Header Banner

Ғалымның аты ұлықталуда

Әл Машанидің қазақ ғылымына берген үлесі зор. 13  қараша күні Қазақстан ғылым академиясының негізін салушылардың бірі, әлемге әл-Фарабидің қазақ топырағында туып-өскенін дәлелдеуші Ақжан әл-Машанидің 120 жылдығына орай тау кен факультетінде студенттер арасында олимпиада өтті.

Сонымен қатар Алматы қаласында  Сәтбаев университетінде қазақстандық көрнекті ғалым, академик Ақжан Машановтың туғанына 120 жыл толуына орай «Тау-кен металлургия кешенін дамытудағы зияткерлік технологиялар мен цифрлық шешімдер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция да жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Конференцияға Қазақстан, АҚШ, Чехия, Сауд Арабиясы, Эквадор, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстан елдерінен келген ғалымдар, университеттер өкілдері мен кәсіби қауымдастық мүшелері қатысты.

Конференцияның салтанатты ашылу рәсімі академик Ақжан Машановтың бюстіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Шараға көрнекті  ғалымның шәкірті Маржан Нұрпейісова қатысты. Маржан Нұрпейісова академиктің ғылыми мұрасына арналған «Суть мирозданья разумом пронзив…» атты кітабын көпшілікке таныстырды.

Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев сөз сөйлеп, Ақжан Машановтың ғылыми көкжиегі өте кең екенін, ол әртүрлі білім салаларының өзара байланысын терең түсіне білген ғалым болғанын атап өтті.

«Қазақ геомеханика ғылыми мектебінің негізін қалаушы әрі Сәтбаев университетінің алғашқы түлектерінің бірі Ақжан Машанов өзінің еңбек жолында инженерлер мен зерттеушілердің бірнеше буынына білім беріп, тәрбиелеп шығарды. Ол қалыптастырған ғылыми дәстүрлер бүгінде жаңа технологиялардың, жасанды интеллект пен цифрлық модельдеу және спутниктік мониторингтің көмегімен одан әрі дамып келеді. Бұл құралдар жер қойнауын неғұрлым дәл зерттеуге, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға және өнеркәсіптің қоршаған ортаға тигізетін әсерін азайтуға мүмкіндік береді», – деді ректор.

Академик Ақжан Машановтың ғылыми мұрасына көрсетілген құрметтің белгісі ретінде «Маркшейдерлік іс және геодезия» кафедрасына ғалымның есімі берілді.

Конференция барысында шетелдік және қазақстандық мамандардың тау-кен өнеркәсібінде жасанды интеллект пен геокеңістіктік технологияларды қолдану мүмкіндіктеріне, жер бедері мен инфрақұрылымның цифрлық модельдерін дамытуға, қоршаған ортаны спутниктік мониторинг арқылы бақылауға, сондай-ақ жер қойнауының жай-күйі мен тау-кен нысандарының қауіпсіздігін бағалаудың заманауи әдістеріне арналған баяндамалары тыңдалды.

Ал 27 қарашада Астана қаласындағы Ұлттық архивте Ақжан әл-Машанидің шығыстану мен жаратылыстану тоғысындағы ілімі және заманауи  ғылыми-практикалык конференция өз жұмысын бастайды.

Ақжан Жақсыбекұлы 1906 жылдың 2 қарашасында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген.  «Тұлпар аунаған жерде түк қалады»  дегендей, Ақаң атышулы Машан бидің немересі.

Машан Жамантай төренің кеңесші биі, аузымен орақ орған шешен болған. Қазақ ұлттық техникалық университетінің түлегі, тау-кен инженері, қазақтың заңғар жазушысы Ілияс Есенберлин өзінің  «Қаһар»  атты романында Машан бидің атақты Ағыбай батырдың досы, Құнанбай, Құдайберді тәрізді адамдармен үзеңгілес, туыстық та қарым-қатынаста болғанын, қаз дауысты Қазыбек бидің досы болғандығын жазған. Құнанбай қажы мен Машан би жылына бір рет Қоянды жәрмеңкесінде бас қосып отырған екен. Осындай бір кездесуде атасымен бірге жәрмеңкеге барған бала Ақжан Шәкәріммен де кездескен. Ақаңның әкесі Жақсыбек Құранға жүйрік, сол кездердегі  «Айқап», «Дала уалаяты» атты газеттерді жаздырып оқитын адам болған. Ақаң алғаш әліппе тануды өз әкесінен, кейін кеңес мектебінен үйренген. 1924 жылы Қарқаралыдағы Әлімхан Ермеков негізін қалаған педагогикалық техникумға түсіп, Әлекеңнен, Ахаңнан (Ахмет Байтұрсынов) дәріс алған. Ақжан әл-Машани  ғұмырының 40 жылдан астам уақытын әл-Фараби мұрасын зерттеуге сарп етiп, бабаның ғылыми өмiрбаянын жасауда теңдесi жоқ мұра қалдырды. Ол қазақтың екi ұлы даналары әл-Фараби мен Абайдың арасындағы рухани байланысты аша отырып, «Әл-Фараби және Абай» зерттеуiн жасаған, абайтанудың ренессанстық соны зерттеуiн берген. Сондай-ақ, жер ғылымының жаңа саласы – геомеханиканың негiзiн салушы және елiмiзде оның мектебiн құрушы  ғалым. Елiмiзде жаңа кен орындарын ашуда да өзiндiк қолтаңбасын қалдырған.

Жалпы, әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақалалар, 10 монография, 5 оқулық және 8 ғылыми көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды. Қарағанды қаласына бір көшеге әл-Машани аты берілсе нұр үстіне нұр болар еді

Әсет Мұттахи ұлы Машан шөбересі