Көмірлі өлкеге келетін туристер саны жыл санап өсіп келеді. Мәселен, былтыр облыста демалған туристер 20,8 пайыз артып, 370 мыңнан асты. Көрсеткіш бұдан да ұлғая беретіні анық. Сондықтан аймақта туристік нысандарды дамыту мәселесі күн тәртібінде тұр.
Бұл бағытта инвестиция тартуға ерекше ден қойылып отыр. Бүгінде өңірде 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Сала дамуына бағытталған жол картасы әзірленді. Картада туристік инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілді.әсіресе Балқаш пен Қарқаралы өңірлерін дамытуға назар аударылады. Мұны өз сөзінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев та айтты.
– Өңірдің негізгі туристік орталықтары ретінде Балқаш пен Қарқаралы курорттық аймақтары айқындалды. Мониторингтік топтар барлық 148 демалыс аймағы мен 26 жағажайды тексеріп, бағалау жасады. Соған сәйкес, туристік орындарды, жағажайларды, медициналық пункттер мен санитарлық-гигиеналық тораптарды абаттандыру жұмыстары күшейтілді. Полиция қызметкерлерінің тәулік бойғы кезекшілігі ұйымдастырылып, 70 кәсіби құтқарушы даярланды. Арнайы туризмді дамыту жөніндегі жол картасы түзілді. Сондай-ақ облыстық туризм басқармасы, Балқаш қаласында туризм және спорт бөлімі құрылды, – деді аймақ басшысы.
Балқашта ауқымды құрылыс жұмыстары басталмақ. Қазіргі уақытта аумағы 14 гектар болатын Balkhash туристік бағытының индустриялық аймағында екі жыл ішінде екі қонақүй салу жоспарланып отыр.
Бүгінде Торанғалық туристік ауылына дейін магистральды су құбырын тарту және Балқаш жағалауын абаттандыру жұмыстары жалғасып жатыр. Бертіс шығанағы аумағында инженерлік желілерді дамыту жұмыстары жүргізілуде
Бұдан бөлек, Балқаш әуежайын кешенді қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазір қажетті жабдықтар сатып алынып, Астана және Алматы қалаларымен әуе қатынасын ашу жоспары бар.
Ал Қарқаралы ауданында инфрақұрылым құрылысы басталды. Нақты айтқанда, «Бұғылы» рекреациялық аймағында бизнес нысандарын орналастыру үшін инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылуда. ұрылысы басталды.
Тағы бір маңызды мәселе – жол бойындағы сервис. Қазір облыста 104 жол бойындағы сервис нысаны жұмыс істейді. Биыл сегіз жанармай құю станциясын және бес санитарлық-гигиеналық торап салу көзделген. Сондай-ақ жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту үшін алты жер телімі берілді.
Туризм саласындағы жұмыстар жалғаса бермек. Мәселен, биыл екі капсулалық-модульдік құтқару станциясын орнату жоспарланған. Және Балқаш қаласындағы құтқару станциясын жөндеу, 43 су қорғау белгісін орналастыру, төрт айлақты жабдықтау жоспары түзілген.
Манас АҚСАРЫ
