Әнші мен әртісті, блогер мен беделдіні, шенді мен шекпендіні, спортшы мен сәнқойды айтқанда алдымызға жан салмаймыз, ал қарапайым еңбек адамдары ше? «Отан Отбасынан басталады» десек, елдің іргесін сөкпей бүтіндеп отырған солар емес пе? Өмір жолы теміржолдың бойында, вокзалдарда қайнап жатпай ма тіршілік? Ал ондағы Белгі беру және байланыс дистанциясы теміржолдың күретамыры іспеттес. Байланыссыз қалса қозғалыс та жоқ, пойыздар да тоқтайды деген сөз.
Ақадыр белгі беру және байланыс дистанциясы Қарағанды облысының Құлайғыр станциясынан Мойынты станциясының аралығында 296 шақырымнан астам қос жолдың байланыс құрылғыларына қызмет көрсетеді. Осы екі ортада 12 теміржол станциясы орналасқан. Жалпы еңбеккерлерінің саны 206 адам болса, орта есеппен алғанда айлық еңбекақылары 300 мың теңгені құрайды.
Мекеме ұжымы әр жылдары қажырлы еңбегімен көзге түсіп, өзгелерге үлгі бола білген Ленин орденінің иегері Нағуманов Серікті, Қазақстанның Құрметті теміржолшылары Маселов Тілекті, Буденов Құрманғалиды, Ыбырай Өмірзақты, Кунафин Сулейманды, Шәкенов Азаматты құрмет тұтады.
Дистанцияда көп жылдар бойы еңбек етіп, жастарға үлгі көрсетіп жүрген қызметкерлер аз емес. Солардың бірі дистанция бастығының байланыс құрылғылары жөніндегі орынбасары Сағындықов Дауылбай Бақтыбайұлы.
Дауылбай Бақтыбайұлы 1969 жылы Шет ауданы, «Босаға» кеңшарының № 1 фермасында дүниеге келген. Ол жердің Жұманбұлақ деген тағы бір атауы бар. Әкесі Бақтыбай мен алтын құрсақты Айшагүл анасы екеуі ауылшаруашылығымен айналысып, 10 бала (9 ұл, 1 қыз) тәрбиелеп өсірген.
Дауылбай Сағындықов мектеп бітірген соң, балалық шақпен қоштасып, 1986 жылы күзде Алматы қаласындағы байланыс электротехникумына оқуға түседі. Сол жерден линиялы-кабельді байланыс құрылғылары мамандығын алып шығады.
Алғашқы еңбек жолын 1989 жылы Ақадыр байланыс торабында бастайды. Алайда, сол жылы Отан алдындағы борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады.
1991 жылғы желтоқсан айында Ақадыр белгі беру және байланыс дистанциясына жұмысқа қабылданады. Осы жерде тапжылмай қатардағы электрмеханиктен бастап бүкіл сатылардан өтеді. Былайша айтқанда, жерден көтеріледі. 2003 жылы ұйымдастырушылық қабілеті, терең білімі, ізденімпаздығы мен жұмысқа деген жаңашылдығы ескеріліп мекеме бастығының орынбасары болып тағайындалады. Еңбектен қол үзбей сырттай Қазақ Көлік академиясын бітіріп шығып, жоғарғы білім маманы атанады.
Байланыс және белгі беру құрылғыларының жұмысын қадағалау оңай шаруа емес. Мекеменің басты міндеті пойыз қозғалысының линия бағдаршамдарының дұрыс жұмыс жасауын, бұрылыстардағы ажыратқыштардың (стрелкалардың) қалтқысыз қызмет атқаруын, электровоз машинисі, станция кезекшісі және пойыз диспетчерлері арасында радиобайланыстың үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету болып табылады. Тіпті әрбір теміржол вокзалындағы кезекшілердің жолаушыларға пойыз қозғалысын хабарлауы осы мекеменің байланыс құрылғылары арқылы екенін естеріңізде сақтаңыздар.
Дауылбай Бақтыбайұлы мекеме жұмысы туралы төмендегідей толғайды:
– Жылдан-жылға теміржол желілері бойынша белгі беру және байланыс қондырғылары жаңартылып, автоматтандырылып, заманауи құрылғылар мен жабдықтарға айырбасталуда. 2022 жылы осы жұмыстарға 89,5 млн теңге жұмсалса, былтырғы 2023 жылы осындай шараларға 168 млн теңге бөлініп игерілді. Биылғы жылы «Қазақстантеміржолы» Ұлттық компаниясының бюджетінен 250 млн теңгеге дейін беріледі деп күтілуде, – деп сөзін түйіндеді.
Темір жол саласында отыз жылдан астам, оның ішінде дистанция бастығының орынбасары болып жиырма жылдан астам талмай еңбек етіп келе жатқан Сағындықов Дауылбай Бақтыбайұлының еңбегі еленіп, түрлі марапаттарға ие болуда.
«Түркістан-Сібір жолына 90 жыл», «Қазақстан теміржолына – 25 жыл», «Қарағанды жол бөлімшесіне – 75 жыл» төсбелгілерімен, «Қазақстан теміржолы» ҰК Белгі беру және байланыс департаменті басшысының Алғыс хатымен, Қарағанды теміржол бөлішесі бастығының Құрмет грамотасымен, Қарағанды магистральдық желі бөлімшесі бастығының Алғыс хатымен наградталған. Сонымен қоса 1995 жылы оның есімі Қарағанды тасымалдау бөлімшесінің «Құрмет тақтасына» жазылған.
Ал енді былтырғы 2023 жылдың қорытындысы бойынша Дауылбай Бақтыбайұлына «ҚТЖ» ҰК акционерлік қоғамының Магистральдік желі дирекциясының шешімімен «Үздік маман» атағы берілді.
Даукеңнің еңбектен тыс тағы бір атағы бар. Алматы қаласында оқып жүргенде 1986 жылғы 16-17 желтоқсандағы ұлттық көтеріліске қатысқаны үшін 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңының 2 бабының талаптарына сай саяси қуғын-сүргін құрбаны болып танылғаны және ақталғаны туралы Алматы қаласы прокурорының шешімі шыққан. Мұнымыз «желтоқсаншы» деген атақтың иесі болды деген сөз.
Дистанция бастығы Мертай Қуантай Мертайұлы өзінің орынбасары туралы былай деді:
– Дауылбай Бақтыбайұлы өте тәжірибелі маман, шебер ұйымдастырушы, жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын басшының бірі. Ұжым мүшелері арасында беделі зор, айтқанын жақсы тыңдата біледі. Мен жас маман бола тұра осында бастық болып келгенімде Құлайғыр мен Мойынты аралығындағы бүкіл қызметкерлер мен жұмысшылармен таныстырған уақытында бірден соныб айқағанмын, – деп осындай бағасын берді.
Сағындықов Дауылбай көп балалы отбасының иесі. Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әркез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Тынымсыз тірлік етіп жүрген еңбек адамдары үлкен құрметке лайық.
Еңбегімен елге сыйлы болып жүрген Сағындықов Дауылбай Бақтыбайұлының алдағы жұмысына сәттілік тілейміз.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ