Жерлестеріміз ерледі

Желтоқсан айының 12-15 күндері Қарағанды қаласында шеберлер арасында самбо, дзюдо және қазақ күресі түрлерінен Ұлы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған Азия Кубогы үшін жарыстар өтті. Балуандар додасын облыс әкімдігінің қолдауымен Азиялық, республикалық, облыстық күрес федерациялары ұйымдастырды.

Балуандар додасына Ресей Федерациясының, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Грузия және Қазақстан елдерінің 300-ге тарта шебер қатысты. Аталған жарыстарға кентіміздің сыртта жүрген жерлестеріміз де қатысып, биіктерден көріне білді.

Атап айтқанда, Ысқақов Мейрам 100 келі салмақта дзюдо күресінен жеңімпаз атанса, қазақ күресінен үшінші орынға тұрақтады. Екінші балуанымыз Исқаков Рахат 73 келі салмақта бірінші орынды жеңіп алды. Тағы бір жерлесіміз Омаров Болат күрестің үш түріне де қатысып, дзюдо мен қазақ күресінен үшінші, самбо күресінен екінші орынға ие болды.

Жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталды.

Жеңіске жеткен жерлестеріміз кентіміздің тумалары. Қазіргі уақытта облыс орталығы – Қарағанды қаласында тұрып жатыр. Мейрам да, Рахат та, Болат та елді мекеніміздің мектептерін бітіріп, кенттегі күрес секцияларында шыңдалып, алғашқы еңбек жолдарын балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары, кенттік полиция бөлімшесінің қызметкерлері болып бастаған.

Спортпен шұғылдануды өмірлік серігі қылған жерлестерімізді жеңістерімен құттықтап, алдағы уақытта бұдан да биіктерден көріне берсін деп тілейік.

Қ.БЕКҚОЖИН,

Ақадыр кенті