Адам өмірінде мамандық таңдаудың орны ерекше. Ал сол таңдаған кәсібіне адалдық танытып, жылдар бойы бір салада табанды еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен қажыр-қайратты талап етеді. Әсіресе, өндірістің қызу ортасында шыңдалып, металлургия саласының дамуына үлес қосу оңай шаруа емес. Осындай еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген жандардың бірі – Балқаш мыс зауытының аға металлургі Асхат Даданбаев.
Асхат 1987 жылы Ақтоғай ауданына қарасты Айыртас ауылында дүниеге келген. Кейін отбасы жағдайымен Балқаш қаласына қоныс аударып, осындағы №2 мектепте білім алды. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқан соң, болашақ мамандығын өндіріс саласымен байланыстыруды жөн көрді. Осылайша Балқаш гуманитарлық-техникалық колледжіне оқуға түсіп, металлург мамандығын меңгерді.
Теориялық білімін тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алған жас маман 2006 жылы Балқаш мыс зауытына жұмысқа орналасты. Содан бері оның еңбек жолы осы кәсіпорынмен тығыз байланысты. Алғашқы еңбек күндерінен бастап өндірістің қыр-сырын үйреніп, тәжірибелі мамандардан тәлім алды. Уақыт өте келе кәсіби біліктілігін арттырып, жауапты міндеттерді абыроймен атқара бастады.
Металлург мамандығы төзімділік пен тиянақтылықты, терең білім мен жоғары жауапкершілікті қажет етеді. Өйткені мыс балқыту өндірісінде әрбір технологиялық үдерістің өзіндік маңызы бар. Мұнда еңбек қауіпсіздігін сақтау, өндірістік тәртіпті ұстану және жұмысты дәлдікпен орындау басты талаптардың қатарында. Асхат осы талаптарды берік ұстанып, кәсіби шеберлігін шыңдай білді.
Бүгінде ол мыс балқыту цехында аға металлург болып қызмет етеді. Бұл – мол тәжірибе мен біліктілікті қажет ететін жауапты қызмет. Өндіріс барысында жинақтаған тәжірибесін күнделікті жұмысында тиімді пайдаланып, әріптестерімен бірге ортақ іске үлес қосып келеді.
Асхат Даданбаевтың еңбегі де елеусіз қалған жоқ. Ол бірнеше мәрте кәсіпорынның Құрмет тақтасынан көрініп, басшылық тарапынан түрлі марапаттарға ие болды. Мұның барлығы – жылдар бойы атқарған жұмысының, мамандығына деген адалдығының және кәсіби жауапкершілігінің нәтижесі, әрине.
Қазір Асхат өндіріс саласына енді қадам басқан жастарға білгенін үйретіп, шәкірт тәрбиелеп жүр. Жас мамандарға мамандықтың қыр-сырын түсіндіріп, тәжірибесімен бөліседі. Өйткені өндірістің ертеңі – бүгінгі жас мамандардың қолында. Ал солардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына үлес қосу – үлкен міндет.
Асхат – бес бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасының отағасы. Жұбайы Перизат екеуінің балаларының алды студент атанып, білім жолында ізденіп жүр. Ол өндірістегі жауапты қызметімен қатар, отбасына уақыт бөліп, бала тәрбиесіне көңіл бөлуге тырысады.
Бір кәсіпорында ұзақ жыл еңбек етіп, кәсіби жолын үздіксіз жалғастыру – үлкен тұрақтылықтың белгісі. Асхат Даданбаев үшін металлургия – жай ғана мамандық емес, өмірінің маңызды бөлігі. Ол таңдаған кәсібіне адалдық танытып, өндірістегі тәжірибесін кейінгі буынға үйретіп келеді.
Еңбекті бағалай білетін, өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын осындай азаматтар – кез келген кәсіпорынның тірегі. Асхаттың еңбек жолы да табандылық пен кәсіби адалдықтың, отбасы құндылықтарын қадірлеудің жарқын үлгісі деп айтсақ, артық емес.
Манас АҚСАРЫ
