Ұлттық ұланның 6505 әскери бөлімінде қызмет ететін қатардағы жауынгер Ержан Қонұров қазақ күресі бойынша шеберлер арасыда өткен Қазақстан чемпионатында жеңімпаз атанды.
Дода Жетісу облысының орталығы – Талдықорған қаласында ұйымдастырылып, еліміздің түкпір-түкпірінен келген мықты спортшылар бас қосты. Жарыс аса тартысты өтті. Әсіресе, 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен балуандар арасында жоғары деңгейдегі шеберлік пен төзімділік байқалды.
Осы бәсекеде қарсыластарының бәрін айқын басымдықпен жеңген қатардағы жауынгер Ержан Қонұров шеберлігі мен қайсарлығының арқасында Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл – оның жеке спорттық жетістігі ғана емес, сонымен қатар Ұлттық ұланның мәртебесін арттырған зор жеңіс.
6505 әскери бөлімінің басшылығы мен жауынгер жолдастары чемпионды шын жүректен құттықтап, оның жеңісін әскери ұжымның ортақ қуанышы деп бағалады.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі