Жол картасының орындалу барысын бақылау күшейеді

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалында  «AMANAT» партиясының депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысы өтті. Іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Қабдулаұлы Бөлекпаев, облыс әкімінің орынбасарлары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, басқарма басшылары және партияның аумақтық филиалдарының төрағалары қатысты.

Отырыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасы, сондай-ақ фракция мүшелерінің қызметі талқыланды.

«AMANAT» партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков Мемлекет басшысы бастамашы болған парламенттік реформаның маңыздылығына тоқталды.

– Парламенттік реформа – елдің саяси жаңғыруының жаңа кезеңі. Бір палаталы Парламент жағдайында саяси бәсеке артып, әрбір партияның жауапкершілігі күшейеді. Сондықтан облыстық филиалдың барлық құрылымдары бұл өзгерістерге жүйелі дайындықты бүгіннен бастауға тиіс, – деді Бекзат Алтынбеков.

Кеңейтілген отырыста әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мен өңірлік Жол картасының орындалуына ерекше назар аударылды. Берілген ақпаратқа сәйкес, 2025 жылдың 8 айында 136 тармақтың 29-ы орындалды, 107-сі орындалу үстінде, оның ішінде 14-і орындалмау қаупімен тұр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Жол картасын іске асыру барлық деңгейдегі билік пен депутаттық корпустың жауапкершілігін талап ететінін атап өтті.

– Жол картасын орындау – формальді міндет емес, ол тікелей азаматтарымыздың өмір сапасына әсер ететін нақты жұмыс. Әр тармақтың толық орындалуы шарт, ал жауапты басшылар мен депутаттардың жеке жауапкершілігі бұл жұмыста шешуші рөл атқарады, –деді облыс әкімі.

Бекзат Алтынбеков:

– «AMANAT» тек саяси институт қана емес, нақты істердің қозғаушы күші болуы тиіс. Біздің міндетіміз – халыққа жақын болып, олардың сұраныстарына жедел жауап беру, кері байланысты күшейту және әлеуметтік бағдарламалардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету, – деп  партия жұмысының тиімділігі халықпен тығыз қарым-қатынасқа байланысты екенін де атап өтті.

Отырыста «Таза Қазақстан», «Қарызсыз қоғам», «Жер аманаты» партиялық жобаларының, сондай-ақ «Жастар рухы» жастар қанаты мен Әйелдер қанатының жұмысы да қаралды. Депутаттардың барлық деңгейде осы жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуы қойылған мақсаттарға қол жеткізуге және халық сенімін арттыруға мүмкіндік беретіні айтылды.

Жиын қорытындысы бойынша фракция депутаттарына және басқарма басшыларына Жол картасының орындалуына бақылауды күшейту, ұсыныстарды уақытылы орталық аппаратқа жолдау және сайлаушылармен жұмыста белсенділікті арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Әділ БЕК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *