Жамбыл атамыздың туғанына биыл – 180 жыл. Жамбыл бабамыздың жарқын жырлары жыл өткен сайын тәрбиелік маңызы артып келе жатқанын уақыт өзі дәлелдеп бергендей. Кезінде Сәкен Сейфуллин – «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің азаматтық борышымыз» деген еді. Жамбыл – жырдың толассыз бұлағы, өшес өнегесі, тозбайтын асылы. Ол жасампаз ұрпақпен сырласындай, қимасындай мәңгі бірге жасай береді. Шыныменде Жамбыл бабамыздың жырларымен талай ұрпақ тәрбиеленді.
Жамбыл – қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлділі, жырау, жыршы. Туған жері Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының етегі. Топырақ бұйырған жері – Алматы облысының Ұзынағаш елді мекені.
Біздің облыстық бейнелеу өнері музейінде Жамбыл Жабаевқа арналған бірнеше графикалық туынды бар. Соның ішінде суретші Татьяна Николаевна Говорованың «Ленинградқтың өренім» деп аталатын графикалық туындысына тоқталар болсақ туынды қағазда, линогравюра техникасында, 1967 жылы орындалған.
Ленинградтық өренім!
Мақтанышым сен едің!
Нева өзенін сүйкімді!
Бұлағымдай көремін.
Көпіріне қарасам,
Көмкерген су көлемін,
Өркеш-өркеш жарасқан
Шоқылардай дер едім, – деп жырлаған болатын Жамбыл атамыз.
1941-1945 жылдары халқымыз үшін бұл күндер – зұлмат күндер болды. Ленинград қаласы 900 күн бойы блокадада жау құрсауында болған кезде жауынгерлерге рух беру мақсатында осы «Ленинградтық өренім» өлеңі шыққан еді. Мұнда суретші екі ақ түсті пайдалана отырып қаншама мағына бере білген Жамбыл атамыз қолында домбырасы бар, бейбіт замандағы қазақтың ауыл көрінісі, киіз үйі, мұржадан жанып жатқан оттың түтіні шығып жатыр, бұл тіршіліктің нышаны, киіз үй қасында ат байлаулы тұр, орман, тау-тас, ағаштар, ұшқан құстар тамаша табиғат көрінісі адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділік керемет суреттелген. Ақынның қолданысындағы «Ленинградтық өренім» тіркесі – алыстағы құрсауда қалған қара халқын өз туған бауырындай сезінген ұлы бабаның ғана аузынан шығатын ыстық сөз. Бұл жұртқа жігер сыйлаған өлең.
Суретші Говорова Татьяна Ресейде туған, бірақ еңбек жолы Алматы қаласында өткен. Өте талантты кәсіби суретші болған, бірнеше балаларға арналған кітаптардың иллюстрациясын жасаған. Графикалық туындыларына қарап суретшінің шеберлігін, ойының ұшқырлығын көруге болады.
Келесі туынды Айтуаров Дәулеттің «Жау құрсауындағы Ленинград» қағазда, линогравюра техникасында орындалған, графикалық жұмысы. Айтуаров Дәулет 1956 жылы туған, 1987 жылы Лининградтағы И.Репин атындағы кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын бітірген. Графика және қолданбалы өнермен шұғылданады. ҚР Суретшілер Одағының мүшесі. Мұнда суретші күңіренген, көңілсіз табиғат, қалаға төнген қауіп, қыс мезгілі, тыныштық орнаған, осы үнсіз, тыныштықтың өзі бір қауіптің таяу екендігін сездіріп тұрғандай. Түнерген қала бейнесі.
Отанға, халыққа деген сүйіспеншілік, ынтымақ, бірлік – Жамбыл Жабаев шығармаларының негізгі арқауы. Жамбыл Жабаев Отан қорғау тақырыбын жырлағанда есімі елге танымал халық батырларының бейнелерін көз алдымызға қайта елестетіп, кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде ұсынады. Сол себепті де біздің музейде Жамбыл атамыздың 180 жылдығына орай «Жыр алыбы – Жамбыл Жабаев» тақырыбында музей сабағы ұйымдастырылуда. Осындай жалынды жырларды мәнерлеп оқытып, оны талдау арқылы біз оқушылардың бойына Отанға, елге, туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, әрі тарихты білуге деген құштарлыққа жетелейміз. Біздің тарихымызда қасіретті сәттер мен қайғылы оқиғалар, сұрапыл соғыстар мен қақтығыстар, әлеуметтік тұрғыдан қауіпті сынақтар мен саяси қуғын-сүргіндер аз болмады. Мұны ұмытуға хақымыз жоқ. Тарихты білу – ұрпақ парызы. Тарихты білу – өз ата-бабаңды, еліңді құрметтеу. Тарихи зерделеу арқылы тарихи сана, мәдениет, дәстүр, ұрпақтар сабақтастығы қалыптасатынын біз ешқашан естен шығармауымыз керек.
Мейрамгүл ЕЛУБАЕВА,
Мәдениет саласының үздігі,
Қарағанды облыстық
бейнелеу өнері музейі
басшысының орынбасары
