Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Болгария Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Георги Воденскимен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты дамыту және сауда-экономикалық байланыстарды нығайту әлеуетін талқылады.
Өңір басшысы Қарағанды облысының Болгариямен достық әрі әріптестік қарым-қатынасты нығайтуға, экономикалық, мәдени-гуманитарлық және іскерлік байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтті.
– Қарағанды облысы мен Болгария арасындағы экономикалық, өнеркәсіптік, энергетикалық, білім беру, мәдениет және туризм салаларындағы ынтымақтастық әлеуеті зор деп білеміз. Нақты ұсыныстарды қарастыруға, кәсіпорындар мен ұйымдар арасында тікелей байланыс орнатуға жәрдемдесуге, бірлескен инвестициялық және іскерлік жобаларды қолдауға дайынбыз. Бүгінгі кездесу серіктестік қарым-қатынасымызды одан әрі дамытуға берік негіз болады деп сенемін, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Кездесу барысында облыс әкімі өңірдің экономикалық әлеуетін таныстырып, инвестиция тарту мүмкіндіктері мен кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары туралы баяндады.
Қарағанды облысының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Өңірде тау-кен өндіру саласының, қара және түсті металлургияның, машина жасаудың, тамақ және жеңіл өнеркәсіптің, құрылыс индустриясы мен энергетиканың ірі кәсіпорындары жұмыс істейді.
Сондай-ақ инвесторлар үшін салықтық және кедендік жеңілдіктер қарастырылған, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері жеке атап өтілді.
Қазіргі уақытта Қарағанды облысында болгариялық инвесторлардың қатысуымен бір кәсіпорын жұмыс істейді.
Болгария елшісі өз кезегінде Қарағанды облысымен тамақ өнеркәсібі, білім беру, туризм және инновациялық технологиялар салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытудың әлеуетіне тоқталды.
– Болгария азық-түлік өнімдерін өңдеу саласында заманауи технологиялар мен тәжірибесін ұсына алады. Сонымен қатар білім беру бағытындағы ынтымақтастықты дамытуға, студенттер алмасуын және бірлескен инновациялық жобаларды қолдауға дайын. Туризм саласында да әлеуетіміз зор. Бұл – теңіз және тау туризмінен бастап, мәдени-танымдық және медициналық туризмге дейінгі сан алуан бағыт. Байланыстарымыздың одан әрі нығаюы өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктеріне жол ашады деп үміттенемін, – деді Георги Воденски.
Кездесу қорытындысында тараптар іскерлік байланыстарды одан әрі дамытуға және өзара тиімді ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын іздестіруге мүдделі екенін білдірді.
