Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 6505 әскери бөлімінде салтанатты маңызды оқиға өтті. Әскери бөлімде шамамен 400 сарбаз Отан алдындағы қасиетті борышын орындауға ресми түрде кірісіп, ант қабылдады. Іс-шараға сарбаздардың ата-аналары, жақын туыстары, әскери бөлімнің командирлері мен жеке құрамы қатысты.
Ант қабылдау – әрбір әскериге ерекше жауапкершілік жүктейтін маңызды кезең. Рәсім барысында жауынгерлер Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге, әскери антқа берік болуға, әскери тәртіп пен заңдылықты қатаң сақтауға уәде берді. 6505 әскери бөлімінің командирі полковник Манат Қасымбекұлы жас сарбаздарды құттықтап, ант қабылдаудың маңызын атап өтіп, олардың қызметіне табыс тіледі.
Салтанатты рәсімнен кейін полковник Манат Қасымбекұлы ата-аналармен әңгімелесу жүргізіп, олардың сұрақтарына жауап берді және сарбаздардың қызметі туралы түсінік берді. Бұл жолы ата-аналар әскери бөлім аумағын араламады, алайда командирмен ашық әңгіме оларды қуантты. Көптеген ата-аналар өз балаларының әскери тәртіпке үйреніп, жауапкершілікке бейімделіп жатқанына ризашылықтарын білдірді.
Осылайша, 400-ге жуық жас сарбаз әскери өмірге ресми түрде қадам басып, ел қауіпсіздігі жолындағы адал қызметіне ант етті. Ант қабылдау – олардың қазақстандық жауынгер ретінде жауапты қызметінің бастамасы ғана, алда абыройлы міндеттер мен сындарлы тапсырмалар күтіп тұр.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
