Header Banner

Жол жөнделді

Осакаров – Есіл – Қаракөл – Молодежный бағытымен қатынайтын тұрғындар мен жүргізушілер енді діттеген жеріне бұрынғыдан да жайлы жете алады. Облыстық маңызы бар автожолдың ұзындығы 10 шақырымды құрайтын соңғы учаскесінде жөндеу жұмыстары аяқталды. Осылайша, жалпы ұзындығы 72 шақырым болатын жолдың өн бойы асфальт төсемімен қамтылды.

Бұған дейін жолдың 62-шақырымынан 72-шақырымына дейінгі аралықта асфальттың орнына қиыршық тас пен құм-қиыршық тас қоспасынан төселген жабын болған. Биыл бұл учаскеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Жол жөндеушілер бұл бөліктің негізі мен жол жиектерін нығайтып, шұңқырлар мен деформацияға ұшыраған тұстарын қалпына келтіріп, екі қабат асфальт төсемін төседі. Сонымен қатар су өткізуге арналған темірбетон құбырлар да ретке келтірілді.

Бұдан бөлек, жаңа жол белгілері орнатылып, жол таңбалары жаңадан сызылды.

Осылайша, аталған бағыттағы 72 шақырым жолдың барлығы асфальтталды. Бұл туралы Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы хабарлады.

Өмір БАЙБОСЫН