6505 әскери бөліміне Қазақстанның түкпір-түкпірінен жас сарбаздар келіп жетті

Қарағанды қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Орталық» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөліміне Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге жас толықтырылым келіп жетті. Қазақстанның 14 облысы мен республикалық маңызы бар қалаларынан жиналған 310-ға жуық жас сарбаз салтанатты түрде қабылданды.

Әскери бөлім аумағында жас жауынгерлерді қарсы алу іс-шарасы ұйымдастырылып, болашақ ұландықтарға бөлімнің тарихы, жауынгерлік жолы мен әскери қызметтің тәртібі түсіндірілді. Командирлер мен сержанттар құрамы сарбаздарға моральдық-психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіп, әскери қызметтің алғашқы күндерінен бастап темірдей тәртіп пен бірлікке баулуға кірісті.

Алғашқы күндері жас жауынгерлерге әскери жарғы ережелері, қару-жарақпен танысу, саптық даярлық пен әскери өмір салтына бейімделу бойынша сабақтар өткізіледі. Сонымен қатар, медициналық тексерістен өтіп, қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Жас сарбаздардың келуі — әскери бөлімнің өміріне тың серпін беріп, оның жауынгерлік қуатын арттыра түспек. Енді олар алдағы екі ай ішінде жауынгерлік дайындықтан өтіп, салтанатты түрде Әскери ант қабылдайды.

Отан алдындағы борышты өтеу — әр азаматтың парызы. Жас сарбаздарға әскери қызметте табыс, төзімділік пен патриоттық рух тілейміз!

ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *