Мемлекет басшысының халыққа арнаған кезекті Жолдауынан көп үміт күтетініміз рас. Жылда үміттенеміз. Биылғы Жолдау «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деген тақырыпта болғандықтан, әлеуметтік мәселелер аз қамтылды. Халықты күннен күнге қысып бара жатқан қымбатшылық Президентке жетпей жатқан сияқты.
Цифрландыру мен ЖИ мәселесі жеткілікті айтылды. Заман ағымы осы мәселелерді жылдамдатып шешуге мәжбүрлеп тұрған болар. Ол жағынан түсінігіміздің аздығын мойындағанымыз дұрыс. Сырт елге барғандар цифрландыру саласында Қазақстанның жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай екенін мойындап келеді. Бұл, әрине жақсы. Осы мәселеге байланысты вице-министр басқаратын министрліктің құрылуы кезек күттірмейтін мәселе болар деп ойладық.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасын Жолдауды тыңдап отырған бір топ адам түсіністікпен қабылдадық. Бұл өте орынды шешім және депутаттар санын шектесе тіпті жөн болар еді.
Ауылшаруашылығы жайында қуантарлық пікір айтылды, табалдырықтан сөреге дейін принципі іске асса, біздің ақсақалдардың айы оңынан туар еді, берірек айтсақ, кейінгі 3-4 жылда осы мәселе ауылшаруашылығы маманы Ниқанбай Омарханов ағамыздың күн тәртібінен бір де түскен емес.
Иә, көп мәселе қамтылды, оның бәрі талқыға түсіп жатыр. Біздікі де сол, ел қатарлы пікір айтып қалу. Зейнетақы өссе, күнделікті жиі қолданылатын тауарлар арзандаса, зейнеткерлер үшін дәрі-дәрмек қолжетімді болса, ауылдық жерлерден шағын ұқсатушы цехтар ашылса, қойдың жүні мен терісін іске асыратын кәсіпорындар бой көтерсе, ауыл мектебін өркендетудің жолдары қарастырылса, келешегі жоқ ауыл деген себеппен ауылдарды таратудың алды алынса, ауылдардағы интернет жүйесінің жұмысы жақсартылса, ауылдың жарығы, жолы, суына көңіл бөлінсе деген айта-айта сартап болған мәселелеріміз тағы бар.
Жолдауда айтылған мәселелер ел тыныштығын, ел бірлігін сақтаудан туындап жатқандықтан, қастерлі отанымыз Қазақстан гүлдене берсін, өркендей берсін, қарыштап дами берсін, халқымыз аман болсын!
Аңғар СМАҒҰЛ,
Журналистер одағының мүшесі