақ әйелінің бойындағы осы ерлік пен қайсарлық әлі өшпегенін көреміз. Ол өшкіндеп әлсіресе бүгінде қазақ ұлты да болмаушы еді. Тәңірі жаратқан ұлтты сақтаушы, ұрпақты жалғастырушы аналар мерекесі құтты болсын!

Біздің ата-бабаларымыздың мыңжылдық тарихында аналарға деген құрмет балбал тастардағы мүсіндерден де көрінетін шығар. Ұлы дала төсіндегі тас мүсіндер, балбал тасқа айналған әзіз аналар қасын керіп, ерінің қасында кең даласын әлі күнге күзетіп тұрғандай. Түркілер мәдениетіне жататын таңғажайып ескерткіштердің тылсымы, құпиялы күрсінісі жаныңды баурамай қоймайды. Еріксіз айналып келіп қайта қарайсың.

Тас та болса жаны бар сияқты, ойға жетелеп, жалғыз жанға ес болады. Ертедегі «алаң да алаң, алаң жұртпен» бірге жұмбақ дәуірлерге сапар шегесің. Әрі қарайғы ізді Қазтуған жыраудың өзі салып ала жөнеледі.

«Алаң да алаң, алаң жұрт,

Ақала ордам қонған жұрт.

Атамыз біздің бұ Сүйініш

Күйеу болып барған жұрт.

Анамыз біздің Бозтуған

Келін болып түскен жұрт…». Содан кейін барып «қарғадай мынау Қазтуған батыр туған жұрт», дейді. Атасы Сүйініштен соң бірден анасы Бозтуған есімін атағаннан-ақ шешеге деген құрмет атой салады. Бұл жерде бәсі ең биік сөз – жұрт, яғни ел мен жер, Отан деген сөз. Одан соң ата мен ана, елге қорған болып туған Қазтуған батыр (бала). «Отан – отбасынан басталады» деген мақалдың төркіні осы жерден шығады, демек. Бірден ел қорғаны батырларды мақтамай анасын айтады жырау. Ошақтың үш бұтындай осы ата-ана, балаларға, Қазтуғанша айтқанда, «жанға сақтау болған ЖҰРТ» екен. Қазақ оны да Жер-ана деп таниды. Бүгінде солай атаймыз. Бала елдік жағдайда кепілге жүруі мүмкін, ана сатылмаған дала заңында. Жазылмаған осы заң, осы ұстын көкейімізден өшкен жоқ. Аналарға деген құрметіміз де артпаса кемімеген. Қазақ сондай халық болып қала берсе, жер бетінен жойылып кетпесі тағы анық.

Ұлт пен ұлыстың өсіп-жетілуі, шаңырақтың құтайып, берекесінің артуы, ырысының тұрағы ғана емес, бесіктегі ұл-қыздың бойға жетіп, ат жалын тартып мінгенге дейінгі тәрбиесі аналар қолында болғанын көреміз. Әке әрдайым төрде, шаңырақтың төресі. Ол ұсынған жолды, үлгі-өнегені жеткізуші, ұрпақ бойына сіңіруші ана – мейірім ұстасы. Ұл-қыздары өсіп-жетілген соң оның да орны төр. Ақ әже, әзіз жан, қасиетті ананың талайы әулет қана емес, тұтас тайпаның ұранына айналғаны тарихтан мәлім.

Дүниеде қанша жан, қанша жүрек соқса, соның әрқайсысының түкпірінде ардақты ана есімі жазулы. Адам атаның қаны, ананың мейірім шуағынан дарыған қасиет пен махаббат арқылы өмір сүреді. Сол арқылы сүйіп-күйеді, сол арқылы ұлы ерліктерге барады.

Ұлы жорық жырауы Доспамбет «Қосақай, Қосай, Ер Досайдың анасы хан қызындай сұлтанның өзі еді» деп жау қолында жағдайсыз қалып бара жатып ел анасын есіне алып, тебіренеді. Ел мен жұрттың ертеңіне алаң көңілмен қарағанда әуелі халқының ар-намысына айналған ананы ойлайды. Доспамбет жырау ХVІ ғасырдың алғашқы ширегіне дейін ғана өмір сүргенін ескерсек, қазақ аналарының бейнесі қадым заманнан із тартатынын пайымдау қиын емес. Есімі ұран болған берідегі аналарды айтпағанда. Сол көш қазірде тоқтап, тоқыраған жоқ. Ері жоқта тап келген дұшпанға бақан ұстап шапқан Байғозы батырдың қызы, Ағыбай батырдың анасы секілді қазақ қыздары, қазақ әйелдері, қазақ аналары махаббат пен елдіктің туын жыққан жоқ. Дулат Исабековтің «Әпкесінен», Ғалым Жайлыбайдың «Бір қап ұн. Асанәлі Әшімов» балладасынан, тағы басқа шығармалардан көрінеді.

«Қазақ поэзиясының тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі Бұқар жырау», дейді жазушы Мұхтар Мағауин. Асан қайғы, Қазтуған, Доспамбет үлгілерінен жүлге тартып, ұлттық сана туын жоғары көтерген Бұқар жыраудың төмендегі мына сөзіне бір ауыз сөз қосудың өзі артық болғандай. Аяулы ана тақырыбын елдік тұрғысынан бағалайтын сана керек. Мұны бізге тек түйсініп оқу ғана қалады:

«Оныншы тілек тілеңіз:

Он ай сені көтерген,

Омыртқасы үзілген,

Аязды күнде айналған,

Бұлтты күнде толғанған,

Тар құрсағын кеңейткен,

Тас емшегін жібіткен,

Анаң бір аңырап қалмасқа.

 

Он бірінші тілек тілеңіз:

Он бармағы қыналы,

Омырауы жұпарлы,

Иісі жұпар аңқыған,

Дауысы қудай саңқыған,

Назыменен күлдірген,

Құлқыменен сүйдірген,

Ардақтап жүрген бикешің

Жылай да жесір қалмасқа».

Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *