Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ ШАЛҚАР – 1986 жылы 10 қаңтарда Қарақалпақстан автономиялық республикасы, Беруний ауданы, Алғабас өлкесінде дүниеге келген. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университеті, филилогия факультетінің түлегі. Ақын, журналист. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Өлеңдері бірнеше ұжымдық жинаққа енді. Республикалық баспасөз беттерінде тұрақты жарияланып келеді.
Халық қаһарманы Жұмабек Тәшенов атындағы «Жылдың үздік ақыны» сыйлығының (2015 жыл) һәм «Жалау Мыңбаев» атындағы сыйлықтың (2021) лауреаты. «Қазақ Республикасына 100 жыл» мерекелік медалінің иегері. Республикалық Қасым Аманжолов, Тұманбай Молдағалиев, Ақселеу Сейдімбек жыр мүшәйраларының жүлдегері.
Шығыс шайырларының өлеңдерін қазақ тіліне тәржімалап жүр. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қазір Қарағанды облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінде аға тілші қызметінде.
КӨСЕУ
Қараша ауыл…
Қара ошақта зорыға,
Анам жүрді қос білегін түрініп.
Сексеуілдің қыжынаған шоғына
Отырушы ем жылынып.
Армандасаң, дәл осында арманда,
Сарын қосып алабұртқан сарынға.
Анам отты көсеп-көсеп қалғанда,
Жарықтық шоқ ұласатын жалынға.
Жұмбақтанып таңғажайып атырап…
Көп білуге құмар едім Тегімнен.
Қара көсеу құдіретін бақылап,
Таң қалатын едім мен.
Содан бері өтті талай мұнар жыл,
Көсеу сыры кетпей қойды санамнан.
Өмір мені сан қиянда сынап жүр,
Бәрі – арман.
Кеңдік маған қанмен келген сый екен,
Адамдығым анам сүтін өтеуде.
Бір ұққаным, ауыл жетпей жүр екен
Шоқ кеудемді көсеуге…
АҚ
Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өмір жайлы жазғым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің.
Ақ қағазға қайта-қайта қараймын,
Аппақ бәрі маңайдың.
Тағдыр жайлы жазғым келді бірер сөз,
Ол да сен боп күлімдедің, арайлым.
Ақ қағазға қайта-қайта үңілем,
Аппақ екен шынымен.
Өлім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Өзіңді ойлап, ол ойымнан түңілем.
Ақ қағазға қайта-қайта сүйсінем,
Ақ әлемнен көзіме кеп күй түнер.
Сезім жайлы жазғым келді бірер сөз,
Жаралы үнге тағы жұпар иісің – ем.
Ақ қағазға қайта-қайта телмірдім,
Жанымды аққа сендірдім.
Өзім жайлы айтқым келді бірер сөз,
Қаламымның ұшында ылғи сен жүрдің…
АЙ ҚЫЗ
Қасы қара қарындас ақ күртелі,
Кірпіктерің өңінен бақ бүркеді.
Еш кірбіңсіз келбетің күйге бөлеп,
Қараңғыдан адаспай таптым сені…
Жасқаншақтау жүзіңнен мөлдіреген,
Қауыз жара қоймаған гүлді көрем.
Күннің нұры сіңбеген сағағына,
Қылдай нәзік тағдыр-ай үлбіреген.
Көп ішінде ерексің, аппақсың сен.
Ақ боп қалу қашан да жақсы ат білсең.
Қарғам, тәтті қылығың ең ұлы жыр,
Сол табиғи қалпынды сақтап жүрсең…
Жаттап жүрсең жырымды өзің жайлы,
Мөлдірлігі етер-ді көзіңді әйгі.
Бір-ақ сәттік толғаныс, ғұмыры ұзақ,
Тазалығы мәңгілік бұзылмайды.
Жанарына аспанның жас қамалды,
Жел де әнекей, бір әнін бастап алды.
Көрініп жүр осылай ай секілді,
Онсыз өмір қараңғы, тас қараңғы…
***
Тағы да үндемедің,
Дегің келіп тұрса да бірдеңені.
Əлде мұның «сырымды кеудемдегі,
Айтқызбай біл» дегенің.
Қалай жүрсің, түк демей күнім көптен,
Кездер ұмыт болды ма бұрынғы өткен?
Күндер – күнге осылай жалғаса ма,
Бар-жоғым білінбестен?
Бар мен жоқтың арасы… бүріседі ішім,
Балы – өтірік, жазмыштың түршегі – шын.
Жоқ болып-ақ кетер ем ойланбастан,
Бармын мəңгі,
Мен бармын,
Бір сен үшін!
МӨЛТ ЕТКЕНДЕ…
Өңменімді бір өксік өрт еткенде,
Көздеріңмен барасың өртеп сен де.
Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,
Бір шуақ мөлт еткенде.
Бір шуақ мөлт еткенде,
Шара бар ма, ноқтасыз тентектерге?
Мендік сезім жайлы ойлап үлгердің бе,
Жүрегің селт еткенде?
Жүрегің селт еткенде,
Сеніп қалма, секемшіл ертектерге.
Сезім деген өмірді сезіну ғой,
От кеудеңді әлдене теңселткенде.
От кеудеңді әлдене теңселткенде,
Қылықтарың көзіңді ерке еткенде,
Әуірімен жанымды өртеп-өртеп,
Мендік өлең ғұмырды келте еткенде.
Мендік өлең ғұмырды келте еткенде,
Кешігер ма-ек, өмірге келсек те ерте?
Өзің жайлы бір ауыз өлең жаздым,
Мөлт еткенде,
Бір сезім мөлт еткенде…
САҒАН ДЕГЕН…
Саған деген сезімім баяғыдай,
«Сен!» – деп жаным жапырақ жаяды ұдай.
Ұсақ-түйек сәттерге селк етпейтін,
Менің ессіз, ғұмырлы баяным-ай.
Ессіз менің көңілім сезім кешкен,
Сезім кешкен, солмаған төзім дестем.
Солқ етеді жүрегім, селт етпесең,
Шығара алмай алқынып, өзіңді естен.
Қиялымда құлпыра көзің көшкен.
Сәл-пәл күдік шырмаса, жанымды арбап,
Қара түнге айналып таңым қалмақ.
Ақ парақта ойнайды қара сия,
«Үміт» дейтін жағаның талын қармап.
Үміт үдеп, қалады көлім жүдеп,
Астан-кестен сезімім – керім жібек.
Өн-бойыма бір сабыр шақырады,
Сан сынақтан ап шыққан сенім тірек.
Осылайша, жанымды сірі етемін,
Жұлдыз жайнап, жияды түн етегін.
Жанарыңнан жарқ еткен салқындықтан,
Мен кеудемнің аңғарам тірі екенін.
Тірі екенмін, сезімнің баянын-ай,
Қинай берме, жанымды ая, Құдай!
Саған деген селкеу жоқ, сезімімде,
Саған деген көңілім – баяғыдай,
Саған деген сенімім – баяғыдай!!!
ӘЙЕЛ ЖЫРЫ
Қырық сиқыры енгізіп сабырға жан,
Ер біткеннің төзімін сан ұрлаған.
Түзу жолға сүйрейді азаматын,
Жаралып ап қисайған қабырғадан.
Бәрін тербер толғантар сірә, бұл күй,
Жүректердің төріне тұнатын сый.
Әйел – анаң, әпке, жар, қарындасың,
Бас әріппен жазғың кеп тұрады ылғи.
Болмысыңның қалмаса оңы кеміп,
Ер жетесің әп-сәтте жонып желік.
Қанбай өссең ананың мейіріне,
Жеңгелерден іздейсің соны келіп.
Сұлу сүйсең жаныңды тырнап тұрып,
Танытпайсың тегінде кіл қаттылық.
Тек, Құдайдан тілейсің жатсаң-тұрсаң,
Көрсетпесе екен деп бір жат қылық.
Құдай берген аямай сезім оған,
Бас тарта алмас ер түгіл езің одан.
Азаматы болмаса арманындай,
Бара-бара айналар өзі соған.
Жамай алсаң өмірдің бір кетігін,
Әйел сенен аямас үр кекілін.
Түсіне алмай келемін, жігіттердің
Хас сұлудан неліктен үркетінін…
Әйел жыры – таусылмас таңдайға құт,
Әйел деген – әлем ғой таңдай жақұт.
Міне, осыған сүйсініп ғұмыр кешер,
Ер-азамат боп туу қандай бақыт?!
***
Сен өзіңді «Сұлумын!» деп ойладың,
Мен өзімді «Серімін!» деп ойладым.
Сен де маған наздануды қоймадың,
Мен де саған керілуді қоймадым.
Көз астымен қарап қойып ұрлана,
Қасың қағып, күлімдедің нұрлана.
Арамызды бөліп тұрды осы сәт,
Гүлдей нәзік сыр ғана.
Көздеріңе көзім түссе өртендім,
Өн-бойымды жаулап алды көркем мұң.
Ал, сен сол сәт сілкіп тастап шашыңды,
Толқын-толқын сезімдерге көмкердің.
Ай жүзіңді желпіп тұрды жәй ырғақ,
Жымиғаның маған күнім дайын бақ.
Көңілімді аршып тұрдым сиқырдан,
Көзді қайта шарпысуға дайындап.
Сен сонда да қылығыңды тыймадың,
Ал, мен мынау дүнияға сыймадым.
Сүйкіміңе арбалсам да мың жерден,
Зымыраған уақытты қимадым…
Қалқам мені неге мұнша қинадың?..
СҰЛУЛЫҚ
Аппақ көйлек киіп келдің тойға сен,
Ал мен болсам, батып кеттім ойға әсем.
Періштедей көрінбесең сол кеште,
Пенде күйін шертуімді қоймас ем.
Ханшайымдай әрлі-берлі жүрдің сен,
Бірде, бізге жақын келіп тұрдың сен.
Жер-дүние жап-жарық боп кететін,
Қасың қағып бір күлсең.
Көп жүректі жаулап алдың, мекендеп,
Сенсіз өмір елестеді бекер боп.
Ішімізден ойлап тұрдық бәріміз:
«Қай әлемнен ұшып келген екен?» деп.
Үстіңдегі ақ көйлегің – сұлулық,
Кербездене нақ сөйлеуің – сұлулық.
Мөлдіреген жанарыңмен нұр шашып,
Өмір мәнін ап келгенің – сұлулық!
Ойыңдағы тектілігің – сұлулық,
Бойыңдағы ептілігің – сұлулық.
Мына әлемді құтқаруға келгендей,
Жарасымды пәк қылығың – сұлулық!
Әтіріңнің иісі жаулап мақпалдай,
Естен танып жүрдік бір таң атқандай.
Бұл кешті де біздер үшін жарығым,
Дүбірлетіп жатқандай…
Келген елің болып мәңгі жұмбақтай,
Қарай бердік бойымызға дым батпай.
Періштедей ғайып болдың үлпілдеп,
Біздей ғашық пенделерге тіл қатпай.
Аппақ көйлек киіп келдің тойға сен,
Ал, мен болсам, батып кеттім ойға әсем.
Періштедей көрінбесең сол кеште,
Пенде күйін шертуімді қоймас ем…
***
Дүнияның келбетіне қан жүріп,
Таң бозарды, тіршілікке жан кіріп.
Терезеден қарап тұрам әлемге,
Өр дауысым қарлығып.
Сағатымның тықылы сол қалпында,
Тағатымның үкімі сол қалпында.
Әр күнімде өмір тұтас елестеп,
Әр сәтімді теңеп келем алтынға.
Ал, қош келдің, жаңа күнім, керегім,
Әуіріңде, жұпарыңда тереңім.
Менің маңғаз өмірімде із қалдыр,
Бір мүмкіндік беремін.
ҮМІТ
«Келер» деген үміті мақұлданбай,
Таңды мені күтумен атырғандай.
Шыға салып абдырап тұрып қалдым,
Аппақ қарды таптауға дәтім бармай.
Сиқырымен әрлейтін келер күнді,
Жарық қылар тұңғиық, төнер түнді.
Ғайыптан кеп қағазға тамып түскен,
Сиясы әлі кеппеген өлең сынды.
Ағаштар тұр «тән енді сіресер» деп,
Байғұстарды жылы үйде түнетер ме ед(і)…
Көрші қыз да шыға сап әзілдейді:
«Қол ұстасып серуендер күн екен» деп.
Жасырынған астыңа сірә, мына,
Айналмайды жер мәңгі тұрағыңа.
Теміржолды тепкілеп бара жатқан,
Пойыз үні келеді құлағыма.
Ару қыздар қар сызып етекпенен,
Асығуда адамдар бекетке ерен.
Аппақ қардай кіршіксіз жүректер-ай,
Барлығын да бір үміт жетектеген.
КӨКТЕМ
Үлбір жүзін кең етек аспан өпкен,
Бар сиқыры кәріге, жасқа жеткен.
Қарай берме сүзіліп бұлай қалқам,
Менің күтіп жүргенім басқа көктем.
Әділеттің дәмі бар балды күреп,
Әкеледі ол, күтумен талды жүрек.
Әр жыл сайын келмейтін, тым ерекше,
Бір ғасырда келетін жалғыз рет.
Жанарларын бар-жоққа қадағанға,
Өмір атты осынау аламанда.
Кез келгеннің көздері көрмейді оны,
Мейірімін төккенмен бар адамға.
Жақын келіп қалғанын түйсінемін,
Күй түлерін, жанымның үйтілерін.
Ол көктеммен қауышқан жүректер бар,
Сыртымыздан сеземін сүйсінерін.
Күте-күте болсам да әр күн әлек,
Жұқтырғам жоқ еш кірбің нарқыма тек.
Іздемеймін, ол іздеп келеді өзі,
Кішірейер жайым жоқ алдына кеп.
Жалықпаймын күтуден жетсе демім,
Тізем талып, тозса да өкшелерім.
Менің тірі жүргенім шын болса егер,
Ол келеді, келеді ол, бек сенемін!
***
Аппақ көктем!
Тал бойына жұпарын сақтап жеткен.
Жарылардай танауым күйде отырмын,
Аңқыған мақпал лептен.
Көксіз дағы құдірет, күш бар мұнда,
Ақ жүректер бұл жайлы тіс жардың ба?
Күміс көктем, ерек тым, содан болар
Оралмауы бек мүмкін құстардың да.
Тербей жеткен ойлар ғой өткен қыстан,
Көңіл қары наурызды өпкен тұста.
Марғау тірлік мәні жоқ, жалықтырды,
Нем бар менің әйтпесе, көк пен құста.
Сөге көрме, сезін тек тылсым нұрды.
Қабағында аспанның бір сыр тұрды.
Көктем деген жарығым – күлімдеу ғой,
Күлімдемей жүргенің күрсіндірді.
Солай күнім дел-салмын таң атқалы,
Бұл һәлімді кей көздер жаратпады.
Күй кеудемнің шанағын күмбірлетті,
Күнтізбенің жыртылған парақтары.
СӘУІРГҮЛ
Қалбалақтап қар жауған қара күзде,
Ашар ма екен қабағын дала бізге?
Бір білерім бұлттармен серттескенмін,
«Қатар жүзіп, мәреге барамыз!» – деп.
Тықылына сағаттың қарамай-ақ,
Босқа кеткен сәттерді барам аяп.
Не де болса, ақ қарға аяқ арттым,
Сызды кешіп өттім де жалаң аяқ…
Қысты сүйем, ақ қарын, ақ боранын,
Аппақ қарда шапқылап, шаттанамын.
Көктен түскен ол да бір аппақ аян,
Жеткізетін жаныңа бақ, сор әнін.
Аппақ қарға ұқсатам арманымды,
Ақ арманға арнаймын таңдарымды.
Қармен бірге ерісем мен де бір күн,
Қара жерге салмайын салмағымды.
Жазда жанның жайнауы тәуір міндет,
Күзде кімді іздеймін «сағындым» деп?
Қысты сүйем, қаңтарда, ақпанда да,
Көкірегімде тұрады сәуір гүлдеп…
КӨҢІЛШЕК…
Жаңбыр жауса терезеге ұмтылам,
Әлденені сезгім келіп, бұлқынам.
Жан-арымның бар қалауын ұға алмай,
Тамшыларға қарап тұрам сыртынан.
Әр нөсерде қинайтыны сол сезім,
Төпеп-төпеп өте шығар ол да өзі.
Сол көзімді аппақ ойға жетелеп,
Тарта түсер оң көзім…
Бұлай қанша апшымды әлі қ
уырмақ,
Жұмыр басты көрмейді екен қыңыр бақ.
Көктің нұры асығады жер жаққа,
Менің қымбат сәттерімдей зуылдап.
Көктен хабар күтем бе әлде сайланып,
Содан болар, қалам жіпсіз байланып.
Тазарып ап, кетсем бе екен өзім де,
Еш кірбіңсіз, бір тамшыға айналып.
Көзге де ілмей айналаның дақпыртын,
Жылашы бұлт, жыла, ашылсын пәк тұрқың.
Өзің барда сарқылмаймын мен мәңгі,
Ей, көңілшек, бәсекелес ақ бұлтым…