Header Banner

e-SEN ақпараттық жүйесі және оның бизнеске арналған мүмкіндіктері

Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік қызметтерді цифрландыру және халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл үдеріс халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету саласын да айналып өткен жоқ. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау жүйесіне заманауи ақпараттық технологияларды енгізу – мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін арттырып қана қоймай, кәсіпкерлер үшін де жаңа мүмкіндіктерге жол ашуда.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – e-SEN (e-sen.kz) «Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау» ақпараттық жүйесі. Аталған жүйе 2025 жылдан Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің бастамасымен енгізіліп, санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау саласындағы негізгі үдерістерді цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. Жүйенің басты мақсаты – санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы мәліметтерді бірыңғай ақпараттық кеңістікке біріктіру, бақылау және қадағалау жұмыстарын автоматтандыру, қажетті ақпаратқа жедел қол жеткізуді қамтамасыз ету және мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілері арасындағы өзара іс-қимылды жеңілдету.
Негізінен, e-SEN жүйесі – кәсіпкерлер үшін тиімді цифрлық құрал. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік нысандардың санитариялық талаптарды сақтауына ерекше мән беріледі. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындары, сауда объектілері, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары, өндірістік кәсіпорындар үшін санитариялық нормалардың орындалуы — қызмет сапасы мен халық денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі талаптардың бірі.
Осы орайда e-SEN ақпараттық жүйесі кәсіпкерлерге бірқатар қолайлы мүмкіндіктер ұсынады.
Біріншіден, жүйеде кәсіпкерлерге арналған жеке кабинет қарастырылған. Оның көмегімен өз нысанына қатысты мәліметтерді көруге, қажетті ақпаратпен танысуға және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарымен электрондық форматта өзара байланыс орнатуға болады.
Екіншіден, нысанның рұқсат беру құжаттары, қызметкерлер құрамы, медициналық қарап-тексерулер, өндірістік бақылау және әкімшілік айыппұлдар туралы мәліметтер жүйеленеді. Бұл кәсіпкерге өз объектісінің санитариялық жағдайын тұрақты бақылауға, қажетті құжаттардың өзектілігін қадағалауға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, өндірістік бақылау бойынша есептерді электрондық форматта ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Бұл қағаз құжат айналымын азайтып, есептілікті уақытылы тапсыруға және ақпарат алмасу үдерісін жеңілдетуге ықпал етеді. Сонымен қатар жүйеде медициналық қарап-тексерулер мен зертханалық зерттеулер туралы ақпаратқа қол жеткізу, профилактикалық іс-шараларды автоматтандыру, есептер мен ұсынымдарды қалыптастыру мүмкіндіктері бар.
Цифрландырудың басты артықшылығы — ашықтық пен жеделдік болып табылады. Ақпараттық жүйенің тағы бір маңызды ерекшелігі – санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес келмейтін өнімдер туралы мәліметтерді қамтитын тізілімнің болуы. Бұл кәсіпкерлерге өнімнің қауіпсіздігіне қатысты ақпаратпен танысуға, ал тұтынушылардың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін өнімдердің айналымына жол бермеуге көмектеседі.
Сондай-ақ жүйеде санитариялық-эпидемиологиялық бақылауға жататын объектілер мен субъектілердің тізілімі қалыптастырылады. Мәліметтердің бірыңғай электрондық базада жинақталуын бақылау жұмыстарын жүйелі жүргізуге, санитариялық тәуекелдерді бағалауға және тиісті шешімдерді жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Енді жүйені пайдалану тәртібіне келсек, кәсіпкерлер e-SEN ақпараттық жүйесіне интернет желісі арқылы https://e-sen.kz/ ресми сайтына кіріп, тіркелу және авторизациялау тәртібінен өте алады. Жүйеге кіру үшін бірнеше тәсіл қарастырылған, яғни ЖСН/БСН және құпиясөз арқылы, электрондық цифрлық қолтаңба көмегімен және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы QR-кодпен кіріп, қолдана алады.
Тіпті, пайдаланушыларға ыңғайлы болу үшін порталда жиі қойылатын сұрақтар, бейненұсқаулықтар және техникалық қолдау қызметі ұсынылған. Жүйені алғаш пайдаланатын кәсіпкерлерге алдын ала нұсқаулықтармен танысып, өз нысанына қатысты мәліметтердің дұрыстығын тексеру ұсынылады.
Цифрлық сауаттылық – бизнестің дамуына берілген мүмкіндік. Әрбір кәсіпкер үшін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау тек заң талаптарын орындау ғана емес, сонымен қатар тұтынушылардың денсаулығына деген жауапкершіліктің көрінісі болуы тиіс. Ал, цифрлық жүйелер осы жауапкершілікті тиімді жүзеге асыруға көмектеседі. e-SEN ақпараттық жүйесін пайдалану кәсіпкерлерге уақытты үнемдеуге, құжат айналымын оңтайландыруға, қажетті ақпаратты жедел алуға және санитариялық талаптардың орындалуын тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Осыған байланысты барлық кәсіпкерлік субъектілерін e-SEN ақпараттық жүйесінің мүмкіндіктерін белсенді пайдалануға, өз нысандары туралы мәліметтерді уақтылы жаңартып отыруға және өндірістік бақылау бойынша есептілікті электрондық форматта жүргізуге шақырамыз.
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды цифрландыру – бұл тек технологиялық жаңару емес, халық денсаулығын қорғау, мемлекеттік қызметтердің ашықтығын қамтамасыз ету және бизнестің жауапкершілігін арттыру жолындағы маңызды қадам. Цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану арқылы қауіпсіз орта қалыптастырып, сапалы кәсіпкерлік қызметтің дамуына үлес қоса аламыз.

Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИН,
Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының
санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы