Биыл Қарқаралы ауданында бірнеше бағыттағы автожолды жөндеу жұмыстары қолға алынды. Қарқаралы – Қасым Аманжолов тасжолында екі жоба аясында жұмыс жүргізіліп жатыр. Оның 41 шақырымында орташа жөндеу көзделсе, тағы 3,2 шақырым жол күрделі жөндеуден өтеді. Ал Қарқаралы – Егіндібұлақ бағытындағы 90 шақырым жолдың 60 шақырымы, Тегісшілдік – Көктас жолының 20 шақырымының 7 шақырымы жаңартылды.
Жолдарды жөндеу, жаңа жұмыс орындарын ашу, ауылдардағы өмір сапасын жақсарту және туризмді дамыту мәселелері Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың Қарқаралы ауданының тұрғындарымен кездесуінде кеңінен талқыланды.
Өңір басшысы табиғи көрікті жерлері мен бай мәдени мұрасы бар Қарқаралы ауданы еліміздегі танымал туристік орталықтардың біріне айналуға әлеуеті зор екенін атап өтті.
Алайда бұл үшін туристерді тартумен қатар, оларға қолайлы жағдай жасайтын инфрақұрылымды да дамыту қажет.
Өңірдің туристік әлеуетіне назар аудартқан шаралардың бірі – «Байқымыз» гастрономиялық фестивалі. Биыл жазда алғаш рет ұйымдастырылған фестивальге 20 мыңнан астам адам жиналды. Енді бұл шараны жыл сайын өткізу туралы шешім қабылданды.
«Бұғылы» демалыс аймағын дамыту жұмыстары да жалғасып жатыр. Мұнда су құбыры мен кәріз желілері тартылып, электр желілері салынып, трансформаторлық жабдықтар орнатылуда. Инженерлік инфрақұрылымды салу жұмыстарының негізгі бөлігі аяқталған. Сонымен қатар аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, туризмнен түсетін табыс ірі демалыс орындарының ғана емес, жергілікті тұрғындардың да игілігіне айналуы керек.
– Туризмді дамыту тек мемлекет пен инвесторларға ғана емес, тұрғындардың өзіне де байланысты. Бұл бағытта міндетті түрде ірі кәсіп ашудың қажеті жоқ. Кейде шағын отбасылық бастаманың өзі жеткілікті. Біз туризм Қарқаралы ауданының қарапайым отбасыларына табыс әкеліп, жастарға туған жерінде жұмыс істеп, өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруға жол ашқанын қалаймыз. Біздің міндетіміз – кәсіпкерлікке қолайлы жағдай жасау, инфрақұрылымды дамыту және болашағы бар жобаларға қолдау көрсету, – деді облыс әкімі.
Ауданда коммуналдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. «Жарлы – Қарқаралы» су құбыры пайдалануға берілді. Айырық, Айнабұлақ және Татан ауылдарында жаңа су желілері тартылды. Ал Қарқаралы қаласында кәріз-тазарту құрылыстарының құрылысы аяқталуға жақын.
Өзгерістер ауданның басқа да елді мекендерін қамтып отыр. Қарағайлы кентінде мектеп жөнделіп, Мәдениет үйінің жылыту жүйесі жаңартылды. Сонымен қатар бес көшені жөндеу жұмыстары басталды. Жыл соңына дейін мұнда су құбырының құрылысын аяқтап, тазарту құрылыстарын пайдалануға беру жоспарланған.
Кездесуде медициналық көмектің қолжетімділігі де назардан тыс қалған жоқ. Ауданда тоғыз медициналық нысан ашылып, ауруханаға бес жедел жәрдем көлігі берілген. Шалғай ауылдардың тұрғындары үшін телемедицина қызметі енгізілді. Енді олар аудан немесе облыс орталығына бармай-ақ, онлайн форматта терапевтерден ғана емес, бейінді мамандардан да кеңес ала алады.
Ауданның алдағы даму жоспарлары туралы аудан әкімі Саят Мусин баяндады. Биыл мұнда ауыл шаруашылығы саласындағы екі инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделген. Нәтижесінде 25 жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылға тағы алты жоба жоспарланған. Олар 52 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Жобалардың қатарында сүт фермасын, тері өңдеу цехын салу және ет бағытындағы мал шаруашылығын дамыту бар. Бұдан бөлек, тау-кен өндірісі саласында екі жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Кездесуде тұрғындар да өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салды. Атап айтқанда, Егіндібұлақ бағытындағы жөнделген жолдың сақталуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Тұрғындардың айтуынша, бұл жолмен ауыр жүк көліктері жиі қатынай бастаса, асфальт жабыны тез тозуы мүмкін. Кездесуде ауыр жүк көліктерінің қозғалысын айналма техникалық жолдар арқылы ұйымдастыруды көздейтін жоба әзірленіп жатқаны айтылды.
Сонымен қатар қарқаралылықтар электрмен жабдықтау, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін және басқа да спорттық әрі әлеуметтік нысандарды салу мәселелерін көтерді.
Кездесу қорытындысында облыс әкімі айтылған мәселелердің барлығын жан-жақты зерделеп, оларды шешу жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Бұдан кейін Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.
