Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде бірден 96 отбасы қоныс тойын атап өтпекші. Олар үшін бес қабатты үй қалпына келтіріліп, жөнделді.
Көпқабатты үй кенттің орталығында, Ақбергенов көшесінде орналасқан. Ол «Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» бағдарламасы аясында қалпына келтірілді.
– Үй 90-шы жылдары салынған, бірақ ұзақ уақыт бойы қаңырап бос тұрды. Ол тексеріліп, қалпына келтіруге жарамды деп танылды. Біз бұл үйді өз балансымызға алып, қаражат бөлдік. Ал мердігер компания оны қалпына келтіріп, жөндеді. Осының арқасында біз әлеуметтік осал санаттағы 96 отбасын және бюджеттік қызметкерлерді тұрғын үймен қамтамасыз ете алдық, – деп атап өтті Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Абылай Аманжолов.
Жаңа қоныстанушылар арасында 12 жетім, 20 көпбалалы отбасы, 46 әлеуметтік осал санатқа жатқызылған отбасы, 17 бюджет қызметкері, сондай-ақ үйі апатты деп танылған отбасы бар.
Арайлым Бейсембекова балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Күйеуімен бірге үш бала тәрбиелеп отыр. Отбасы тұрғын үйге кезекте тұрғанына шамамен бес жыл болыпты.
– Бізде ешқашан өз баспанамыз болған емес. Осыған дейін біз туыстарымызбен бірге тұрдық. Онда бізден бөлек енем, күйеуімің інісі мен әпкесі тұрады. Біз әрқашан өз пәтеріміз болса екен деп армандайтынбыз. Міне, бүгін арманымыз орындалды. Бізге екі бөлмелі пәтер бөлінді. Біз үйімізді көрдік, өте жақсы аудан, жақын маңда балабақша да, мектеп те бар. Барлық дағдай жасалған, орталық жылыту жүйесіне де қосылған. Жақында көшеміз, – дейді Арайлым.
Евгения Фролова жұбайымен бірге бес бала тәрбиелеп отыр. Жеті адамнан тұратын отбасы көп жылдар бойы бір бөлмелі пәтерді паналап келген. Қалпына келтірілген үйде оларға үш бөлмелі пәтер берілді.
– Біз биыл баспана аламыз деп күткен жоқпыз. Өте қуаныштымыз, бұл біз үшін керемет қуаныш, нағыз мереке. Бізге кілтті берген кезде де толық сене алмадық. Тек ішке кіріп, бәрін өз көзімен көріп, көз жеткізгенде ғана шынымен де алғанымызға сеніп, қуандық. Бізге пәтер ұнады. Сантехникасы жақсы, су жылытқышы да бар. Тіпті қазір келіп, заттарды тасымалдауға және қоныстануға дайын тұр, – дейді Евгения.
Шашубай кентінде тұрғын үйге кезекте бар-жоғы 89 адам тұр. Алдағы жылдары ауылда тағы үш қараусыз қалған бес қабатты үй қалпына келтіріледі.