Естеріңізде болса, биыл 11 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Бұхараға жасаған жұмыс сапары аясында Көкілташ медресесіне барып, қазақ ғұламалары оқыған бөлмелерді аралап көрген болатын. Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтайдағы тұжырымдамалық ойлары мен Жолдауларындағы руханиятқа қатысты сөздерін іс жүзінде бекітіп жүргені осындай сапарларынан аңдалады. Президенттердің назарына іліккен сол игі бастама бүгін заңды жалғасын тапты.
Бұқар жырау ауданынан шыққан арнайы делегация бабалар ізімен Бұхара-Шәрифке тарихи-танымдық сапармен барып қайтты. Бұл сапардың ең басты тарихи оқиғасы – атақты Көкілташ медресесіндегі екі құжыраның (бөлменің) қазақ зиялыларына арналған мұражай ретінде ресми ашылуы еді. Бірінші құжыра Мәшһүр Жүсіп Көпейұлына, ал екіншісі Бұқар жырау бастаған медресе түлектеріне арналып, тарихи жәдігерлермен толықтырылды.
Екі ел арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтуды көздеген игі бастамаға қоғам қайраткері, «Бұқар жырау Қалқаманұлының асыл мұрасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Руханият» қосымша білім беру орталығы бейнелеу өнері бөлімінің педагогі әрі «Он бір бағыттағы – он бір қадам» тарихи-танымдық жобасының авторы Амантай Ақышев ұйытқы болды. Мәдени жоба Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тарихи-ғылыми және рухани-мәдени ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам болды.
Сарыарқадан шыққан керуен алдымен киелі Ташкент шаһарына аялдап, делегация мүшелері Төле би баба кесенесіне тағзым етті. Одан кейін Қазақстанның Өзбекстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ералы Тоғжановтың қабылдауында болып, сапардың мән-маңызы төңірегінде келелі ой өрбітті. Дипломатиялық миссия басшысының ақ тілегін арқалаған сапаргерлер жолай Самарқандтағы Әмір Темірдің мәңгілік мекені – Гүр-Әмір кесенесіне ат басын бұрып, көне сәулет өнерінің жауһарларымен танысты.
Сапардың басты өзегі – Бұхара қаласындағы Азия халықаралық университетінде өткен қазақ және өзбек ғалымдарының халықаралық конференциясы. Алқалы жиынға Ақмола облысынан арнайы барған «Абылай ханның қара жолы» экспедициясының мүшелері, жетекшісі – Мұрат қажы, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев қатысты. Зерттеушілер Қаршыға Мұқыш, Ернар Кейкін, Жамбыл Артықбаев баяндама жасап, Бұхараның діни-ағартушылық орталық ретіндегі маңызын тарқатты. Сонымен қатар Өзбекстан мұрағаттарындағы тың деректерді ғылыми айналымға қосу қажеттігі айтылды. Жиын соңында Бұқар жырау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мейірлан Қали ұйымдастырушыларға алғыс хаттар табыстап, жыршы Қалиасқар Шыныбектегі жырау толғауларымен мәдени кездесудің мазмұнын аша түсті.
Тарихи Көкілташ медресесінің музейлік экспозициясынан қазақ зиялыларына арнайы бөлме ашу бастамасының авторы да – Амантай Ақышев. Бұл идея қазақ халқының Бұхара шаһарымен рухани байланысын жаңғыртуға, кезінде осы білім ордасында оқып, тәлім алған қазақ зиялыларының мұрасын ұлықтауға бағытталған. Айта кету керек, бұл бастама бұған дейін де Түркістан облысы Қарнақ ауылындағы тарихи Шаммат ишан медресесі музейінде жалғасын тапқан болатын. Аталған музейде де көрнекті тұлғалар Бұқар жырау Қалқаманұлы мен Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының құрметіне арнайы бөлмелер ашылған. Осылайша, тарихи орындарда зиялылар мұрасын насихаттауға бағытталған бұл бастама бірнеше өңір мен мемлекеттер арасындағы рухани байланысты жалғайтын жүйелі мәдени жобаға айналып келеді.
Медресе ауласында Бұқар жырау ауданының атынан үлкен ас беріліп, бабалар рухына Құран бағышталды. Ақжан Қалиасқарұлы қобызбен жырау толғауларын орындап, көпшіліктің көңілін тебірентті.
Рухани сапар аясында Жамбыл Артықбаев пен Амантай Ақышевтің авторлығымен жарық көрген «Бұқарада оқыған қазақ зиялылары» және «Бұқар жырау тағылымы» (өзбек және шағатай тілдеріне аударған – Хуршида Абдуллаева), сондай-ақ Айтбай Жұмағұловтың «Бұқар жырау» кітабы таныстырылып, оқырманға жол тартты.
Шара соңында екі ел арасындағы рухани сабақтастықты дамытуға үлес қосқан бір топ зиялы қауым өкілдеріне «Бұқар жырау асыл мұрасы» медальдары салтанатты түрде табыс етілді.
Сапар барысында Мүгүлсім Шибаева, Майгүл Асқарова, Сандуғаш Құсбекова секілді ел аналары өздерінің тағылымды әңгімелерімен бөлісті. Ал Бұқар жыраудың тікелей ұрпағы Қалкен Зейнединов пен шараны бастан-аяқ таспаға түсірген немересі Рауан Асылбекұлының делегация құрамында болуы керуеннің мазмұнын байыта түсті.
Ерзат ЕРМАҒАМБЕТ
